Әлеумет

Алғалықтарға несиелендіру жайын айтты

 Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Сейсенбі күні Алға ауданындағы Маржанбұлақ ауылында «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылды.

Мақсат — халықтың кәсіпкерлікке, соның ішінде несие арқылы бизнесін дөңгелетуге қатысты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы төңірегіндегі сұрақтарына жауап беру, оларға бұл салалардағы жаңашылдықтар мен жеңілдіктерді таныстыру.

— Жұмыс тобы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша Маржанбұлақ ауылына келіп отыр. Ондағы ойымыз — кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қаржылай көмектерден бөлек, ақысыз кеңес алуға, сервистік қызметке ие болуға, тағы да басқа игіліктерді көруге болатынын түсіндіру. Ол үшін тұрғындар жергілікті  кәсіпкерлік палатасына жолықса болады. Жалпы, мемлекеттік қолдаудың барлық бағыттары даму институттары арқылы жүзеге асырылады. Олардың біразын осында әкеліп отырғанымыз сондықтан.

Айталық, жеңілдетілген несие беру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, қарыздарды кепілдендіру мәселесі бойынша «Даму» қорының мамандарымен сөйлесуге, шағын несие алу бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорының өкілдеріне жолығуға болады. Ал ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіп ашу және бизнесті дамыту бойынша жан-жақты айтуға келді. Осылайша, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарынан құралған жұмыс тобы «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында жұмысын одан әрі жалғастырып жатыр.

Қазіргі таңда шағын және орта бизнес — экономикалық өсудің негізгі қайнар көзі, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын саланың бірі екені белгілі. Ал кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жұмысы үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олар — бизнес жүргізу жағдайын жақсарту, шағын және орта бизнес субъектілеріне нақты қолдау көрсету және құқығын қорғау, кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру. Мысал ретінде бүгінде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін жоспарлы тексерулердің алынып тасталғанын, құжаттамалық жайы да едәуір жеңілдетілгенін, соның ішінде рұқсатнама  қағаздарының саны екі есеге дейін азайғанын атап өту керек. Бұның өзі біле білгенге үлкен демеу деп білемін. Бұл — шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың нақты көрінісі, — дейді облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Асқар Көкеев.

Кездесуде ауылдағы кәсіпкерлер банктер кепілдемеге алатын жылжымайтын мүлікті неліктен тым төмен бағалайтынын, жалпы несие алуда қиындықтардың көп екенін, әсіресе, қағазбастылықтың басты мәселе екенін ортаға салды.

Одан соң әртүрлі сала мамандары, қаржы институттарының өкілдері тұрғындарға жеке қабылдау өткізді. Солардың бірі — «Қазагроқаржы» АҚ-ның Ақтөбедегі филиалының бас маманы Ерғали Жангелдин. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасына қызығушылық білдіріп жатқандар аз емес.

— Біздің мекеме ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын лизингке берумен айналысады. Техникалардың жылдық пайыздық мөлшерлемесі — 14,5 пайыз. Ал мерзімі — 5-7 жыл аралығында. Алғашқы лизингтік төлемге келсек, оның көлемі 15-20 пайыз аралығында болуы керек, — дейді ол.

Асқар Көкеевтің айтуынша, оның құрамындағы жұмыс тобы жоба басталғалы 5 ауданға баруды жоспарлаған. Бүгінге дейін олар Мұғалжар, Темір және Алға аудандарындағы тұрғындармен жүздесіп үлгеріпті.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Алға ауданы.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button