Экономика

Қобда — экономикалық әлеуеті жоғары, мүмкіндіктері мол аудан

Жұма күні Қобдада «Қобда Инвест — 2018» бизнес форумы өтті. Аудан көлемінде алғаш ұйымдастырылып отырған шараға облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай,  ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина, Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов, сонымен қатар ірі кәсіпкерлер, ауданнан шыққан белді азаматтар мен  аудан тұрғындары қатысты.

Форумның негізгі мақсаты — ауданға жаңалық әкелу, инвестиция тарту. Кәсіпкерлерді аудан экономикасын одан әрі дамытуға тарту әрі ынталандыру.

Ауданға ат басын бұрған форумға қатысушылар алдымен «Рухани жаңғыру» аясында бой көтерген Қобыланды батыр ескерткішімен танысып, «Мәңгілік ел» саябағын аралады. «Жасыл белдеу» тал егу акциясына қатысты.

Бұдан соң олар «Роза» тігін ательесінің, «Мақташ» сұлулық салонының қызметімен танысып, «Керуен сарай» дүкенінің ашылу салтанатына қатысты.

Кейін аудан орталығындағы «Отан-Ана» саябағына барып, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет форумға қатысушыларды «Бақытты бала» алаңы орналастырылатын аумаққа апарып, алаң аумағымен таныстырды. Бұл жерде де форум делегаттары тал егу акциясына қатысты.

Биылғы жыл облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Балалар жылы деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай жыл бойына облыс көлемінде «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылатын болады. Осы ретте Қобда ауылындағы жаңа шағын ауданында демеушілердің көмегімен балалар алаңы жасақталып, бір айдың көлемінде құрылысы аяқталады. Аудандағы әр баланың жан-жақты дамуына барынша жағдай жасалып, осындай спорт алаңдары ауданның барлық ауылдарында пайдалануға беріледі, — деді аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет.  

Құны 8 млн теңге болатын  «Бақытты бала» алаңы балабақша жасындағы бүлдіршіндерден бастап, мектеп жасындағы балаларға дейін бос уақытын тиімді өткізетін орын болмақ.

Алаң аумағымен танысқан делегаттар аудандық Мәдениет үйінде өткен бизнес форум жұмысына қатысты.

Алғашқы сөз аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбетке берілді.

Қобда ауданының экономикалық потенциалы  жоғары, мүмкіндіктері мол. Ауданымыз ұзын жолдың бойында, облыс орталығына жақын орналасқан, табиғаты ерекше, халқының аузбіршілігі мол, жанға  жайлы мекен. Өткен жылы әлеуметтік-  экономикалық  даму көрсеткіштерінің оң динамикасы орын алды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында да осы қарқын сақталып отыр. Ауданымыз аграрлық аймақ болғандықтан, осы салаға көрсетіліп отырған зор мемлекеттік қолдау белсенді пайдаланылып, барлық мемлекеттік бағдарламалар артығымен  орындалуда.  Шаруашылықтарды  дамытуға қолайлы  жағдай жасау шаралары алынуда. Мал басын асылдандыру  жұмысы да  ерекше назарда. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу кәсібін жандандыру міндеттерін шешу бағытында жұмыс жасалып жатыр. Соңғы жылдары егін шаруашылығы даму үстінде. Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану мақсатында тұрақты түрде түгендеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.  Кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамуда. Дәстүрлі емес шаруашылық түрлерімен айналысатын кәсіпкерлер саны  жыл сайын артып келеді. Былтырғы жылы ауданда  мейрамхана, қонақүй, замануи кемпинг, жанар-жағар май және газ құю бекеттері іске қосылды, — деді аудан басшысы.

Өткен жылы ауданда құны 760 млн теңге тұратын 320 орындық гимназия салынып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Талдысай ауылында медицина пункті ашылды. Аудан орталығында  бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Алдағы уақытта Терісаққан, Бестау  ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға беріледі.

М.Шермағанбет өз сөзінде аудан көлемінде «Туған жерге тағзым» акциясының жүзеге асырылу барысы туралы баяндап, жерлестерін батырлар мекені — киелі Қобда өңірін Ақтөбе облысының брендіне айналдыру бағытында қолға алынып отырған барлық жасампаз жобаларды жүзеге асыруда бір болуға шақырды.

Жалпы, өткен жыл аудан үшін қобдалықтардың ауызбіршілігі  мен қажыр-қайратының арқасында барлық жоспарлар абыроймен жүзеге асырылған  серпілістің, жаңалықтардың, жақсылықтардың  жылы болғаны баршамызға аян. «Елім деген ер болмаса, ерім деген ел қайда», — деп Алаш  қайраткері Ахмет Байтұрсынов айтқандай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге тағзым» акциясына  қобдалық азаматтар белсенді атсалысуда. Туған ауыл — әр адам үшін балалықтың бал дәурені өткен, әрдайым құшақ жая қарсы алатын, жетістіктеріңізге қуанатын, қашанда тілекші болатын жандарды жинаған қасиетті мекен. Сол ауылдарыңыз бүгінгі күні  өз азаматтарының, кәсіпкерлердің көмегіне зәру. Қолынан іс келетін қажырлы ұл-қыздарына үміт артады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауылдарда  тарихымызды қастерлеп, өткенімізді  өскелең ұрпаққа мұра ету мақсатында  жұмыстар да жүргізілуде. «Ұлық болсаң, кішік бол» — демекші, ауыл сізді өсірді, биік белестерге шығарды. Ендеше, сіз де  алтын  бесік — ауылыңызды пір тұтып, абыройын асқақтатып, жұлдызының жарқырауына ниеттес азамат екеніңізді танытып, «Туған жерге тағзым» акциясына өз  үлесіңізді қосыңыз! Ізбасар ауылдастарыңызға, өскелең ұрпаққа үлгі тұтар істеріңізбен танылыңыз! —  деді ол.

Аудан көлемінде өткен 2017 жылы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында  барлығы   182 млн 600 мың  теңгеге 44 жоба іске асырылған. Ал биыл құны  207 млн 430 мың теңгені құрайтын  90 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Аудан әкімі айтып өткендей, биыл Қобыланды батыр кесенесі жанында   құны   35 млн  болатын  қонақүй бой көтереді, елді мекендерде платиналар, көпірлер, спорт алаңдары салынып, көшелер жарықтандырылып, жөнделеді, ауылдарды абаттандыруға, халықтың тұрмысын жақсартуға, туған өлкені түлетуге бағытталған жұмыстар барынша жоғары деңгейде  жүргізіледі.

Бұдан соң, облыстық ауылшаруашылық, кәсіпкерлік басқармаларының, қаржы институттарының басшылары бизнеске көрсетілетін мемлекеттік қолдау туралы ауыл тұрғындарын ақпараттандырып, сауалдарына жауап берді.

Форумға арнайы шақырылған Мәртөк ауданының әкімі Жандос Байырханов аудан әкіміне өз алғысын білдіріп, форум жұмысына сәттілік тіледі.

Форум аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға аудан әкімі тұрақты жұмысқа жолдама берді.

Сонымен қатар қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, жерлес кәсіпкерлер мен басқарма басшылары білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға оңалту мақсатында тірек-қимыл қозғалысын дамытуға арналған тренажер, арбалар, арнайы комьютерлер табыстады. Жалпы сомасы 1 млн теңге қаражат көлемінде көмек көрсетілді.

Шара соңында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жүзеге асырылатын қонақүй, сквер, бюст, балаларға арналған саябақ салу жобалары бойынша құны 1 млрд 410 млн теңге болатын бірнеше меморандумға қол қойылды.

Дәл сол күні ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, қобдалықтарға азық-түлік өнімдері базар бағаларына қарағанда 20 пайызға дейінгі төмен бағада сатылды.

«Жандауа» акциясы аясында аудандық орталық ауруханада ауданнан шыққан дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, семинар-тренингтер өткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button