Әлеумет

Сапалы жұмыспен қамту — әлеуметтік қорғаудың негізі

Жолдау

Елбасы Жолдауы — еліміздің одан әрі дамуының негізгі бағыттары, алдағы жылдардағы мемлекет дамуының басты басымдықтарын айқындайтын саяси құжат. «Төртінші индустриалды революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында айтылған міндеттердің бірі — сапалы жұмыспен қамту және әділ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі.

Жоғары сапалы жұмыспен қамтамасыз ету  — халықты әлеуметтік қорғаудың негізі саналады. Адам ресурстарының әлеуетін дамыту және іске асырудың маңызды шарты — әлеуметтік әл-ауқатты арттырудың негізгі құралдары мен өмір сапасын жақсарту.

Елбасы Жолдауында экономикалық өсім резерві болып табылатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналасуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтамасыз ету қажеттілігін атап өтті. Биыл халықты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша Кешенді жоспарға сәйкес, облыста 32 мыңнан астам, оның ішінде 17 мыңға жуық жұмыссыз және 9 мыңнан аса өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтамасыз етіледі. Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған белсенді шаралар жоспарланды. Олар — еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып колледждерде және жұмыс берушілердің оқу орталықтарында кәсіптік даярлау, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, өз бизнесін ашуға және әрі қарай дамытуға шағын несие алуға ықпал ету,  әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру,  тәжірибе алу мақсатында білім беру мекемелерінің түлектеріне жастар тәжірибесін ұйымдастыру, сондай-ақ жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік гранттар беру.

Жолдауда бірыңғай электрондық еңбек биржасын енгізу қажеттілігі турасында айтылады. Онда бос  жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс.

Электронды еңбек биржасы — бос жұмыс орындарына азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін сандық алаң. Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz интернет-ресурсы негізінде жұмыс істейді.

Бүгінгі таңда интернет-ресурста 1716 бос жұмыс орны және 3168 түйіндеме орналастырылған. Бұл  ақпараттар күн сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар,  2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Жолдауда айтылғандай, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізілді. Әлеуметтік көмек көрсетудің мақсаты — көмек алушылардың әлеуметтік жауапкершілігін, олардың жұмыс іздеуге және өзін-өзі қамтамасыз етуге ынталылығын нығайтады, сондай-ақ ел экономикасының дамуына үлес қосуын арттырады.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек екі түрде, яғни шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндігі шектеулі адамдардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын  отбасыларға (азаматтарға) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Бұл орайда,  қойылатын шарт — жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.

Биылғы жылға 12,4 мың отбасында тұратын 59,8 мың азаматқа 665,5 млн теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек көрсету жоспарлануда.

Облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар органдарының  қызметі әрі қарай жұмыспен қамтуға және халықтың әлеуметтік осал топтарын әлеуметтік қорғауға бағытталады.

Қ.ОТАРОВ,

облыстық жұмыспен қамтуды

үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасының басшысы.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button