Жаңалықтар

Жастарға 700 мың теңгенің сертификаты табысталды

Кеше Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барып, сондағы қыз-жігіттердің жағдайымен танысты. Сондай-ақ балалар үйінің екі түлегіне 700 мың теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаражат олардың тұрғын үй алуы үшін қосымша көмек ретінде берілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау бойынша кешенді іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бір дәлелі — осы шара. Жоғарыда аталған санаттағы жастардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамында үй алуға жинап жатқан ақшасына үлес қосу, олардың жүгін жеңілдету мақсатында ұйымдастырылған акцияның шапағатына бұл жолы екі ақтөбелік ілікті. Олар — 1992 жылы туған, жастайынан қорғансыздың күйін кешкен Тимур Акиев пен Дарья Фырфа… Бүгінде екеуінің де отбасы бар. Өмірде өз орнын тапқан бір-бір мамандық иелерінің әрқайсысына демеушілердің көмегімен 700 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. Бір айта кетерлігі, пәтер жалдап жүрген Тимур мен Дарья бірнеше жылдан бері банктегі есепшотына ақша салып жүр, олар қажетті меженің жартысына жуығын өз күшімен жинап қойыпты.

— Қазіргі таңда есепшотымда 2,6 миллион теңге бар. Бұл — менің 5 жылдан бері жинаған ақшам. Енді, міне, 700 мың теңгені салайын деп отырмын. Кейін өзім 500 мың теңге қосып, 3 бөлмелі пәтер алмақ жоспарым бар. Соның өзінде бұның барлығы — қажетті соманың 50 пайызы. Қалғанын, бұйыртса, несиеге рәсімдеймін… Келіншегім екеуміз екі бала тәрбиелеп отырмыз. Өзім күзетші болып жұмыс істеймін. Жеке баспаналы болу — арманымыз.

Бізге үй алуға қолдан келгенше осылай көмектесіп жатқан жергілікті билікке алғысым шексіз, — дейді Тимур.

Алға балалар үйінен шыққан Дарья да отбасылы адам. Қаладағы спорт мектептерінің бірінде нұсқаушы болып еңбек етеді. Пәтер алу үшін 3 миллион теңгеге жуық қаражатты жинаған ол атқарушы биліктің ұсынған ақшасы кәдімгідей көмек екенін айтып, жүрекжарды лебізін білдірді.

Өз кезегінде «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры Жанна Дүйсенбинадан білгеніміздей, мұнда жасы 29-ға жетпеген және отбасын құрмаған, әке-шешесі жоқ жастар ғана тұра алады. Қазіргі таңда 102 қыз-жігіт сол жерді мекен етіп жатыр. Соның 49-ы жоғары, орта оқу орындарында білім алып жүрсе, қалғаны — жұмыс істейтіндер. Мұндай көмекке мұқтаж жасөспірімдер әлі де бар…

…Қолы қысқа демей, қолтығынан демейтін үлкен жүректі азаматтардың азайған заманында демеу бола білген ел ағаларына Тимур Акиев пен Дарья Фырфа кездесу соңында алғысын айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button