Әлеумет

Жақсы жолдың жемісі

Мерей

Сексендегі сергектікті алдыңғы буын аға толқынның бойынан сезініп, олармен кездесіп қалғанда іштей ұялғанымыздан өзіміздің аяғымыздан кері тарта бастаған әлдебір марғаулықты ысырып-ақ тастағымыз келеді. Бірақ бәрібір «ондай болмақ қайда?»  деп, «шіркін, бұл кісілердің сүйегі асыл ғой!» деп әбден мойындап бір тоқтаймыз.

Бүгінгі күні облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы қызметін атқарып, үлкен шаһардың кез келген бұрышына жаяу тарта беруден тайсалмайтын сондай жандардың бірі Құбайдолла Бітіков десек, артық айтқандық бола қоймас.

Ол әке тәлімі мен тағылымын алға ұстап, бет түзейтін құбыласы іспетті сезініп өскенін әрдайым айтып отырады.

Шынында да, Қобда өңірінің байырғы тұрғындары Нұрғали ақсақал туралы жақсы білетін. Оны құрметтейтін, қадір тұтатын. Ал ол кісіні сондай биікке жеткізген — шынайы ерлігі мен еңбегі.

Біз кейіпкеріміздің табиғатын тереңірек түсіну үшін әуелі ол үлгі ретінде ұстанған әке туралы біраз сөз қозғап көрелік.

Нұрғали Бітіков — ел қорғаған майдангер. Ол Ақтөбеде жасақталған атақты 101-атқыштар бригадасы құрамында сапқа тұрып, «жауды жеңем!» деген ойды жанына серік етіп, майданға бет алады. Бір қызығы, осы қатерлі жолға шығарда үйдегі әйелі мен балаларына «мен аман-есен ораламын, күтіңдер!» деп уәделі сөзін айтады. Оған отбасы мүшелері де сенеді. «Жақсы сөз — жарым ырыс» деген бар ғой, сол жақсы тілек орындалады. Ол соғысты жеңіспен аяқтап, елге мерейі үстем болып оралады.

Майдангердің ерлігі І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны алғаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен атап өтілді. Гимнастеркасының кеудесі орден-медальға толы жауынгердің елге мерейлі оралуы көпшілікке жігер берді.

Ол бір күн де демалмастан елдегі еңбекке қызу араласып кетеді. Бірден шопандық еңбек тізгінін ұстайды. Сол кездегі ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Мәселен, бағымындағы әр жүз саулықтан 140-150 қозыдан өргізеді, мол етіп жүн алады. Еңбектегі ерлік те лайықты бағаланады. Жоғары марапат — Еңбек Қызыл Ту ордені кеудесіне тағылады. Атақты шопанның ардақты есімі Қазақстанның Алтын кітабына әдіптеп жазылады. Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы ерекше құрметпен беріледі.

Осының бәрі — кішкентайынан әке жанынан шықпай, оң жақ шалғайына жабысып жүріп өскен бала Құбайдолланың тәлім алған мектебі.

Содан да болар, Құбайдолла Бітіковтің еңбек кітапшасындағы шопан жәрдемшісі деген жазу 1952 жылдан басталады. Одан бері алпыс алты жыл өтіпті. Бір адамның ғұмыры дерлік уақыт. Құбекең сол қалпы. Таңертеңнен қызмет орнынан табылып, өзі басқаратын қоғамның жұмысын ілгері жылжытуға ұмтылады. Бұл дегеніңіз — мүгедек жандарға қамқорлық жасау, олардың мүдделерін қорғап, жан-жаққа шапқылау.

Оның белсенді іс-қимылының бастауының өзі әлгінде айтқанымыздай, балалық шақтан басталған. Әкесі — мақтаулы шопан, белсенді еңбеккер болғандықтан, баласына да сол өлшемнен табылу жарасымды болатыны анық. Солай болды да. Ол Қобда қазақ орта мектебінде оқып жүргенінде комсомол ұйымына жетекшілік етті. Өзі қатарлы жастарды жігерлендіріп, көптеген жақсы істердің ұйытқысына айналады. Сол тұстағы буын өзгеше белсенді, алға ұмтылғыш болатын. Кейін көбісі ел шаруасына кеңінен араласып, Қобда өңірінің жақсы атағын шығаруға лайықты үлес қосты.

Шопанның баласы мектеп бітірген соң да ауыл тірлігін түзеуге ынталы болды ма, алысқа ұзамай, Темір қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына тура жол тартады. Мұнда да жастар жетекшісі болып, көзге түседі. Шынын айтқанда, көзге түсейін деп ұмтылмайды, көңілі танып тұрған тірлікті тындырып тастау ниеті оның дәрежесін көтере түседі.

Орта арнаулы біліммен туған өңірге келген ол еңбекке қызу араласады. Мақсаты — ауыл шаруашылығын көтеру. Техникум қабырғасында алған білімін тәжірибемен ұштастырып, мал өнімдерін молайтуды алдына міндет етіп қояды. Жиырма үш жасында Калинин атындағы колхоздың бас зоттехнигі болған ол осы міндетті сегіз жылдай атқарады. Сол аралықта Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына сырттай оқуға түседі.

Отыз бір жасында «Красный пахарь» деп аталатын ірі колхоздың басқарма төрағасы болып сайлануы оған көрсетілген үлкен сенім еді. Ол кездегі шаруашылықтардың жұмысы сан-салалы. Бір жағынан мал шаруашылығын дамыту міндеті тұрса, екінші жағынан егіншіліктің өзіндік мәселелері және алдыңнан шығады. Мал маманының осы тұста агроном болуына да тура келген. Күні-түні басқарма басымен егіс алқабын жаяу аралап, өнім шығымын зерттеп, біресе аспаннан жаңбыр дәметіп, талай мазасыз күндерді бастан кешкені есінде.

Құбайдолла аға мал маманы ретінде өзі еңбек еткен шаруашылықта цыгай тұқымды қойды өсіруді қолға алғанын көбірек ойына оралтады. Бұл, әрине, құрғақ тілекпен, ізгі ниетпен жүзеге аса қоятын жұмыс емес. Ғылыми негіздемелердің, жаңа тұқымның жергілікті жерге бейімделуін үйлестірудің қажет жері осы болды. Сондықтан да селекциялық және мал тұқымын асылдандыру шаралары бірізділікпен жүзеге асырыла бастады. Украинаның, Қырымның асылтұқымды зауыт-шаруашылықтарымен байланыс орнатылды. Сол кездері атағы алысқа жетіп, дүрілдеп тұрған Роза Люксембург атындағы асылтұқымды мал шаруашылығы бірлестігімен Қобда өңірі аралығына желі тартылғандай сәт орнаған еді. Ал өз облысымыздағы «Жиренқопа» асылтұқымды кеңшарының мол өнім беруге бейімделген қойлары да Құбекеңнің көзіне түспей қалмайды. Мал тұқымын асылдандырамын деп бірыңғай алысқа шапқылай бермей, ауыл арасынан да жақсы жол табады.

Құбайдолла ағаның қай шаруаны да ғылыми негізде атқаруға ұмтылуы өз жемісін бермей қоймайды. Оның сол уақыттарда Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жанындағы бонитерлер жоғары мектебін үздік бітіріп алуын осы бағыттағы бір ізденісі деп бағалаған жөн болар. Ізденіс түбі игілік екені мәлім. Құбекең облыс аумағында жоғары өнім беретін цигай қойының батысқазақстандық тұқымын қалыптастырып, дамытуға елеулі үлес қосқанын осы салада еңбек етіп жүрген ғалымдардың өзі бағалаған.

Бүгінгі заманда қой жүнін қай жаққа өткізу проблемаға айналды. Ал сол тұста Калинин атындағы колхоздың қойынан қырқып алған жүн Жамбыл, Семей қалаларындағы алғашқы жүн өңдеу фабрикаларына кідіріссіз қабылданған. Оны айтасыз, Ленинградтағы Тельман атындағы фабриканың өзі жергілікті өнімді мемлекеттік стандарттарға сәйкес келеді деп бағалаған. Осындай жақсы көрсеткіштердің бәрі шаруашылықты мол пайдаға шығарды, табыс көзін тапқан білікті мамандар еңбегі жоғары бағаланып жатты.

Құбекең әкесінен кейінгі бір ұстазы ретінде Федор Евгеньевич Чемоданов есімін құрметпен айтып жүреді.

— Мен Федор Евгеньевичті ол Калинин атындағы колхоздың төрағасы қызметінде жүрген тұсынан білетін едім, — дейді ол. — Мен техникум бітіргеннен кейін оның қарамағында еңбек еттім. Қолға алған істі атқарудағы табандылығын, қайтпас қайсарлығын үйрендім. Сондай еңбегінің арқасында ол Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайланды. Бұл біз үшін ортақ мақтаныш болды.

Құбайдолла ағамыз өзі құрмет тұтатын Федор Евгеньевич Чемодановпен кейін Қарабұтақ ауданында үш жылдай қызметтес болады. Бірі аудандық атқару комитетінің төрағасы болса, екіншісі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарады.

Сонау сексенінші жылдары Құбайдолла аға Ырғыз аудандық атқару комитетінің төрағасы, одан кейін облыстық сүт өнеркәсібі бірлестігінің бас директоры қызметтерінің тізгінін ұстады. Абыройсыз болған жоқ, еңбегі жанып, қай жерде жүрсе де оңынан бағаланды.

Ардагер аға ұзақ жылғы еңбек жолында кеудесіне қос-қостан Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерін қадады.

Бүгінде Құбайдолла ағамыз жанындағы серігі Мәншүк апаймен бірге жарасты ғұмыр кешуде.

Бітіковтер әулетінің жайқалған жапырақтары алып бәйтеректің берекесі іспетті. Құбайдолла ағаның үлкені Әбдуали Жаңажол газ өңдеу зауытында электр жабдықтарына қатысты қызметтің бастығы болып еңбек етеді. Ал Исламғалиы бастапқыда құрылыс техникумын бітірген, кейін тарихшы және заңгерлік мамандықты қоса игерді. Ал кенжесі Ерболат «Казавианавигация» мекемесінде инженер болып еңбек етеді.

Құбайдолла ағаның аялап өсірген үш тал гүлі — Қымбат, Сәуле және Әйгерім бүгінде өз мамандықтары бойынша халық шаруашылығы салаларында қызмет атқарады.

Соның бәрі әке үшін мақтаныш. Балаларынан тараған немерелері мен шөберелері аталарын жақсы көреді. Ал атасы болса солардың бәрін бауырына басып, өзінің бүгінгі биігі — мерейлі сексен жылдық ғұмыр жолының жемісі іспетті күй кешеді…

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button