Денсаулық

Алқалы сөздің арқауы: қаржы, құрылыс және баға

Жақында облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің алқа мәжілісі өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, Денсаулық сақтау министрлігінің экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары Болат Төкежанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр, Ақтөбе облысы бойынша фармацевтикалық бақылау комитетінің бастығы Ринат Құбатаев және т.б. қатысты.

Алдымен облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабырдың баяндамасы тыңдалды. Ол денсаулық сақтау ұйымдарының 2008 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және 2009 жылы алға қойған міндеттер туралы сөз қозғады. Қайрат Қанатұлының айтуынша, былтыр аталған салада басым күш медициналық ұйымдарды техникалық модернизациялауға, денсаулық сақтау нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарына бағытталған. Сонымен қатар туберкулезге қарсы күрес шараларын жетілдіру, ана мен бала өлімін азайту, кардиохирургиялық қызметті дамыту мақсатында біраз жұмыс жасалған.

Өткен жылы денсаулық сақтау саласының қаржыландырылуы 2007 жылмен салыстырғанда 25,0 пайызға көбейіпті (14,2 млрд. теңге).

Ең басты міндеттердің бірі кепілденген тегін медициналық көмек көлемін қаржыландыруды арттыру болды. Бұл мақсатқа былтыр 9285,0 теңге қарастырылды.

Облыстық қан орталығын модернизациялау мен техникалық жасақтаудың нәтижесінде эпидемиологиялық қауіпсіз қан компоненттері мен препараттар өндірісі 2007 жылмен салыстырғанда 31,1 пайызға көбейді. Былтыр жергілікті бюджет есебінен облыста бірінші рет гемофилия ауруымен ауыратын науқастарды тегін емдеу мүмкіндігі туды. Осы мақсатта 56,0 млн. теңге бөлінді, — дейді Қайрат Сабыр.

Ол Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға, мүгедектерге айтарлықтай көмек көрсетілгендігін айтады. Аталған тұлғаларға барлық медициналық көмектер республикалық емханаларда да тегін көрсетіледі екен. Мысалы, өткен жылы 120-дан аса ардагерлер соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне арналған республикалық госпитальда сауықтырылған. Алматы мен Астана қалаларына емделуге барып-келген ардагерлердің жол шығындары жергілікті бюджет есебінен төленіпті. Айта кететін жайт, мамандандырылған «Ардагер» емханасында тегін тіс протездеу мәселесі шешілді. Сондай-ақ, былтыр ардагерлер үшін дәрі-дәрмектерге 40,0 млн. теңгеден аса қаржы бөлініпті.

Қаржы демекші, 2008 жылы бюджеттен тыс түсетін қаржы көлемі 481,2 млн. теңге болған. Бюджеттен тыс түскен қаржының басым бөлігін медициналық көмектен (стационарда емдеуден, профилактикалық тексеруден, дәрігерлік кеңес беруден) жинақталған табыс құрайды екен.

Қайрат Қанатұлының айтуынша, ақылы медициналық қызметтен түскен табыс көлемі Әйтеке би ауданында — 1,7, Шалқар ауданында — 2, Шалқар аудандық ауруханасында 2,6 есеге өсіпті. Бұл көрсеткіш облыстық балалар ауруханасында — 2,7, қан орталығында — 1,8, медициналық ақпараттық сараптамалық орталығында 2,4 есе көп. Ал Темір ауданы бойынша ақылы қызметтен түскен табыс туралы мәлімет жоқ.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының деректеріне сүйенсек, өткен жылы жергілікті бюджеттен 1 044,8 млн. теңгеге, республикалық бюджеттен 863,1 млн. теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алыныпты.

Былтыр облыста 22 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қолға алынды. Олардың ішінде екі көп салалы аурухана мен заман талабына сай салынып жатқан екі емхана құрылысын атап өтуге болады. Былтыр 15 денсаулық сақтау мекемесі бой көтерді. Мысалы, Үкіметтің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Ойылда аудандық орталық аурухана пайдалануға берілді. Сонымен қатар 44 медициналық мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті.

Жыл сайын медицина қызметкерлерінің жағдайы жақсарып келеді. Былтыр 20 қызметкер баспаналы болды. 11 жас маманға аудандардан үй берілді. Ал ипотекалық несиелеу бағдарламасы бойынша 98 медицина қызметкері Ақтөбе қаласынан пәтер алды. Мұның барлығы бір жылда болған істер.

Бюджеттен тыс қаржы есебінен 658 дәрігер және 1571 орта буын медицина қызметкері білімін жетілдірілді. Оның 11-і Израилде, 10-ы ТМД елдерінде дәріс алды.

Былтыр дәрігерлер 2671-ден 2807-ге, ал орта буын медицина қызметкерлері 4483-тен 4744-ке көбейіпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы мамандардың жалпы саны артқанмен, дәрігерлердің тапшы екендігін айтады.

Аудандардағы 20 дәрігерлік амбулаторияда дәрігер жетіспейді. Мысалы, неонатологтар (16), акушер-гинекологтар (16), көз дәрігерлері (5), кардиологтар (5) және басқа мамандар керек.

Қаладағы медицина ұйымдарындағы проблема — қалалық, облыстық, аудандық әскери комиссариаттың медкомиссиясын өткізетін мамандармен қамтамасыз ету. Дәрігерлер комиссариатқа ұзақ мерзімге іссапарға жіберіледі. Ал емханадағы негізгі жұмыс жайына қалады, — дейді басқарма бастығы.

Қ. Сабыр тілге тиек еткен тағы бір мәселе — дәрігерлер мен медбикелердің санатын көтеру. Ырғыз ауданындағы 31 дәрігердің біреуінде ғана санат бар екен.

Ырғыз ауданындағы дәрігерлерде санат мүлдем жоқ деуге болады. Шалқар аудандық емханасында 71 дәрігердің 11-інде, Мұғалжар аудандық ауруханасындағы 62 дәрігердің 11-інде санат бар. Ембі қалалық ауруханасында ешбір дәрігердің санаты жоқ, — дейді Қ.Қанатұлы.

Облыста туберкулезбен науқастану көрсеткіші біршама төмендеген. Бірақ қуануға әлі ерте. Себебі аурудың бұл түрі, әсіресе, жасөспірімдер арасында өршіп тұр. Хромтау, Шалқар, Қарғалы, Ойыл аудандарында жасөспірімдердің науқастануы облыстық көрсеткіштен жоғары.

Ауруды рентген-флюорографиялық әдіспен анықтау 2007 жылғы 4,0-ден 2,0-ге дейін төмендеген (тексерілген 1000 адамға шаққанда). Бұл қаралуға тиісті адамдардың қауіпті топтарға дұрыс бөлінбеуінен болған. Әрбір бас дәрігер келесі жылы кімді флюорографиядан өткізу керектігін жоспарлауы тиіс, — дейді Қ. Сабыр. Ол онкологиялық аурулардың да біршама өскендігін айтады. Әсіресе, сүт безі рагы, асқазан, өңеш рагымен ауыратындар көп. Қайрат Қанатұлы дәрігерлердің салғырттығы, сауатсыздығы салдарынан кейбір науқастардың ауруы асқынып кеткен жағдайлары болғандығын да жасырмады.

1940 жылы туған науқастан бұдан 6 жыл бұрын сүт безі ісігі бар екендігі анықталған. Бірақ дәрігердің біліксіздігінің кесірінен ауру асқынып кетіпті. «Сүт безі рагының 4-сатысы. Бауырға метастаз берген» деген диагноз былтыр шілденің 8-і күні қойылыпты.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, — дейді басқарма бастығы.

Қайрат Сабыр жедел жәрдем бекетіне негізсіз соғылатын қоңыраулардың көп екендігін тілге тиек етті. Қарттар, жалғыз басты адамдар, мүгедектер учаскелік дәрігердің тұрақты бақылауында болса да, айына жедел жәрдемді 4-5 рет, тіпті, 9 рет шақыртқан. Мысалы, Гоголь көшесі, №40 үйде тұратын 70 жастағы науқас қан қысымы көтерілуіне байланысты ай сайын 4-5 рет, жыл бойына 58 рет жедел жәрдем бекетіне қоңырау шалған.

Шақырулардың жиілеуінің басты себебі — науқас учаскелік дәрігердің берген дәрілерін қабылдаудан бас тартады. Екінші себеп — учаскелік дәрігерлердің науқасты дұрыс бақыламауына, дұрыс емдемеуіне байланысты. Мысалы, Иманов көшесінде тұратын 71 жастағы адам 6 айда 55 рет жедел жәрдем шақыртыпты. Жедел жәрдем дабылы түскеніне қарамастан, учаскелік дәрігер оның үйіне 2 рет қана барған. Тағы бір мысал, Некрасов көшесінде тұратын 80 жастағы науқас 1 жылда 26 рет жедел жәрдем шақыртқан. Учаскелік дәрігер бес рет барған, бірақ ешқандай ем тағайындамапты. Мұндай кемшілік қаладағы барлық емханаларға ортақ.

Мемлекеттік және жеке ұйымдардың арасында байланыс жоқ. Көптеген науқастар жеке мекемелерде тексеріледі. Ал анықталған патология туралы ақпарат тиісті емханаларға жіберілмейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы жеке медициналық мекемелердің жұмысында, әсіресе, «Әйгерім» емханасының қызмет көрсетуінде кемшіліктің көп екендігін айтты:

«Әйгерім» емханасының жарнамасы керемет. Содан да болар, науқастар сонда қаралғанды жақсы көреді. Әрине, аталған мекеме өздерін жарнамаласын-ақ. Біз оған қарсы емеспіз. Айтайын дегенім, «Әйгерімнің» қызмет көрсетуі жарнамасына сай емес. Диагностикалық қателерге мысал ретінде бір жағдайды айтайын. 67 жастағы науқас былтыр маусым айында дәрігерге жұтынғанда қатты ауырсынатынын айтқан. Сосын оған ФГДС жасалған. Бірақ патология анықталмаған. Желтоқсанның 27-сі күні әлгі адам аталған емханада тағы да тексеріліпті. Биопсия алынған. Биопсия алу әдісін дұрыс сақтамағандықтан атипик клеткалары анықталмаған. Диагноз қою үшін науқас Алматы қаласына барып, үшінші рет ФГДС өтуге мәжбүр болыпты (10 күннен кейін). Диагнозы: эпидерма карцинамасы. Дімкәс жанды әуреге салған мұндай емханаға қандай шара қолданған жөн? Лицензиясын алу керек пе? Мұндай жағдайда емханада жұмыс істейтін 50-60 адамның да, директордың да халі мүшкіл болады.

Бұдан кейін Қайрат Сабыр 2009 жылға қойылған міндеттерге тоқталды. Олардың арасында ана мен бала денсаулығын нығайту мақсатында перзентханалар мен балалар ауруханасының ресурстық базасын (материалдық-техникалық, кадрлар) жетілдіруді жалғастыру, 18 денсаулық сақтау нысанының құрылысын салу, 57 мекемені күрделі жөндеуден өткізу бар.

Қ. Қанатұлынан соң медициналық қызмет сапасын бақылау комитетінің төрағасы Р. Арыстан, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің директоры Қ. Әлжанова сөз сөйледі. Ақтөбе облысы бойынша фармацевтикалық бақылау басқармасының бастығы Р. Құбатаев тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және болашақта атқарылатын істер туралы сөз қозғады.

1038 нысанды бақылаймыз. Соның 460-ы — дәріханалар. Қалғаны — емдеу мекемелері. Былтыр шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жарияланған соң мекемелердің барлығының бірдей жұмысы тексерілген жоқ. Не бары196 тексеру жүргізілді. Соның 148-і — мемлекеттік мекемелер. Жыл сайын лицензиясыз жұмыс жасайтын нысандар азайып келеді. Былтыр заңсыз (лицензиясыз) жұмыс жасап жатқан екі мекеме анықталды. Бірін қаржы полициясына, екіншісін әскери прокуратураға бердік.

Тексеру барысында анықталған тағы бір жайт — рецептсіз дәрілер беру. Кейбір дәріханаларда дәрігердің рұқсатынсыз берілмеуі тиіс дәрілер сатылған.

Шілденің 1-інен бастап бірыңғай дистрибьютерлік жүйе енгізіледі. Бұл жүйе қолданысқа енгізілгенде еліміздегі барлық мемлекеттік ауруханалардағы дәрілердің бағасы бірдей болады, —деді фармацевтикалық бақылау басқармасының бастығы.

Ринат Құбатаевтан кейін облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова сөз алды.

— Жаңадан әкелінген шетелдік дәрілерге 10-12 пайыздан артық баға қойылмайды. Бұл жөнінде Меморандумға қол қойылды. Қазір біз дәрілердің бағасын күн сайын бақылап отырмыз. Егер дәріханалар бағаны негізсіз көтерсе, онда шара қолданамыз.

Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан қазір білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, т.б. салаларға бюджеттен бөлінген қаржы жылдағыдан аз емес. Өткен жылы біздің облыс үшін жақсы жыл болды. Көптеген нысандар пайдалануға берілді. Бір ғана медицина саласының өзінде біршама ғимараттар бой көтерді. Біраз дәрігерлер баспаналы болды. Әр кез жұмыстарыңыз жемісті болсын, — деді С. Нұрқатова.

Жиынды министрліктен келген өкіл Болат Төкежанов қорытындылады. Ол еліміздің өзге облыстарына қарағанда Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласының жетістіктері көп екендігін айтып, дәрігерлердің жұмысына табыс тіледі.

БІЗДІҢ ДЕРЕК

*** Облыста барлығы 552 медициналық мекеме бар: 57 аурухана, 495 амбулаторлық-емханалық ұйым.

*** Облыс тұрғындарын дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін 450-ден аса фармацевтік ұйым жұмыс істейді. Оның 95 пайыздан астамы — мемлекеттік емес ұйымдар.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button