Экономика

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Премьер-Министрге облыстың үстіміздегі жылдың І тоқсанындағы дамуы туралы есеп берді

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ел өңірлерінің экономиканы дамыту бойынша 2018 жылға арналған мақсатты индикаторларға қол жеткізу мәселелері бойынша селекторлық режімде жұмыс кеңесін өткізді.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының экономика өсімін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында облыста Жобалық басқарма құрылғанын айтты. Құрамына облыстық 10 басқарма кіргізілген Жобалық штаб жасақталды.

Штабтың басты міндеті —  2018 жылдың қорытындысы бойынша экономика өсімін 5%-ға пайызға жеткізу шараларын іске асыруды қамтамасыз ету. Нақты жұмыстар жүргізілетін мақсатты индикаторлардың негізгі бағыттары анықталды.

Облыс әкімі Жобалық басқарманың әр бағыты бойынша жан-жақты баяндады.

«Инвестиция тарту» жобасы шеңберінде ҚР Инвестиция және даму министрлігі мен «КазахИнвест» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен келісілген 416 млрд теңге көлемінде 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жалпы 2018 жылы 18,5 млрд теңгеге 12 жобаны және көлемі 12,5 млрд теңге болатын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы 5 ірі жобаны пайдалануға беру көзделуде. Тұтастай алғанда, облыс экономикасына биылғы жылы 512 млрд теңгеден кем емес инвестиция тартылмақшы, оның 75 пайызы — бюджеттен тыс қаржы.

«Базалық индустрияландыру» бағыты бойынша биыл 2 өңірлік бастама жүзеге асырылады: бұлар — құны 148 млрд теңге құрайтын, 5 млн тонна руда өндіретін, 600 жұмыс орнын жасақтайтын «AltynEX» тау-кен металлургия комбинаты; керамогранит пен керамикалық плиталар өндіретін, құны 7 млрд теңге құрайтын «Зерде-Керамика-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Жалпы бағасы 38 млрд теңгеге 25 өндірістік кәсіпорындарын жаңғырту жоспарланып отыр. Айта кету керек, қазіргі күнге дейін облыста 12 кәсіпорын жаңғыртылды.

Қолға алынған шаралардың нәтижесінде үстіміздегі жылы өнеркәсіп өсімі 5%-дан асады, ал өндіруші кәсіпорындардың үлесі экономика құрылымында 11,7%-дан 13%-ға дейін ұлғаяды.

«Отын-энергетика кешенін» дамыту бағытында Қожасай кен орнында құны 21 млрд теңге болатын, жылына 300 млн текше метр газ өндіретін қуаттылығы бар «Gas processinq» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кешендік әзірлік қондырғысының құрылысы жүргізілуде.

«Бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша бизнестің процедуралық шешімдерін оңтайландыру және азайту үшін жұмыс тобы құрылды. Шағын және орта бизнес құрылымдарына биылғы жылы 22 млрд теңгеден кем емес қаржылық қолдау көрсетіледі.

Ақтөбе қаласында былтырғы жылдың қыркүйек айында «бір терезе» принципі бойынша 20-дан астам мекеме 600-ден астам қызмет көрсететін «Халықтық кеңсе» офисі ашылды. Кәсіпкерлік үлесінің жалпы қосылған құны 444 млрд теңгеге жетеді, бұл 2016 жылғы деңгейден 43,6 млрд теңгеге көп. Бүгінгі күннің өзінде шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарының 4,4%-ға, яғни 51,5 мың бірлікке өсуі байқалып отыр.

«Сауда саласын жаңғырту» бағыты бойынша 1,2 мың кәсіпкер цифрлық және қаржылық сауаттылыққа оқытылады. Жалпы алғанда облыстың алдындағы биылғы жылғы міндет — бөлшек саудадағы тауар айналымының физикалық көлем индексін 5%-ға өсіруді немесе 650 млрд теңгеге жеткізуді қамтамасыз ету.

«Агроөнеркәсіп кешендерін дамыту» шеңберінде басымдық суармалы егіс алқабын көбейтуге, суармалы егіншілік пен ауыл шаруашылығының дәстүрлі емес түрлерін ұлғайтуға, тұтастай алғанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге беріледі. Бұған және басқа да шараларға 14 млрд теңге қаралып отыр. Агроөнеркәсіп кешендерінің экспортқа өнім шығаруы 10%-ға жетеді деп күтілуде.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік «Фермерлерге қызмет көрсету» жобасын жүзеге асыру басталды, «АкТеп» пен «Айста» аграрлық сектордағы цифрлық технологияны ендіру жөнінде осыған ұқсас жұмыстар жалғастырылуда.

«Туризмді дамыту» бағыты бойынша 2018 жылы құны 2,9 млрд теңге болатын 5 ірі жоба жүзеге асырылады.

«Көлік пен логистиканы дамыту» бағыты шеңберінде биылғы жылы тауар айналымы жылына 984 мың тонна құрайтын «КТЖ Экспресс» акционерлік қоғамы көлік-логистикалық орталығының құрылысын жүргізу басталды. Бұған қоса жобалық басқармадан тыс құны 1,7 млрд теңге болатын жол бойылық сервистік 17 объект тұрғызылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз адамдарды кәсіппен айналысуға жетелеп, бұқаралық кәсіпкерлікке тартуды қамтамасыз ету үшін «Өнімді жұмыспен қамту» бағыты бойынша 42 мың адам қамтылып, 17,5 мыңнан кем емес жаңа жұмыс орны ашылады.

Еңбек нарығын жаңғырту мақсатында жалақыны өсіру бойынша жұмыстар жүргізілуде: жалақыны 10%-дан 30%-ға дейін көтеруді ұстанған 448 кәсіпорынмен меморандумдарға қол қойылды.

«Білім саласын дамыту» бағыты бойынша «Білім саласындағы хабты жаңа экономиканың драйвері ретінде дамыту» жобасы іске асырылуда, 3 бастама қолға алынбақшы.

Биылғы жылы 38 балалар бақшасы пайдалануға беріліп, 3-6 жастағы бүлдіршіндерді қамту 98% құрайды. Қазір облыста 26 мектептің құрылысы жүргізілуде, биылғы жылы 13 мектеп пайдалануға берілмекші.

Мемлекет басшысының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде облыс бойынша Ақтөбе қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары үшін — 12, ал жоғары оқу орны үшін 1 жатақхана салу керектігі анықталды.

«Денсаулық сақтау саласын дамыту» бағыты бойынша негізгі салмақ бүгінгі күні құны 14 млрд теңге болатын 14 мемлекеттік-жекеменшік жобаларды іске асырып жатқан медициналық кластерді одан әрі дамытуға бағытталып отыр.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button