Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметтер қолжетімді және сапалы болуы тиіс

Биылғы жыл басынан бері облыс тұрғындары миллионға жуық мемлекеттік қызмет алды.

Жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдікте өткен кеңесте талқыланды.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов «бүгінгі күні жергілікті билік мемлекеттік қызметтердің 192 түрін ұсынады» деп хабарлады. Тек 2018 жылдың бірінші тоқсанында халыққа 972 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Баяндамашы өткен жылы көрсетілген қызметтердің сапасына ішкі бақылау жүргізу аясында бірқатар бұзушылықтарды анықтады.  Жергілікті атқарушы органдардың қызмет көрсету уақытын  бұзған 135 жағдай анықталды.

Сонымен қатар, жиын барысында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің және Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашевтың баяндамалары тыңдалды.

Облыс басшысы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын одан әрі арттырудың маңыздылығын, халықтың ішінде электрондық форматтағы қызметтерді алуды насихаттау жөнінде айтты. Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне бұл мәселені бақылауды күшейту тапсырылды.

Сонымен қатар, ол «бір терезе» принципін қолдануды кеңейту мақсатында «Халықтық кеңсе» мемлекеттік қызмет көрсету орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы және Ақтөбе қаласы әкімдігінің ақпараттық жүйелерін ықпалдастыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

— Мемлекеттік қызметтер жұртшылық үшін барынша қолжетімді болуы керек. Мемлекеттік қызметтер көрсетудің стандарттарын  мүлтіксіз орындалуын қатаң қадағалау қажет, сонда оң нәтиже болады, — деді Б.Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button