Басты жаңалықтар

Бердібек САПАРБАЕВ: Қазақстанда бірінші болып Астана мен Алматы атында аудан ашқалы отырмыз

Облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясының жалпы отырысы №30 Шалқар қалалық сайлау округінен депутат Ақылбек Оралмағанбетовтің төрағалық етуімен өтті. Сессия жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, қала және аудан мәслихаттарының хатшылары қатысты.

Онлайн режимінде өткізілген сессия жұмысына облыстық мәслихаттың 29 депутатының 24-і қатысты. Күн тәртібінде 11 мәселе қаралды. Соның бірі — №31 Шалқар сайлау округі бойынша облыстық мәслихаттың депутатын сайлау қорытындысы. Бұл туралы облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Күнбаева хабарлады. Белгілі болғандай, үш үміткердің арасынан Бердібек Шәкірбекұлы депутаттыққа сайланған. Сессия жұмысы кезінде жаңадан сайланған депутаттың кеудесіне төсбелгі тағылып, куәлік тапсырылды.

Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер алады?

Сессияда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру бойынша шаралар барысын баяндады. Оның айтуынша, жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты ақшалай көмек болып бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға беріледі. Мұндай отбасылардың жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысуы талап етілмейді, — деді Қ.Отаров.

Басқарма басшысының айтуынша, шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда ғана беріледі.

Биыл облыс бойынша республикалық бюджеттен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті іске асыруға 798,5 миллион теңге қаражат жоспарланды. Соның ішінде 59752 адамға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруге 665,5 миллион теңге, жергілікті бюджеттен 473,4 миллион теңге қаржы қарастырылды, — деді Қ.Отаров.

Биыл қаңтар айынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, бейресми жұмыспен қамтылған тұрғындарды ресмилендіру, сондай-ақ ел экономикасына және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тарту бойынша 2018-2019 жылдарға арналған ұйымдастыру іс-шаралар жоспары бекітілген.

Келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Соған байланысты алдымызда облыс тұрғындарының мәртебесін өзектендіру міндеті тұр. Сондықтан аймақта мәртебесі жоқ азаматтар және мәртебе беру мәселелері бойынша ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр, — деді Қ.Отаров.

Ақтөбе-Астрахань тасжолы: 600 жаңа жұмыс орны

Сессия жұмысы кезінде басқарма басшысына көтерілген мәселеге, сондай-ақ жұмыспен қамту саласына қатысты депутаттар тарапынан сауалдар қойылды.

Депутат Светлана Айтпаева кәсіптік оқыту бойынша түрлі курстардың өткізілетінін, алайда оқу сапасы мен курстар өткізілетін жердің материалдық базасының талапқа сай болуына ешқандай бақылау болмайтынын айтты.

Қазір қыз-келіншектер арасында тігіншілік курсқа баратындардың саны күннен-күнге артып келеді. Оларға отыз мың теңге көлемінде мемлекеттен шәкіртақы төленеді. Алайда үш айлық курсты оқыған тігіншілердің үш айлықты бітіргеннен кейінгі біліктілігі өте төмен әрі олардың көпшілігі жұмысқа тұрмайды. Осы мәселеге бақылау бола ма? — деген С.Айтпаеваның сауалына басқарма басшысы: «2017 жылғы талдау бойынша, қысқа мерзімді оқытуды бітіргендердің 74,3 пайызы жұмысқа орналастырылды. Былтыр мекемелердің өзінде 6 оқу орталығы ашылды. Биыл жол құрылысына байланысты «Сервис и К» оқу орталығы ашылды.  Биыл мекеме жанынан ашылған оқу орталықтарының жұмысына көп көңіл бөлмекпіз. Себебі, былтырғы жылдың сараптамасында мұндай орталықтарда білім алғандардың 93,6 пайызы  жұмысқа орналасты. Биыл Ақтөбе-Астрахань тасжолы құрылысына байланысты 600 жұмыс орны ашылмақ. Жол құрылысына заманауи техникалар тартылады. Ал мұндай көлікті кез келген тракторшы басқара алмайды. Сондықтан «Қазавтожол» мекемесі басшылығымен келісіп, «Сервис и К» оқу орталығында жол құрылысына байланысты адамдардың біліктілігін арттыру бойынша оқыту жүргізіліп жатыр», — деді.

Отыз жылдан кейінгі шешім

Сессия жұмысында бұдан басқа да мәселелер қаралды. Солардың бірі — «Облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №349 «Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарында жасыл екпелерді  күтіп ұстаудың және қорғаудың қағидаларын, абаттандырудың қағидаларын бекіту туралы» шешімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жайында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртас Сейітов хабарлады. Сонымен қатар, депутаттар сессияда Ақтөбе қаласындағы атаусыз көшелерге атау беру және кейбір көшелерді қайта атау туралы ұсынысты қолдады.

Сессияда Ақтөбе қаласында құрылған аудандарға атау беру туралы мәселе қаралды. Бұл жайында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов баяндады.

Өздеріңіз білетіндей, тәуелсіздік алғаннан кейін біздің облыс әлеуметтік- экономикалық дамуы жағынан үлкен жетістіктерге жетіп, республикадағы алдыңғы қатарлы аймаққа айналды.  Елбасының Ақтөбені құтты мекенге теңеуінің өзі Ақтөбе туралы жақсы ой-пікірдің қалыптасуына ықпал етті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы өз Жолдауында Ақтөбе қаласын төртінші агломерация орталығы деп белгілегенін жақсы білесіздер. Бүгінде Ақтөбе қаласы біртіндеп Батыс Қазақстан өңірлерінің урбанизм орталығына ауысуда. Ақтөбе қаласы — республикамыздың төрт агломерациясының бір бөлігі. Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының саны  306,7-ден 477,0 мың адамға дейін өсті, халықтың жыл сайынғы өсімі — 10-15 мың адам. Қалада шағын және орта бизнес белсенді түрде дамып келеді, жыл сайын көптеген бизнес субъектісі ашылып, кәсіпорындар бой көтеруде. Осылайша қаланың серпінді дамуы — қала тұрғындарының қажеттіліктеріне тез жауап беру үдерісін дамытады. Ол Ақтөбе қаласының мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды талап етеді. Осыған байланысты қаланың өмірін және дамуын тиімді қамтамасыз ету үшін Ақтөбе қаласын екі ауданға бөлген өте орынды деп есептеймін. Ақтөбені екі ауданға бөлген жағдайда, халық пен биліктің арасы одан әрі жақындап, қалалық билік ақтөбеліктердің мәселелерін барынша тез шешетін болады. Сол себепті, үлкен шаһарда екі ауданның құрылуы заңдылық.

Ал енді аудандардың атауына келер болсақ, жаңадан құрылған екі ауданға ұсынылатын атаулар құрамында ғалымдар, қоғамдық ұйым басшылары, депутаттар, ардагерлер бар ономастикалық комиссияларға ұсыныстар беру жөніндегі жұмыс тобында талқыланған болатын. Жұмыс тобының мүшелері бірнеше атауларды саралай келе, Астана және Алматы атауларына тоқтады, — деді І.Испанов.

Ақтөбе қаласы әкімінің айтуынша, 5 сәуірде  Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда және Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда аудандарға атау беру мәселесі бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізілген.  «Ақтөбе — еліміздің батыс өңіріндегі даму әлеуеті өте зор қала. Ақтөбе қаласы еліміздің барлық өңірі үшін үлгі. Сол себепті оның аумағындағы аудандардың да атауы қаланың кейпіне, мәртебесіне лайық болуы керек. Соған сәйкес, ел көңілінен шығатын атаулар, бірі тәуелсіздігіміздің символы — Астана, екіншісі — тәуелсіздік алған кездегі астанамыз Алматы атауларын ұсынамын», — деген І.Испанов облыстық мәслихаттың депутаттары алдында Астана мен Алматы қалаларының еліміздің мемлекеттік-саяси даму тарихындағы рөліне ерекше тоқталып, осы мәселеге байланысты штат санын көбейту, сондай-ақ №1 және №2 аудан әкімдігі аппараттарын нақты мекенжайларға орналастыру мәселесін ұсынды. Яғни, №1 аудан әкімдігі аппараты қаланың Сәңкібай батыр, 24 «т»  мекенжайындағы бұрынғы Азаматтарға арналған үкімет ғимаратына, ал  №2 аудан әкімдігі аппараты жаңа  энерготиімділігі ғимаратына орналаспақ.

Сессияда депутат Гүлжанат Ерғазина, Нұрлан Сағыналиндер аталған мәселені бірауыздан қолдайтындықтарын білдірді. Бұл орайда Н.Сағыналин: «Қазақта бала алғаш қадам басқанда тұсаукесер рәсімі жасалады. Сондықтан мен Астана мен Алматы қалалары әкімдіктеріне шығып, біздегі екі ауданның ашылуына байланысты олардың осындай ырым жасауын ұсынар едім әрі олардың тарапынан қолдау болуын қалаймын», — деді. І.Испанов бұл ұсыныстың да ойда барын айтты.

Осыдан бес жыл бұрын Өскемен қаласында Астана көшесі ашылған болатын. Өскеменде Солнечный деген көше болатын, соны Астана деп атаған болатынбыз. Сол кезде Астана қаласының әкімшілігі өкілдерін, депутаттарын шақырып, сол Астана көшесінің ресми ашу күнін жасағанбыз. Одан екі күн бұрын Астананың кәсіпкерлері, дәрігерлері мен мұғалімдері және басқалары келіп, Өскеменде біраз жұмыс жасаған және ол жұмыстарды әрі қарай жалғастырғанбыз. Ол біздің ойымызда бар. Қазақстанда бірінші болып Ақтөбеде Астана мен Алматы атында аудан ашқалы жатырмыз. Сондықтан Нұрлан Сағыналиннің айтқан ұсынысы дұрыс, оны біз қолдаймыз, ескереміз, алдағы уақытта оны орындаймыз, — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Сәния Қалдығұлова сессия жұмысында қаралған өзекті мәселеге байланысты шешім қабылданатынын айтып: «Осыдан тура 29 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың шілдесінде Ақтөбе қаласында екі ауданды жабу турасында шешім қабылданды. Олар — Пролетар және Фрунзе аудандары. Енді, міне, араға бірнеше жыл салып, қалада екі аудан құру туралы шешім қабылданды. Бұл — өте дұрыс бастама. Халықтың көпшілігі, белгілі бір бөлігі  бұл ұсынысты қоғамдық тыңдауларда  қолдады. Көптеген адамдар бұл мәселеге байланысты өз ұсыныс-пікірлерін де айтты. Олар бейжай адамдар емес. Олардың қай-қайсысы да өзінің сүйікті қаласының тағдырына алаңдаушылық танытты. Менің айтайын дегенім, бұл мәселеге байланысты заңнамаға сәйкес қоғамдық тыңдаулар, қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысы өткізілді. Қалаға екі аудан не үшін керек деген де пікірлер туындап жатыр. Қаланы екі ауданға бөлу — өте қажет. Біз өзіміз осы қалада тұрамыз.  Көптеген кездесулерде қаланы көркейтуге, оның тазалығына  қатысты мәселелер жиі айтылады. Біз қаланың «Ең таза қала» атауын алған мәртебесін қайтара алмай жүрміз, — деген облыстық мәслихаттың хатшысы бұл ұсынысты  бірауыздан қолдайтынын айтты.

Сессияның күн тәртібіндегі барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Сессия жұмысының соңында Бердібек Сапарбаев бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша аймақта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы толығымен орындалғанын айтып: «Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында экономиканың даму қарқыны 4 пайызды құрады. Барлық экономикалық көрсеткіштер былтырғыдан жоғары. Біз үшін ең үлкені — өндіріс. Өндірістің дамуы 104 пайыз болды. Ауыл шаруашылығында, кәсіпкерлік пен құрылыс саласында  да осындай даму бар. Әрине, біз үшін ең үлкені — экономикаға инвестиция тарту. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға дамыды. Тағы бір үлкен мәселе — бағаны шектеу. Бірінші тоқсан бойынша баға былтырғы жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға өсті. Ол республика көрсеткішінен төмен. Жұмыссыздар саны былтырғы деңгейде қалды, яғни 4,8 пайыз. Бұл да республика көрсеткішінен төмен. Жалпы сіздер мен біздер бірігіп, Мемлекет басшысының тапсырмасын бірінші тоқсанда орындауды қамтамасыз еттік. Енді біздің болжамымыз, талдауымыз, бақылауымыз бойынша, бірінші жартыжылдықты да осылай аяқтауымыз керек», — деген облыс әкімі алдағы науқандық жұмыстарға тыңғылықты кірісу керектігін айтты. Сондай-ақ, ол өз сөзінде «Бақытты бала» жобасын жүзеге асыруда қолдау танытып, ықпал жасаған депутаттарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да оларды бірлесіп жұмыс жасауға шақырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button