Мәдениет

Нұрсұлу Тапалова атындағы байқау: «Орда гүлдері» озды

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш балеринасы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі Нұрсұлу Тапалова атындағы «Бидің ханшайымы — Нұрсұлу» атты ІV республикалық байқауының гала-концерті мен марапаттау рәсімі өтті. Шараның өзі аңыз адамның туғанына 95 жыл толуына байланысты орайластырылды.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен өткізілген байқаудың мақсаты — қазақтың балет бишісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген артисі, жерлесіміз Нұрсұлу Тапалованың шығармашылығын насихаттау және «халықтық», «үлгілі» атақтары бар би ұжымдарына қолдау көрсету, олардың шеберлігін шыңдау. Оған алдын ала жіберілген бейнематериалдардан іріктелген Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 8 би ұжымы қатысты. Олар талап бойынша қазақ, әлем халықтарының биі мен еркін тақырыпқа арналған өнер туындыларын орындады. Ал қазылар алқасының құрамында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Алмат Құмаржанов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы Гүлмира Ғаббасова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Аққу» би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлнар Мамбетова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Қаршыға  Дандағариев болды.

Екі күнге созылған байқаудың қорытындысы бойынша I орынды батысқазақстандық үлгілі «Орда гүлдері» би ансамблі жеңіп алды. Жүлделі II орынды үлгілі «Меруерт» (Атырау облысы)  пен «Нұр шашу» (Ақтөбе облысы) би ансамбльдері бөліссе, III орынды өзара халықтық «Махаббат» (Жамбыл облысы) және «Жұлдыз» (Атырау облысы) би ансамбльдері иеленді. Жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button