Ауыл

Малы саудың — жаны сау

Дөңгелек үстел

Таяуда  Темір ауданының орталығында мал тұқымын асылдандыру, асылтұқымды мал басын сақтап көбейту, малдәрігерлік қызметтің жауапкершілігін арттырып, малдың жұқпалы ауруларымен күресу, оны болдырмаудың жолдарын тиянақтау жөнінде дөңгелек үстел ұйымдастырылып, ашық әңгіме, пікір алысу өтті.

Оған ауылдық округтерден шаруа қожалықтарының басшылары мен мал дәрігерлері, дәрігерлік бақылау қызметкерлері қатысты.

Ашық әңгімені облыстық аумақтық инспекцияның асылтұқымды мал шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік инспекциясы бөлімінің басшысы  Мұрат Жаналин жүргізді.

Ол мал тұқымын асылдандыруға байланысты облыс бойынша жүргізіліп жатқан шараларға тоқтала келіп, ондай  малдарды сатып алуға болатын тиімді орындарды атады.  Біздің жайлымдық  өңірлерде бағылған мал өнімдерінің сапасы, тазалығы шетелдіктерді де қызықтырып отырғандығына нақты мысалдар келтірді. Асылтұқымды мал алу үшін жеңілдікпен берілетін несиенің жай-жапсарымен де қатысушыларды хабардар етті.  Сонымен бірге, ауданның қой шаруашылығында қой түлігін өсіретін асылтұқымды шаруашылықтың жоқтығын, мұндай шаруашылықты құрудың мүмкіндіктерін әңгімеледі. Осы реттегі өзге аудандардың тәжірибелері мен атқарып жатқан жұмыстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, аталған инспекция өкілі ауданның Ақсай, Шығырлы, Кеңесту, Алтықарасу ауылдық округтерінен дөңгелек үстел басындағы әңгімеге  қатысқан «Пірім», «Қуаныш», «Берді», тағы басқа шаруа қожалықтарының басшылары қойған бруцеллез ауруларының алдын алуға байланысты сұрақтарына жауап берді.

Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Темір аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Дәурен Жақсығали аудандағы малды асылдандыруға байланысты атқарылып жатқан шараларды айта келіп, малдың жұқпалы сарып ауруларынан сақтанудың жолдарына тоқталды. Осы жұмысты ұйымдастыруда орын алып отырған кемшіліктерді, алдағы уақытта оларды болдырмаудың  шараларын айтып, түсінік берді.

Осы тақырып төңірегінде аудандық деңгейдегі мал мамандары өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button