Денсаулық

Жүрек соғуы бұзылған науқастарға алғаш рет ота жасалды

Ақтөбе медициналық орталығында алғаш рет жүрек соғуы бұзылған науқастарға ота жасалды.

Медициналық кластер құрылғаннан бастап орталықта күрделі оталар жасалып жатыр. Бұл жолы Астана қаласындағы ғылыми кардиохирургия орталығының аритмология бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Аян Әбдірахманов ақтөбелік интервенционды кардиологтарға шеберлік сабағын өткізді. Сабақ барысында жүрек соғуы бұзылған төрт адамға ота жасалды. Он сағатқа созылған операция сәтті өтті. Қазір екі науқас ауруханадан шығарылса, екеуі дәрігерлердің бақылауында жатыр. Медициналық орталықтың интервенционды кардиолог-аритмологі Жамбыл Жайлыбаевтың айтуынша, аурухана ашылғалы бұндай ота алғаш рет жасалып отыр.

— Жүрегінің соғуы бұзылған қырық жастағы әйел адамға «CRT-D» кардиостимулятор аппараты қойылды. Аппарат қойылғаннан кейін жүрек қарыншалары өз ретімен жиырылып, қан айналым қызметі жақсарады. Ал қалған үш науқасқа электрофизиологиялық зерттеу жасалып, жүрек ырғағының бұзылысы анықталып,  «Karto-3» навигациялық аппараты арқылы радиотолқынды күйдіру, яғни абляция жасалды. Қазір науқастардың барлығының жағдайы қалыпты. Ауруханада жатқандары қатаң бақылауда.  Отаның сәтті өтуіне дәрігерлер үлкен күш жұмсады. Жалпы бұндай ота бір адамның күшімен емес, топтық жұмыстың арқасында жүзеге асады. Бір дәрігер компьютерді басқарса, екіншісі соның көмегі арқылы операцияны жүзеге асырады. Бұдан басқа анестезиолог, реаниматолог секілді мамандардың еңбегі зор. Сондай-ақ  Айдос Таумов, Болат Хамидолла, Талғат Айтжанов секілді білікті дәрігерлер отаның сәтті өтуіне күш салды, — деді Жамбыл Жайлыбаев.

Кардиологияның күрделі бағыты —  аритмология еліміздің өңірлерінде кенже дамып келе жатыр. Жамбыл Жайлыбаев облыс медицинасының сапасын арттыру үшін осы бағытты да жандандыру керектігін айтады. Қазіргі күні медициналық орталықтағы кардиолог дәрігерлер білімдерін жетілдіріп, электрофизиологиялық аппаратпен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеруге күш салуда.

— Аритмологияны дамыту үшін әлі де оқу керек. Жалпы жүректегі бұндай ауру түрі  бұрыннан да бар. Бірақ оны анықтау қиын болғандықтан, нақты диагноз қойылмайтын. Ал қазір диагностиканың сапасы артты, нәтижесінде аурудың да саны өсіп отыр, — деді кардиолог.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button