Әлеумет

Мағыналы қойылымдар, жеке кездесулер

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету


«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының бірінші — діни мәселелерге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізу жөніндегі ақпараттық-насихаттық топ Темір ауданының халқымен кездесті. Аудан әкімі Асқар Жүсібәлиевтің қатысуымен өткен кездесуде тұрғындар топ мүшелеріне көкейдегі сұрақтарын қойып, дін тақырыбына қатысты мол мағлұмат алды. 


Ақпараттық топ құрамындабілім, дене шынықтыру және спорт, мәдениет, архивтер және құжаттама, дін істері жөніндегі басқарма мамандары бар. Оған қоса «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теологтары, республикалық ақпараттық-насихаттық топтың мүшелері Сансызбай Шоқанов пен Оралхан Сейдман да болды. Дін өкілдері мешіттерде кездесулер өткізіп, Исламдағы Ханафи мазхабының ролін түсіндірді, вахабиттік ағымның пайда болуын, оның дәстүрлі дінге қарама-қайшылығы мен қателіктерін, адамды адастыратын деструктивті діни ағымдар туралы айтты. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының өкілі, имам Төлеби Оспан жергілікті молдаларға Ақтөбе медресесінде ұйымдастырылатын курстарда оқып, білімін жетілдіріп тұру қажеттігін ұсынды.

Аталған ақпараттық топ кездесулерден өзге түрлі мәдени-спорттық шаралар да ұйымдастырды. Мәселен, Кеңқияқ ауылындағы Мәдениет үйіне жиналған тұрғындар Мұғалжар ауданы әкімдігінің қолдауымен дайындалған «Ойраны шыққан отбасы» қойылымын тамашалады. Темірліктерге «Аңсар» орталығының бастамасымен әзірленген «Үлкен сұрақ» қойылымы да ұсынылды. «Аңсар» орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменовтің айтуынша, деструктивті діни ағымның жетегінде кеткен қыз бала туралы қойылым тұрғындарға шайтани секталардың адам тағдырына, отбасы тағдырына қалай теріс ықпал ететінін баян етеді.

Кеңқияқ, Шұбарши, Саркөл, Қопа ауылдарында діни терроризм мен терроризмнің алдын алу мақсатындағы «Қара жол» фильмі көрсетілді, Шұбарқұдық кәсіпшілік мешітінде, Кеңқияқ орта мектебінде «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдеріне арналған шеберлік сабақтары, ата-аналармен, оқушылармен«Бала, ата-ана және дәстүрлі дін» атты кездесулер ұйымдастырылды. Ал бүгін-ертең Шұбарқұдық ауылында «Салт-дәстүр — рухани құндылық» атты көрме мен «Рухани жаңғыру: ауыл кітапханаларының даму тенденциясы мен жетілдіру әрекеттері» атты семинар-тренинг, жасөспірімдерге психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету жөнінде семинар, хореографтарға арналған шеберлік сабақтары өткізіледі.

Еске сала кетейік, өткен аптада десант Мұғалжар ауданына барды. Имамдар мен теологтар мешіттерде жамағатпен кездесті. Дін жолындағы әйел адамдармен жекелеген кездесулер ұйымдастырылды. 168/5 түзету мекемесінде сотталушыларға діни тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 18 адам дәстүрлі дінге оралуға шешім қабылдады.

Қ.АБАТОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button