Экономика

Кәсіпкер құқығы қорғала ма?

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысы өтті.  Отырысқа кеңес мүшесі ретінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, сондай-ақ  Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасы құқықтық қолдау департаментінің жетекшісі Олег Савеленко және құзырлы органдардың өкілдері қатысты.

Кеңес отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Соның бірі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының елімізде кәсіпкерлік бастамалардың  жүзеге асырылуына құқықтық, экономикалық, әлеуметтік жағдай туғызу және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан жұмыстары жөнінде сөз болды. Олег Савеленконың айтуынша, соңғы екі жылда Ұлттық кәсіпкерлік палатасы  кәсіпкерлердің құқығын қорғауға қатысты 12 420 арыз-шағым түскен. Оның 717-і Ақтөбе облысы бойынша түссе, соның 327-і оң шешімін тапқан.

Кәсіпкерлердің 2016-2017 жылдарға қорғалған мүліктік құқығының көлемі — 74,1 миллиард теңге. Атап өтсек, бұл мәселелердің 90 пайызы өңірлерге тән. Айталық, жер алу, құрылыс салу мәселелері жергілікті жерде шешілуі тиіс проблемалар. Біз бұл мәселелер туралы жергілікті атқарушы органдармен кездесу кезінде әрдайым айтып отырамыз. Бүгінгі таңда бизнес үшін коммерциялық мақсаттарға жер алу мәселесі өзекті болып отыр. Жер кодексінің талаптарына сәйкес, жергілікті атқару органдары интернет-ресурстарға бас жоспардың, толық жоспарлау жобасының және елді мекендердің инженерлік коммуникациялық сызбаларын орналастыруға міндетті, — деді О.Савеленко.

Кеңес отырысында Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданы кәсіпкерлерінің жер қатынастары саласындағы проблемалық  мәселелер, сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қорғаныш құрылыстарын қамтамасыз ету талаптарына байланысты кәсіпкерлік қызмет субъектілерінің мәселелерін шешуге қолдау көрсету туралы өтініштері талқыланды. Өңірлік палата өкілдерінің айтуынша, төтенше жағдайлар департаменті талаптарына сәйкес, бүгінгі күні кәсіпкерлер қорғаныш құрылыстарын қалпына келтіруі немесе жаңасын салуы және оларды қамтамасыз ету бойынша шығындарды төлеуі тиіс. Бұл үшін бизнес үлкен қаржы жұмсайды. Қазіргі экономикалық жағдайда ол кәсіпкерлік субъектілері үшін шектен тыс қаржылық жүктеме болып отыр. Мәселен, «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты» ЖШС қарасты әкімшілік ғимарат орналасқан қорғаныш орны техникалық тұжырымдамаға сәйкес мүлдем пайдалануға жарамсыз күйде. Оның орнына жаңа қорғаныш құрыстарын салу ұн өнімін шығарумен айналысатын өнеркәсіпке жүктелген. Бүгінгі таңда осындай мәселелер кәсіпкерлерді тығырыққа тіреп отыр.

Кеңес отырысында кәсіпкерлік құрылымдарына тән емес міндеттер мен шығындардан қорғау мәселелерінің әлі күнге дейін шешімін таппай тұрғаны, осындай проблемаларды оңтайлы шешудің жолдары қарастырылды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button