Әлеумет

Ақпараттық топ Байғанинде өз жұмысын бастады

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында түсіндіру жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты ақпараттық-насихаттық топ кеше Байғанин ауданына сапарын бастады.

Құрамында дін істері, білім, мəдениет, спорт басқармаларының, «Аңсар» орталығының қызметкерлері, ҚМДБ өкілдері мен РАТТ мүшесінен тұратын 12 адам бар ақпараттық топ апта бойы ауданды аралайды.

Кеше жобаның бірінші бағыты бойынша жұмысын бастаған бірінші топ өкілдері аудан орталығындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, жобаның маңыздылығын түсіндірді. «Аңсар»орталығыныңбасшысыЖ.Сүлейменов дін саласындағы маңызды мәселелерге толық түсінік берді, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуден соң тұрғындар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға үндейтін «Қара жол» фильмін тамашалады. Аудандық халықтық театрдың «Ойраны шыққан отбасы» қойылымы да халыққа ұсынылды.
Білім саласының мамандары Қарауылкелді ауылындағы №1 және №2 мектептердің ұжымымен, оқушыларымен кездесіп, экстремизм мен құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыбында семинар-практикум өткізді.

Сонымен бірге «Аңсар» орталығының басшысы Ж.Сүлейменов пен ІІД өкілі Д.Ахметов аудандық техникалық колледжінің ұстаздарымен кездесіп, 2017-2020 жылдарға арналаған мемлекеттік саясат тұжырымдамасының аясында семинар-тренинг жүргізді.

Алтай батыр ауылына аттанған екінші топ мүшелері кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты, аталған саладағы мемлекеттің қолдауы туралы егжей-тегжейлі баяндады. Сарытоғай ауылдық округі тұрғындарына ауылдағы шаруаларға Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған жеңілдіктер туралы айтылды, жеке қабылдаулар жүргізілді.

Үшінші топ Қызылбұлақ селолық округіне қарасты Кемерши, Жаңатаң, Бұлақтыкөл ауылдарында болды. Ауылдарды үй-үйге кіріп аралаған топ мүшелері елдің жағдайымен танысты, Елбасы саясатын түсіндірді. Одан соң еңбек ұжымдарымен кездесіп, жаңа Еңбек кодексінің негізгі ережелерін түсіндірді. «Жақыныңа көмектес» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылып, дәрігерлік кеңестер берілді.

Қораши ауылына ат басын тіреген төртінші топ тұрғындарға Елбасы Жолдауында айтылған негізгі мәселелерді,«Бес әлеуметтік бастама» мен «100 нақты қадам», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Топ жұмысы апта аяғына дейін жалғасады.

М.САТАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button