Спорт

Ақтөбеде Қазақстан чемпионаты басталды!

Кеше Ақтөбе қаласындағы «Жекпе-жек» спорт сарайында еркін және әйелдер күресінен 1998-2000 жылдары туған жастар арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлық мейраммен тұспа-тұс келген шарада, сондай-ақ, бірқатар палуан мен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.

Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл республикалық жарыс — жастар арасында Әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу турнирлерінің бірі. Аталған чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан кадеттер мен жастар арасындағы Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Облыста еркін және әйелдер күресінен жарыстың өтіп жатқаны біз үшін үлкен мәртебе. Оның үстіне, осы жарысты ұйымдастырып жатқан — Қазақстан еркін күрес академиясы. Бұл біздегі күрестің әрі қарай дамуына үлкен әсерін тигізеді деп ойлаймыз. Болашақ чемпиондардың осындағы жастардың арасында бар екеніне сеніміміз кәміл.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, әр уақытта спортты, соның ішінде күресті қолдаймыз. Оның айғағы — өздеріңіз көріп отырған «Жекпе-жек» сарайы. Осыны салған кезде күресті дамытуды мақсат тұттық. Ең бастысы, спортшыларымыз шыңдалып, Қазақстанның абыройы арта берсін! Барлықтарыңызға табыс тілеймін. Бүгінгі мереке — Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! — деп лебізін білдіріп, артынша бірқатар спортшыны марапаттады. Атап айтсақ, жақында ғана Азия чемпионы атанған еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрислам Санаевқа Алғыс хат, екі бөлмелі пәтер мен 1 миллион теңгенің сертификатын, оның жаттықтырушысы Бауыржан Нұрмахановқа Алғыс хат пен 300 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды. Сондай-ақ, грек-рим күресінен биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов пен оның жаттықтырушысы Рахымжан Бақытжановқа ақшалай сыйлықтар берілсе, ал Алға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әйелдер күресінен аға жаттықтырушысы Қыдыржан Қарабалин ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен өткен жылдың қорытындысы бойынша «Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы» атанды.

Ашылу рәсімінің соңында еркін күрестен Олимпиада ойындарының чемпионы, бірнеше дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Қазақстан еркін күрес академиясының төрағасы әрі бас жаттықтырушысы Хаджимурат Гацалов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Айта кетейік, он салмақ дәрежесі бойынша UWW (халықаралық күрес түрлері федерациясы) ережелеріне сәйкес өткізіліп жатқан дода 24 наурызға дейін жалғасады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button