Мәдениет

Астанаға арналды

Ақтөбе қаласындағы «Жұбановтар әлемі» мәдени орталығында елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай белгілі сазгер, әнші Сейсен Айтжановтың «Көктем шуағы» атты жеке шығармашылық кеші өтті.

Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға сазгердің жерлестері мен ән сүйер қауым қатысты.

Кеш шымылдығы Сейсен Айтжановтың шәкірттері жолдаған бейнероликпен ашылды. Бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жеке студияларын ашқан дарынды жастар композиторға жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Сейсен Айтжанов сахна төрінде өнер сүйер қауыммен жүздесіп, шағармашылық табыстарымен бөлісті. Алғашқы әнін туған өлкесіне арнаған «Шығырлым» әнімен бастады.

— Әр адамның ауылы — дүниедегі ең қа­дір­лі мекен. Бойындағы бар жақсы қасиеті үшін туған жеріне қарыздар. Бұл «Шығырлым» әні — туған жерге деген сағыныштан туған туынды, — деді композитор.
Сейсен Айтжанов 60-тан астам әннің авторы. Кеш барысында оның «Шұбарқұдық», «Ақтөбе таңы», «Жан жарым», «Қош бол дегім келмейді», «Туған жерім — Темірім», «Алдамайды жүрек» сынды бірқатар әуезді әндері орындалды.

Кеште «Арт тұмар» триосы, қаламызға белгілі отбасылық дуэттер Нұрлан мен Жанар, Шынтас пен Айнагүл ән шырқап, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар композитор өмірлік жары Айнагүл Айтжановамен қосылып бірқатар әндер орындады.

Шара соңында Сейсен Айтжановтың Темір ауданынан келген жерлестері мен ұстаздары шығармашылық табыс тілеп, құрмет көрсетті.

 А.ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button