Басты жаңалықтарЭкономика

Алғашқы тоқсан нәтижесі: 60 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды

Инвесторларды тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кеңейтілген мәжілісі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.

Мәжіліске отандық және шетелдік инвесторлар, даму институтының өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

— Мемлекет басшысы инвестиция тарту мәселесіне ерекше назар аударуда. Соның нәтижесінде соңғы жылдары инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілді. Ағымдағы жылы біздің облысымыз кемінде 512 миллиард теңге инвестиция тартуды жоспарлауда. Бірінші тоқсаннның қорытындысы бойынша 59 миллиард теңге тартылды, бұл жылдық мөлшердің 12 пайызы шамасы. Бұл бағыттағы жұмыс қарқынын ұлғайту қажет, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев жиынды аша отырып.

Облыс әкімі бұл ретте «Kazakh Invest» ҰК» АҚ өңірлік өкілдігінің жұмысының тиімділігі төмен екендігін атап көрсетті. Филиал жетекшісі Марат Балмұхановқа барлық бағыттар бойынша жұмысты күшейту, облысқа шетелдік инвесторларды, оның ішінде трансұлттық компанияларды тарту бойынша жоспардың орындалуын қамтамасыз ету, ең бастысы — инвесторларға жобаларды жүзеге асыру барысында туындайтын проблемалық мәселелерді шешуде тиімді және жан-жақты көмек көрсету тапсырылды.

— Инвесторларға көмек көрсету — сіздердің негізгі қызметтеріңіздің бірі. Егер оларда мәселелер туындап, бюрократиямен кездесіп қалса, оны кідіріссіз шешіңіздер. Барлық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы мен мерзімі сіздің тұрақты бақылауыңызда болуы тиіс, — деп атап көрсетті Бердібек Сапарбаев.

Бұдан басқа, облыс басшысы 2018-2022 жылдарға арналған инвестицияны тарту және ұстап тұру өңірлік стратегияны сапалы орындауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ бүгінгі күні пайдалы алаңның 56 пайызы игеріліп отырған «Ақтөбе» индустриялды аймағын 2020 жылға дейін толықтыруды талап етті.

Бизнес-ахуалды жақсарту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.

Ағымдағы жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша «Кедергісіз бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Оны іске асыру үшін арнаулы жұмыс тобы құрылды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова атап көрсеткендей, өңірдегі қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы Бүкіләлемдік банкінің сарапшыларының жыл сайынғы бағалауы дәлелдейді. «Doing Business» субұлттық рейтингіне сәйкес, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы Қазақстан аймақтары арасында бизнесті жүргізудің жеңілдігінің төрт индикаторы: кәсіпорынды тіркеу, меншікті тіркеу, құрылысқа рұқсат алу, электрмен жабдықтау жүйесіне қосу бойынша 2-орынды иеленді.

Облыс сондай-ақ, қаржылай емес және қаржылай қолдауды ұсыну, кадрлардың қолжетімділігі және сапасы, шағын және орта кәсіпкерліктің қолданыстағы субъектілерінің санының өсу қарқыны бойынша жетекші орында келеді.

Облыс әкімі Анар Дәржанованың есебін тыңдағаннан кейін бизнесті жүргізу және жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін ахуалды жақсарту бойынша жұмыстарды алдағы уақытта да қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Облыс басшысы жиынға қатысқан барлық ірі кәсіпорындардың басшыларын өндіріс көлемін төмендетуге жол бермеуге, сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі принциптерін ұстануға шақырды.

— Барлық өкілетті бақылаушы және құқық қорғау органдары бизнестің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды барынша жоюы тиіс. Сонымен бірге, бизнес қауымдастығы ашық жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлер салықтан жалтармай, сондай-ақ өз қызметкерлерінің болашақ зейнетақысын ойламай, еңбекақысын «тікелей» беруді болдырмауы тиіс. Сіздердің қызметкерлеріңіз — басты капиталдарыңыз. Өздеріңіз бизнес жүргізетін, өз қызметкерлеріңіз тұрып жатқан өңірдің дамуына үлес қосу маңызды. Осы үшін «Туған жерге тағзым» акциясы бар, соған қатысыңыздар, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button