Әлеумет

Бірде-бір тұрғынның мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайды

Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Бейсенбі күні «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының «Әлеуметтік мәселерді шешу» бағыты бойынша топ мүшелері Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында болып, кездесулер өткізді.

Айта кетейік, бұл бағыт аясында дәрігерлер тегін консультациялық қызметтер көрсетіп, оқушылар медициналық тексеруден өткізіледі, қажет болған жағдайда хирургиялық және басқа да көмектер көрсетіледі. Еңбек ұжымдарында, мүгедектермен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылармен, жұмыссыздармен кездесулерде еңбек заңнамасы, әлеуметтік қамсыздандырудың мәселелері түсіндіріледі.

Сәуірдің 2-сі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың төрағалығымен өз жұмысын Мұғалжар ауданының Ембі қаласында бастаған ақпараттық топ бұған дейін ауданның Жем қаласында, Батпақкөл  селолық окгугінде болып, тұрғындармен кездесті. Жеке қабылдаулар ұйымдастырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға техникалық көмекші құралдар табысталды. 4 күн ішіндегі кездесу нәтижесінде 18 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды. «Жақыныңа көмек қолын соз» акциясы аясында 13 адамға нақты көмек көрсетілді.  17 мекемеде кездесу өткізіліп, 39 адамның еңбек шарты жасақталды.

Топ өкілдерінің айтуынша, жоба аясында 385 бала медициналық тексеруден өтіп, 27 балаға облыстық ауруханаларға тексерістен өтуге, 41 балаға тұрғылықты мекенжайы бойынша  ем қабылдауға жолдама берілді. Ал 135 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді.

Екпеден бас тартқан 26 адамға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1245 адам қамтылды.

Бейсенбі  күні Мұғалжар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен жұмыспен қамту орталығында бас қосқан топ мүшелері таңғы сағат 9.00-де әр бағыт бойынша Қандыағаш қаласында өз жұмыстарын бастап кетті.

Бір тобы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларда болып, кездесу өткізсе, енді бір топ 2018 жылдан бастап алдыңғы толқыннан кешігіп зейнеткерлікке шығатын 1960-1961 жылы туған әйел адамдарға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді пайдалану жолдарын түсіндірді. Сонымен қатар мамандар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға барып, ақыл-кеңестерін айтып, жұмысқа орналасудың жолдарын түсіндірді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Ләззат Жұбандықова аудан орталығындағы мамандарымен бірге Қандыағаш қаласында тұратын мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, оқу-машинасын, тифло-тірек және т.б. техникалық көмекші құралдарын апарды.

Алдымен көпбалалы ана Әлия Жұмабайдың шаңырағына барған топ мүшелері 2015 жылы дүниеге келген Ақниет есімді сәбиге жүруге көмекші жетек арба және жаялықтар мен жөргектер апарды.

Жас болса да 5 бала тәрбиелеп отырған Әлия бала күтімімен үй шаруасында. Сәбиінің үлкені 11 жаста болса, кішісі 3-ке енді толады. Жолдасы теміржол саласында жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға риза болған жас ана өзінің шексіз алғысын айтты.

Біз секілді көпбалалы аналарға бұл үлкен қолдау. Елеп-ескеріп, үйімізге арнайы келіп, көмек көрсетіп жатқандарына рақмет. Жағдайымды барып айтқанда жылы қарсы алады. Оның өзі біз үшін үлкен қуаныш, — дейді Әлия Жұмабай.  

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 3 наурыздағы №102 қаулысында мүгедектерге берілетін техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар мен арнаулы жүріп-тұру құралдарының тізбесі бекітілген болатын. Тізбеде 13 техникалық көмекші құралы көрсетілген. Ішінде мүгедектердің жүруіне көмектесетін жетек арба да бар.

Топ өкілдерін ерекше күтіп алып, қарсы алған қандыағаштық тұрғын Жанша Жақсыгелдіқызы болды. 3-топ мүгедегі Жанша Жақсыгелдіқызына топ мүшелері тифло-тірек табыстады. Тифло-тірек — аяғында ақауы бар жандарға көктайғақта өте қажет құрылғылардың бірі. Әрі кез келген уақытта қол сөмкесіне салып жүруге ыңғайлы етіп жасалған.

Мұғалжар ауданында мүмкіндігі шектеулі кез келген жанға ерекше жағдай жасалған. Оны өзімнің көзім жеткен соң анық айта аламын. Өзге беріліп жатқан көмектерге қоса жылына бір рет демалыс орындарына жолдама беріледі. Осы ретте облыс басшылығына, аудан әкімдігіне ерекше алғысымды айтқым келеді, — дейді Жанша Жақсыгелдіқызы.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, Мұғалжар ауданына шыққан топтың құрамында 22 маман жұмыс жасауда. Олардың қатарында дәрігерлер, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары, еңбек инспекциясының өкілдері, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері бар.

Біздің құрам 567 адаммен нақты жұмыстар жүргіземіз деп алдымызға жоспар құрып алған болатынбыз. Олардың ішінде 40 мүмкіндігі шектеулі жанның үйіне барып, 19 мүмкіндігі шектеулі жанды қажетті техникалық құралдарымен қамтамасыз ететін боламыз. Сондай-ақ  аз қамтылған 78 отбасына барып, 12 отбасыға жаңа форматтағы әлеуметтік көмек тағайындауды жоспарлап отырмыз. Және 14 отбасыға қайырымдылық көмек көрсетілетін болады. Біз келген аудан, ауыл тұрғынына қолдан келгенше көмек көрсетуге дайынбыз. Бірде-бір тұрғынның мұң-мұқтажы ескерусіз қалмайды, — дейді басқарма басшысы.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қандыағаш қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button