Мәдениет

Халықаралық театр күні: 15 қызметкер марапатталды

27 наурыз — Халықаралық театр күніне орай өңірдегі осы сала қызметкерлерінің қатысуымен мерекелік жиын өтті. Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында ұйымдастырылған шарада бір топ маманға құрмет көрсетілді.

Атаулы күнге орайластырылған мерекелік шарада алдымен сахналық костюмдердің, жәдігерлердің көрмесі өтіп, көрермендерге театрдың тыныс-тіршілігі жөнінде хабар берілді. Одан соң Ахтанов театрының қазақ және орыс труппалары, «Екі езу» сатира театры, «Алақай» қуыршақ театры, қалалық Мәдениет үйіне қарасты қазақ саңыраулар қоғамының жанынан ашылған «Біз сіздерді сүйеміз!» халықтық клоунада театры, сондай-ақ, «Тарлан» көпсалалы колледжі «Актерлік өнер» мамандығының оқушыларының әріптестеріне арнаған өнері ұсынылды.

Салтанатты шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева:

— Бүгін Халықаралық театр күніне орай керемет кеш сыйлаған артистерге шын жүректен алғыс айта отырып, баршаңызды осынау мерекемен құттықтаймын.

Театрға әр келген сайын әртүрлі спектакль көреміз. Дегенмен, жылына бір рет — 27 наурыз күні осындағы барлық театрдың әртүрлі жанрдағы қойылымдарына бір сәтте куә боламыз. Сондықтан да бұл күннің, кім-кімге болсын, маңызы ерек деп білемін. Бүгін өнер көрсеткен әр театрдың облыстың мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, колледж оқушылары — болашақ актерлердің еңбегін де айрықша атап өтсем деймін.

Осы орайда бүгін Алматыдан жеткен қуанышты хабармен бөліскім келеді. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері  Бағдат Телеуғалиев Қазақстан театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен өткен «Сахнагер — 2018» Ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері атанды. Әріптесімізді осынау жеңісімен құттықтай отырып, мұндай марапат барлығыңызға жұғысты болсын демекпін, — дей келе, облыс әкімінің атынан бір топ театр қызметкеріне Алғыс хат пен ақшалай сыйлықтарды табыс етті. Бас-аяғы 15 адамның арасында Ақтөбедегі театрлардың актер, режиссер сияқты шығармашылықтың нақ өкілдері ғана емес, аудандардан келгендер де бар.

Өз кезегінде Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директорының орынбасары Жандос Еспанбетовтің айтуынша, қазіргі таңда актерлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлы Жеңіс күніне орай «Мерген Әлия» спектаклін сахналауға дайындықты бастап кеткен. Қойылымның аты айтып тұрғандай, ол жерлесіміз Әлия Молдағұлованың майдандағы ерлік жолынан сыр шертеді. Ақтөбелік көрермен қауымға спектакль қазақша және орысша — екі  тілде жол тартпақ. Мұнымен бірге, алдағы сәуір айында «Балауса» эксперименталды спектакльдер байқауы өтеді деп жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button