Мәселе

Лифт шаруашылығына жаңаша көзқарас қажет

Ақтөбе қаласындағы және тұтастай республикадағы лифт шаруашылығының қазіргі жай-күйіне тиісті талдаулар жасау екенін айтқымыз келеді.
Мәселенің мәнісіне тереңдеп үңіле келгенде тек Ақтөбе ғана емес, еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында тұрғындардың лифт қызметін пайдалануы мәселесінде біраз түйіндер мен түйткілдер жинақталып, қордаланып қалғанына көз жеткіздік. Республикамызда екінші мыңжылдықтың алғашқы он жылдығы аяқталған кезде өңірлерді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданған. Осы бағдарлама аясында Ақтөбе қаласында 2011-2016 жылдар аралығында 102 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, нормативтік қызмет мерзімін өтеген апаттық жағдайдағы 38 лифт ауыстырылған. Әйтсе де лифтілерді жөндеу мен жаңғырту ісі 2016 жылдың екінші жартысынан бастап тоқтап қалыпты. Бұған республика Үкіметінде осы жылдың 30 шілдесі күні қабылданған №449 қаулысының әсері болған екен. Өйткені бұл қаулыда көппәтерлі үйлер бойынша атқарылатын қызметтердің ең аз және ең көп түрі деп аталған қос нұсқасы белгіленген. Оның алғашқы нұсқасында автоматтандырылған жылу қондырғыларын орнату мен пайдалану және тұрғын үйлердің шатырын, қасбеті мен жертөлесін жөндеу мәселелері қарастырылған. Яғни бұған ескіріп, тозығы жеткен лифт жабдығын жөндеу мен ауыстыру кірмейді деген сөз. Бұл іс аталған қаулыдағы жұмыстың ең көп түрі деп аталған екінші бөлігінде алғашқы нұсқада көрсетілген қызметтерге қоса қарастырылған. Үкімет қаулысында көрсетілген жұмыстың көп деп аталған түрі жыл сайын жүргізіле бермейді. Мұның басты себебі – жыл сайын оған қажетті қаражаттың қарастырылмауында. Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінен алынған деректерге сүйенсек, лифт жабдықтарын ауыстыруға сонау алпысыншы және жетпісінші жылдарда тұрғызылған жетпістен астам үй кезекте тұрғанын көреміз. Алайда жоғарыда аталған өңірлерді дамыту бағдарламасының Ақтөбе аймағындағы басты үйлестірушісі мен операторы «Табыс Ақтөбе» ЖШС-ында қаражаттың мүлдем жеткіліксіздігі барлық үйді қамтуға мүмкіндік бермейді. Оның басты себебі тұрғындардың тарапынан төленетін қайтарымды төлемнің жоқтығынан туындайды. Өйткені жоғарыда аталған мемлекеттік мекеменің басшысы Хайдар Ермашевтың мәлімдеуіне қарағанда, жергілікті тұрғындар мен пәтер иелері кооперативтері мүшелері жаңа лифтіні орнатуға қажетті қаражат бюджет есебінен бөлінуі керек деген ескіше ойлау жүйесінен әлі күнге дейін арыла алмай жүр екен. Соның салдарынан тиісті алымдар жинау жұмыстары ешқандай нәтиже бермей келеді. Қазіргі кезде нарықтағы бір лифтінің құны 8-10 миллион теңге аралығында. Мұндай қомақты соманы көппәтерлі тұрғын үйлерге бюджет есебінен аударудың мүмкіндігі тым шектеулі. Оны сатып алу әрі орнату негізінен тұрғындардың төл ісі боп табылады. Бұл тәртіп «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 35-бабының 2-тармағында тайға таңба басқандай көрсетілген, дейді ол. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы 7-9 және одан да көп қабатты үйлерде 776 лифт қондырғысы орнатылған болса, соның ішінде 283 лифт нормативті қызмет мерзімін әлдеқашан өтеп, әбден тозығы жетіп тұр. Бұл уақыт 25 жылға есептелген. Өкінішке қарай, қайғылы жағдай орын алған 12-шағын аудандағы 19-шы көппәтерлі үйдегі лифт те осы аталған қомақты санның қатарына кіреді. Нақтырақ айтқанда, мұндағы лифт қондырғысы 1987 жылы Самарқанд лифт зауытында шығарылған. Бұл деректің өзі оның әбден ескіріп, отыз жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмегенін әрі ауыстырылмағанын айғақтайды. Біз осы материалды газет өндірісіне әзірлеу кезінде Ақтөбе қаласында көппәтерлі тұрғын үй иелеріне лифтті пайдалану қызметін ұсынатын 20 құрылым бар екенін білдік. Оның бірі өз істеріне салғырт, жауапсыз қараған, оның соңы адам өліміне әкеліп соқтырған «Жаңабек Сервис» ЖШС екенін де жасырып қалғымыз келмейді. Журналистік зерттеулер барысы  адам өміріне қауіп төндіру ықтималдығы жоғары лифт шаруашылығы басы-қасында жүргендердің басым бөлігі жеке тұлғалар мен жеке кәсіп иелері екенін көрсетеді. Олардың қолында тиісті сертификаты болса болғаны пәтер иелері кооперативтері көп ойланбастан олармен өзара келісімшарт жасай беретін көрінеді. Бір қызығы, олар лифт сынып немесе істен шыққан жағдайда оның шығынын өз есебінен төлеуге мүлдем құлықсыз. ПИК жетекшілерінің біліктілігі төмен, салалық қызмет көрсету тәжірибесінен түсінігі мен хабары аз тұлғаларға желімше жабыса қалуының басты себебі олардың өте арзан баға ұсынатынынан болып шықты. Ең басты бір қынжыларлық мәселе, Ақтөбеде ғана емес, еліміздің барлық қалаларында лифт қызметін көрсетіп жүргендердің бәрі лицензиясыз жұмыс істейді. Бұл салаға лицензия беру тәртібі елімізде 2012-2013 жылдар аралығында шағын және орташа бизнес субъектілеріне тексерулер жүргізуге мораторий жариялау кезінде алынып тасталыпты. Уақыттың талабы мен қажеттілігіне сай мұндай қадам жасау мүмкін қажет те болған шығар. Әйтсе де бүгінде лифт шаруашылығы мен айналысатындардың лицензия тәртібі бойынша жұмыс істеу дағдысын қайтадан орнықтыратын кез келген секілді. Әрі мәселенің дәл осылайша қойылуы Ақтөбеде орын алған қайғылы оқиғадан тиісті сабақ ала білу үшін де қажетті деуге болады. Өйткені бүгінде қолында тек сертификаты бар жеке тұлғаларға бар сенімді арта салу лифт саласының бағы емес, ссоры болып шығатынын өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, әрі мұндай жандар тиісті лицензиясы болмағандықтан Үкіметке көк тиын салық төлемейтінін, оны түсіруге де тиісті емес екенін қайда қоямыз?! Бұл — біріншіден, ал, екіншіден, елімізде лифт қызметін көп жағдайларда күмән туғызатын сертификат арқылы жүргізетін жеке тұлғаларды бақылау мен тексеру тетіктері қарастырылмаған. Оларға өз қызметіне жауапсыз қарағаны үшін белгілі бір әкімшілік шаралар белгілеу немесе айыппұл салу тәртіптері белгіленбеген. Сондықтан да көппәтерлі үйлердегі лифттердің техникалық жағдайы қандай күйде екендігі белгісіз, жұмбақ күйінде қала береді. Бұл жағдай адам өміріне қауіпті екені айтпаса да белгілі. Сірә, «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ» деген нақылға бергісіз тіркес сөз осындай жағдайда айтылса керек. Бір сөзбен айтқанда, елімізде лифт шаруашылығын жүргізу мен пайдалануға орай жоғарыда айтылған бірқатар жайттар бұл мәселеге қатысты жаңаша көзқарас енгізу қажеттігін көрсетеді. Мақаламызға арқау болған ой-пікірлер мен ұсыныстар тиісті құзырлы органдардың назарына ілінсе, ойға алған мақсатымыздың орындалғаны.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан» газеті.

9 сәуір 2018 жыл.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button