Басты жаңалықтарМәдениет

Ақтөбеде халықаралық «Балауса» фестивалі басталды

Кеше Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында көрнекті қаламгер әрі драматург Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына орай халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі болды. Үш күнге созылатын өнер мерекесі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Мәдени шара театр фойесінде Тахауи Ахтановтың ескерткіш-мүсінінің ашылу рәсімімен басталды. Алғаш боп сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева даңқты өнер қайраткеріне осындай құрметтің көрсетілуі өскелең ұрпаққа өнеге болатынын айта келе, алдағы уақытта мәдениет мекемесі жанынан драматургтің атындағы музей ашу жоспарда бар екенін қосты. Одан соң қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев пен Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының директоры, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Өтеулиев лебіздерін білдіріп, ескерткіштің ашылу рәсімін жасады. Мүсіннің авторы — Өзбекстан Суретшілер одағы академиясының мүшесі, мүсінші Жақсыбай Төлегенов. Еңбекті жасап шығаруға 1 айдан астам уақыт кетіпті.
Одан соң мерейтой иесінің шығармашылығына арналған конференция-спектакль өтіп, онда фестиваль қонақтары тілектерін білдірді, сондай-ақ, «Ант», «Күтпеген кездесу», «Махаббат мұңы», «Күшік күйеу» спектакльдерінен үзінділер сахналанды. Бұл қойылымдардың барлығында басты рөлді сомдап, кеште жарқырай көрінген театр актрисасы Майгүл Мұзбаева болғанын айта кету керек. Ал ескерткіш-мүсіннің ашылуы мен конференция-спектакльді жүргізген — ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал-Қосай Байсеңгір мен Асила Төреғалиева.
Негізгі шара — фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев:
— Бүгін Ақтөбеде экспериментальды қойылымдар фестивалі басталып жатыр. Ал кеше ғана халықаралық «Марғұлан оқулары» конференциясы аяқталды, республикалық ақындар айтысы өтті. Осының барлығы Ақтөбеміздің шынымен құтты мекен болуы үшін жасалып жатыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының шыққанына бір жыл толды. Оның мақсаты — адамның санасын өзгертіп, мәдениетін көтеру. Сондықтан осындай фестивальдерді көптеп өткізуіміз керек. Облыс басшылығы театрды әрқашан қолдайтынын айтқым келеді.
Біз даңқты қаламгер Тахауи Ахтановтың біздің жерлесіміз болғанына мақтанамыз. Баршаларыңызға сәттілік тілеймін! — деді.
Артынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі театр және кинематография бөлімінің басшысы Гүлнафис Мырзашева Ахтанов театрының қызметкерлері, атап айтсақ, қазақ труппасының меңгерушісі Нелли Шульганы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, ал балетмейстер Қаршыға Дандагариевті Құрмет грамотасымен марапаттады.
Айта кетейік, 22 сәуір күні аяқталатын фестивальге еліміздің 7 труппасы — Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «А.И.» музыкалық театры, «Театр 28» театры, Ресей Федерациясының А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры және жергілікті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен облыстық «Алақай» қуыршақ театры қатысып жатыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button