Әлеумет

Жаңа формат: мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек

2015 жылғы 28 қазанда  «Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне халықты әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы»  №369  Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Осы Заң аясында  2018 жылдан үш түрлі  әлеуметтік жәрдемақылар:

– көпбалалы отбасыларына берілетін арнаулы  мемлекеттік жәрдемақы;

– аз қамтылған отбасыларына берілетін  он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы;

– аз қамтылған  отбасыларына берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек оңтайландырылды (біріздендірілді).

Олардың орнына 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  бір жәрдемақы ретінде жаңа форматтағы  мемлекеттік атаулы әлеуметтік  көмек енгізілді.

Жаңа форматтағы мемлекеттік  атаулы әлеуметтік көмек екі түрге бөлінеді:

  • шартсыз,
  • шартты ақшалай көмек.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек  отбасының жан басына шаққандағы орташа  табысы  кедейлік шегінен аспайтын отбасыларға (азаматтарға)  беріледі.  2018 жылдан  ең төменгі күнкөріс деңгейінен кедейлік шегінің мөлшері  40%-дан 50%-ға дейін арттырылды (ең төменгі күнкөріс деңгейі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ресми сайтынан алынады).

Ақтөбе облысы бойынша кедейшілік шегі 2018 жылдың 1 тоқсанында 11219 теңгені құрады  (ең төменгі күнкөріс деңгейі — 22438 теңге).

Адамға (отбасына) берілетін  атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері жан басына шаққандағы орташа табыс пен отбасының әрбір мүшесіне есептелген кедейлік шегінің белгіленген айырмасы түрінде есептелінеді.

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға)  беріледі.

Мұндай отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыспен қамтудың белсенді  шараларына қатысу міндетті емес. Шартсыз ақшалай көмек  өтініш берілген айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады  және ай сайын төленеді.

Шартты ақшалай көмек отбасында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Олармен алты айға әлеуметтік келісім шарт жасалады және келесі міндеттер жүктеледі:

  • жұмыспен қамту орталықтары жұмыс ұсынады және отбасыға әлеуметтік көмектер  береді;
  • атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасындағы еңбекке жарамды мүшелері  ұсынылған жұмысқа баруға  және  отбасы әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысуға міндетті.

Шартты ақшалай көмек алты айға дейін тағайындалады, ол ай сайын немесе біржолғы төлем ретінде үш айда бір рет төленеді. Біржолғы төлем жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға (үй малын, құстарды және басқаларды сатып алуға) және  дара кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыруға ғана қолданылады. Біржолғы төлем ретінде  берілген көмектің  мақсатты түрде жұмсалуы қадағаланады.

Әлеуметтік келісімшарт бұзылған жағдайда, яғни міндеттемелер орындалмаған жағдайда шартты ақшалай көмек төленуі тоқтатылады:

– бірінші рет, балаларын және 7 жасқа дейінгі бала күтімімен отырған аналарды қоспағанда шартты ақшалай көмек мөлшері  50%-ға азаяды:

– міндеттерді екінші рет орындамаған жағдайда, балаларын және 7 жасқа дейінгі  бала күтімімен  отырған аналарды қоспағанда басқа мүшелеріне шартты ақшалай көмек төлеу 100%-ға тоқтатылады

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің бұрынғы әлеуметтік төлем түрлерінен  айырмашылығы:

  • бұрын отбасыға (азаматқа) тек қана ақшалай  көмек берілді:
  • қазіргі күні отбасыға (азаматқа) үш  түрлі  қолдау көрсетіледі, олар:
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту;
  • отбасына (азаматтарға) әлеуметтік бейімдеу шараларын ұсыну.

2018 жылдан  жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті  алуға үміткер отбасы (азамат) тұрғылықты (тіркелген) мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталығына, ал ауылдық жерлерде кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне жүгінеді.

Бұл жерде атап өтетін жайт, адамға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуына көмек көрсетіледі, отбасына  әлеуметтік бейімдеу шаралары қолданылады. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады.

Г.СЕКСЕНБАЕВА,

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button