Мәдениет

Елорда мерейтойы мен Әбілқайырдың ерлігі арқау болған айтыста ақтөбелік Ершат Қайболдин бас бәйгені иеленді

Әбілқайыр ханның туғанына 325 жыл толуына және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай,Ақтөбеде «Ән дарыған далада, шыңға айналған Астанам» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Ақтөбедегі Өнер орталығының 1,2 мың орындық кең залы бұл күні көрерменге лық толды. Иін тірескен жұрт арасында еңкейген қарт та, еңбектеген сәби де болды. Жиналғандар алдына алдымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шығып, сөз сөйледі.
—Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — деген еді. Рухани жаңғырудың қайнар көздерінің бірі — ұлттық өнер, соның ішінде, әрине, ата-бабаларымыз ерекше қадірлеген айтыс өнері де бар. Айтыс — әрдайым елдікті насихаттап, халық пен биліктің арасын жалғап, халыққа рухани күш-қуат беріп келе жатқан өнер. Биыл сонау алмағайып заманда елдіктің туын көтерген, қазақтың дана басшыларының бірі Әбілқайыр ханның туғанына 325 жыл толады және Тәуелсіздігіміздің тірегі — Астананың 20 жылдық мерейтойы атап өтіледі. Осығанбайланысты Ақтөбе жерінде көптегеніс-шаралар өткізу жоспарланған. Бүгінгі айтыс та осы мерейтойлар аясында ұйымдастырылып отыр. Саясат пен экономикада біздің еліміз аяғынан нық тұрып, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуға бет алды. Сонымен қатар, біз өз салт-дәстүрлерімізді, дінімізді, тілімізді қастерлеуді, рухани тамырымыздан ажырамау керектігін бір сәт те естен шығармауға тиіспіз. Халқымыздың айтыс дәстүрін жалғастырып жүрген ақындар рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға өз үлестерін қосып келеді. Бүгін де сол мақсатпен біздің ортамызға келіпті. Бүгінгі айтысқа қатысатындардың арасында алты ақтөбелік ақын бар екен. Бұл мені қуантады. Мөңке би бабамыздың, әйгілі Жұбановтардың, Шернияз ақынның, Тахауи Ахтановтың жолын жалғастыратын осындай талантты жастарымыз жұрт алдына көбірек шығып, көбірек көрінулері үшін айтысты, түрлі өнер мерекелерін жиі өткізген жөн, — деді облыс әкімі.
Сөзінің соңында ол айтысқа қатысушы ақындарға сәттіліктер тіледі. Айтысты облыс әкімдігінің қолдауы арқылы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды. Қазылар алқасына КСРО халқы артисі Асанәлі Әшімов басшылық жасады. Қазылар алқасы құрамында Қазақстанның халық артисі Алтынбек Қоразбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова, белгілі ақын Серік Ақсұңқар, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Серік Қалиев болды.
Айтысты ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты Жүрсін Ерман жүргізді. Бұл жолы айтысты өткізу тәртібіне өзгеріс енгізіліп, ақындардың өздері:
«Біздерді жеребемен жұптап жатыр,
Айтыстың жасаймыз деп жаңа түрін» (Рауан Қайдаров), — деп атап өткендей, әр жұп жеребе арқылы анықталды. Жеребені әр жолы залдан шақырылған көрермендер суырды.
Жалпы, айтысқа 18 ақын қатысып, 9 жұп болып өнер көрсетті. Олардың қатарында Ринат Зайытов, Болатбек Оразбаев, Иранғайып Күзенбаев сынды белгілі ақындармен бірге, айтыс жолына кейіннен қосылып жүрген жастар да болды. Ақтөбеліктердің аты-жөндерін бөлек атасақ: Ершат Қайболдин, Әлихан Жақсылық, Марат Ахметов, Нартай Тілеуқұл, Қайырхан Жұбаниязов және Жәнібек Бейбітов.
Ақындар, әдеттегідей, бүгінгі күні қазақ жұртын толғандырып отырған мәселелер, жарасымды әзіл-қалжыңмен қатар, айтысқа арқау болған тақырыптарды да келістіре жырлады.
Жетісу жерінен келген Болатбек Оразбаев Әбілқайыр хан ерлігін:
«Батырдан қанша бақ қалды?
Ақыннан қанша хат қалды?
Патшадан қанша тақ қалды?
Куәгер соның бәріне
Киіз кітаптар қатпарлы.
Әбілқайыр ханымыз,
Марғасқа еді мақтаулы.
Қол бастаса, жоңғарды,
Қойдай қылып ақтарды.
Жорыққа талай аттанды,
Жар етіп жалғыз Жаппарды,
Елім деп өткен еңіреп,
Найзасын алып саптаулы…
Жезтырнақ жаудың қолынан,
Жеріңді қанша ап қалды?» — деп жырға қосса, Сарыарқа саңлағы Дидар Қамиев Әбілқайырдың мерейтойын атаусыз қалдырмаған ақтөбеліктерге деген ризашылығын да жеткізді:
«Тарихтың көз жіберіп тармағына,
Тоқталам көш бастаған ардағыма…
Ақтөбенің халқына хан бабаның,
Бұл күні риза шығар аруағы да.
Үш жүздің басын қосып, айтыс жасап,
Сауын айтып жатыр ғой бар маңына.
Бар қазақтың көтеріп төбесіне,
Бабаның орындалды арманы да.
Қол бұлғап маған да үміт, саған да үміт,
Жасайық аламанға қадамды нық.
Қазақтың аға ханы Әбілқайыр,
Жұртына көрсетпеген жаман қылық».
Сыр бойынан келген ақын Иранғайып Күзенбаев:
«Астанам, сен — қазақтың жүрегісің,
Кешегі бабалардың тілегісің.
Жиырмаға енді келіп жатсаң-дағы,
Елімнің Тәуелсіздік тірегісің.
Астанам, бола берсін атың әйгі,
Сыртыңнан бүкіл әлем бақылайды.
Атақты Лондон, Париж, Москва да,
Мен үшін тырнағыңа татымайды», — деп тебіренді.
Айтыста сәтті өнер көрсеткен ақындармен қатар, кейбір қатысушылардың бабы келіспеген тұстары да байқалды. Қазылардың іріктеуінен кейін екінші кезеңге 8 ақын шығып, 4 жұп болып айтысты.
Қорытындысында бас жүлдені (жүлдесі — 2 миллион теңге) ақтөбелік Ершат Қайболдин жеңіп алды. Бірінші орынды (1,5 миллион теңге) Алматы облысынан келген Болатбек Оразбаев иеленді. Екінші орынға (1 миллион теңге) Алматы қаласынан келген Ринат Зайытов ие болды. Ал үшінші орынға (жүлде мөлшері — 500 мың теңге) үш бірдей ақын лайық деп табылды: Әлихан Жақсылық, Иранғайып Күзенбаев, Мейірхан Сұлтанхан.
Айтысқа қатысқан басқа ақындарға облыс әкімінің алғыс хаттары мен 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар тапсырылды. Сондай-ақ, Нартай Тілеуқұлға — «Көрермен көзайымы» сыйлығы, Дидар Қамиевке Асанәлі Әшімов атындағы қордың арнайы сыйлығы табысталды. Соңында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, қатысушыларға алғыс айтып, өнер жолында сәттіліктер тіледі.
Айтыс арасындағы үзілістерде Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншілері өнер көрсетті.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button