Әлеумет

67 мекеме 737 бос жұмыс орнын ұсынды

Ақтөбе қаласындағы «Керуен-сити» ойын-сауық орталығында Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында және Жеңіс күніне орай кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеге Байғанин, Алға, Мәртөк, Хромтау аудандарының жұмыспен қамту орталықтары және Ақтөбе қаласындағы 67 мекемеден 737 бос жұмыс орны ұсынылды.

Аудан орталықтары білім, медицина, әлеуметтік және ауыл шаруашылығы салалары бойынша бос жұмыс орындарын ұсынды. Соның ішінде сауыншы, бақташы, дәнекерлеуші, электрик мамандары сұранысқа ие.

— Шараның басты мақсаты — бейресми жұмыспен қамтылған халықты заңдастыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жөніндегі 2018-2019 жылдарға арналған бағдарлама аясында тұрақты жұмыс орнына орналастыру.

Бүгінгі таңда Ақтөбеде 2 мыңға жуық жұмыссыз азамат тіркеуде тұр. Ауыл шаруашылығы саласына мамандар, білікті дәрігерлер мен мұғалімдерге де сұраныс бар, — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева.

Сонымен қатар шара барысында тұрғындар арасында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жоғары және арнаулы орта оқу орындары түлектеріне мамандықтары бойынша еңбек өтілін жинақтау мақсатында жастар тәжірибесі ұсынылды.

— Ырғыз ауданында мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, әсіресе Құмтоғай, Нұра ауылдарына шопан, жәрдемші сынды оннан астам маман керек. Жұмыс берушімен тұрақты түрде келісімшарт жасалса, тұратын жері қамтамасыз етіледі. Бір айлық табысы — 70 мың теңгеден жоғары. Сонымен қатар ауданда құрылыс жұмыстарының мамандары да тапшы, — деді Ырғыз аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Нұрболат Жұмин.

«Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында жоғары сынып оқушылары мен студенттерді жазғы демалыс кезінде қаланы абаттандыру жұмыстарына бағыттау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ шағын несие алу және сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өту мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.

Тұрғындар еңбек биржасы порталы арқылы жұмыс жасау мүмкіндіктерімен де кеңінен танысты. Енді жұмыс іздеуші азаматтар Қазақстан бойынша бос жұмыс орындарды тегін ғаламтор сайты арқылы іздеп, ақапарат ала алады.

Жәрмеңке нәтижесі бір аптаның ішінде белгілі болады. Биыл жұмыссыздарды жұмыс қамту мақсатында 11 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жоспарланды. Жыл басынан бері 204 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button