Жаңалықтар

Биыл облыста атаулы әлеуметтік көмекті іске асыруға 798,5 млн теңге қарастырылды

Мәслихат

№22 Мәртөк сайлау округінің депутаты Аманкелді Есіркеповтің төрағалық етуімен облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Оған облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ басқарма басшылары қатысты.

Отырыста облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды ресмилендіру бойынша атқарылған шаралар туралы баяндады.

Оның айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес қолданыстағы үш түрлі әлеуметтік жәрдемақы, атап айтсақ, аз қамтылған отбасыларға берілетін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, аз қамтылған отбасылардағы он сегіз жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы, көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы біріздендіріліп, олардың орнына жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек еніп отыр.

  • Жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек шартсыз және шартты болып екіге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға берілсе, шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыларға әлеуметтік келісімшарт арқылы, сондай-ақ отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. Биыл облыс бойынша республикалық бюджеттен жаңа форматтағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті іске асыруға 798,5 миллион теңге қаржы қарастырылды, — деді Қ.Отаров.

Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы 62 аз қамтылған отбасыға 5,7 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек, 6278 аз қамтылған отбасына 346,3 млн теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы, сондай-ақ 10 452 көпбалалы отбасыға 1120,0 млн теңге арнаулы мемлекеттік жәрдемақы берілген.

  • Биылғы жылдың 1 наурызындағы көрсеткіштер бойынша облыста жұмыспен қамтудың кешенді жоспарына сәйкес 4350 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 241 адам еңбекке орналасқан. Сондай-ақ бүгінге дейін 118 203 адамның әлеуметтік статусы анықталып, ақпараттық жүйеге енгізілді, — деді Қайрат Отаров.

Оның айтуынша, Ақтөбе қаласы және облыс аудандары бойынша әлеуметтік статустары нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар және тіркелмеген жұмыссыздар ретінде 34 734 адам анықталып, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Отырыста аталған мәселе бойынша мәслихат депутаттары басқарма басшысына өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.

Тұрақты комиссия отырысының қорытындысы бойынша депутаттар қаралған мәселені сессияның қарауына енгізу туралы қаулы қабылдады.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button