Әлеумет

Елдің ертеңгі тірегі — жас ұрпақ

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі жоғары білім беретін оқу орындарына жаңа тың серпін әкелді. Осы маңызды құжатта баяндалған үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға арналған.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі жылдарда Елбасы алға қойған міндеттер өз кезегімен мүлтіксіз жүзеге асып келеді. Бұл жолы да солай болатынына сенімдіміз. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты да бұған өз үлесін қосатын болады.

Қазіргі таңда біздің институтта Мемлекет басшысы алға қойған үш тұғырлы тілді дамыту мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Атап айтсақ, институтта жедел кеңестер, мәжілістер, түрлі мерекелік іс-шаралар қазақ тілінде өткізіледі. Сондай-ақ қызметкерлер арасында жүргізілетін қазақ тілі және шет тілі сабақтарын өткізу жұмысы нақты жолға қойылған.

Қызметкерлер үш тілді меңгеру деңгейіне қарай бастауыш, жалғастырушы, тереңдетілген топтарға бөлініп, дәріс алады. Институтта үш тілдік арнайы лингофон кабинеті бар. Ол бүгінгі заман талабына сай тілдерді үйренуге тигізер ықпалы зор аудио-бейнетаспалармен, көрнекі құралдармен, оқу-әдістемелік оқулықтармен, стендтермен, материалдық-техникалық құралдармен, компьютер, лингофондық жүйемен жабдықталған.

Институт басшылығы тарапынан Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы, латын әліпбиіне көшу талабы, бес әлеуметтік бастамасы аясындағы міндеттердің бұлжытпай орындалуына ұдайы бағыт ұсталады. Өйткені бұл мақсаттардың жүзеге асуы — курсанттардың білім кеңістігіне еркін самғауына жол ашады, әлемдік ғылым құпияларына үңіліп, өз қабілетін дамытуына мүмкіндік береді.

Елбасы өзінің әлеуметтік бес бастамасын жариялаған Үндеуінде: «Біз әлеуметтік мемлекет пен ұлттық өркендеудің шынайы әрі сындарлы қазақстандық моделін міндетті түрде бірге жасайтынымызға сенімдімін» деп мәлімдеді. Бұдан Мемлекет басшысының қоғамымыздың ертеңгі нық тірегі — жас ұрпаққа деген зор сенімін де аңғарамыз. Демек, біз еліміздің даму деңгейін көркейтуге барынша атсалысуымыз керек. Ал елімізді жедел қарқынмен дамыту үшін, ең әуелі, Елбасымыздың атап көрсеткеніндей, ғылым мен білімге назар аудару қажет. Ғылым мен мәдениетті дамытпай, алдыңғы қатарлы ел болам деу арман күйінде қалар еді. Сондықтан біздің оқу орны үш тұғырлы тілді, оның ішінде ана тілімізді оқытуға айрықша маңыз беруде.

 Сәния МЕНДЫБАЕВА,

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының жалпы білім беру пәндер кафедрасының қазақ тілі пәні оқытушысы, полиция майоры.

 

ӘР ОТБАСЫНА ЖЕҢІЛДІК ӘКЕЛЕДІ

Президенттің Үндеуінде айтылған әлеуметтік бастамалар қазақстандықтардың әл-ауқатын әрі қарай жақсарта түсуді көздейді.

Сөзінің басында Елбасы: «Біз бәріміз бірге өте күрделі, қилы замандардан өттік. Тәуелсіздіктің ең тағдыршешті сәттерінде мені әрдайым қолдаған халқыма алғыс айтамын» деп, бұл бастамаларды жүзеге асыратын қалың елге зор үміт артады. Бірлік пен ынтымақ, өзара құрмет пен сенім кемел келешектің кепілі екенін еске салады.

Елбасы ұсынған бұл бес әлеуметтік бастаманың қай-қайсысы да елдің көкейінде жүрген мәселелер екені анық. Мектеп бітірген түлектер үшін оқу гранттарын ұлғайту, студенттердің жатақхана мәселесін шешу, тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру, жеңілдетілген шағын несие беруді көбейту, елдің өңірлерін газбен қамтуды жалғастыру сынды мәселелердің барлығы да айрықша маңызды.

Елбасының екінші бастамасы жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуды көздейді. Мәселен, алдағы жылдың бірінші қаңтарынан бастап жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін олардың салық жүктемесін он есеге азайтып, 1 пайыз ғана салық салу ұсынылды. Осылайша салықты азайтудан шығатын қаржы олардың жалақысын көбейтуге жұмсалуы қажет. Сонда еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейеді екен. Бұл Үндеуде айтылғандай, 2 миллионнан астам адамды қамтиды. Тек осы әлеуметтік бастаманың жүзеге асуы көптеген отбасына айтарлықтай  жеңілдіктер әкелетінін анық.

 Асылбек САРИН,

еңбек ардагері.

Ырғыз ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button