Мәдениет

«Достық сазы» керемет көңіл күй сыйлады

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы» фольклорлық ансамблі Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесіне арнап «Наурыз — жаңа күн» атты кешін өткізді. Өнер орталығында өткен кешке ҚР мәдениет қайраткері Өмірқұл Айниязов, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Жадыра Арыстанова арнайы келіп, ән шашуларын ұсынды.

Мерекелік кеш  композициялық қойылыммен басталып, ансамбльдің сүймелдеуімен  «Наурыз» әні айтылды.

Концерттік бағдарлама барысында көрермен халық күйлері мен әндерінен сусындап, шетел композиторларының шығармаларын тыңдады.

Өз өнерін кеш жүргізушісі, Орал-Қосай Байсеңгірдің «Ән бастау» әнімен бастаған Жадыра Арыстанованың әндерін  ақтөбелік көрермен ерекше қабыл алды. Әсіресе халық әні «Ақеркені» қалың жұртшылық зор ықыласпен тыңдады.

«Достық сазы» — еліміздегі шоқтығы биік фольклорлық ансабльдің бірі. Ол республикалық деңгейдегі өзге ансамбльдерден артық болмаса еш кем емес.  Біз әнмен өсіп, әнмен асқақтаған халықпыз ғой. Осындай есті әндер шырқалатын тамаша кеш болады деп ансамбльдің көркемдік жетекшісі Бақытбек Зейнелов хабарласқанда қуана-қуана бірден келістім. Арайлы Ақтөбемнің төрінде әуезді әндері мен күмбірлі күйлерін халық назарына  ұсынып жүрген шығармашылық топқа тек жетістіктер тілеймін, — дейді әнші Жадыра Арыстанова.

Бұдан өзге мерекелік кешке дәстүрлі әнші Жасұлан Қасымов, филормония әншілері Жұлдыз Нұрқасымова, Аймұрат Мәжікбаев қатысып,  «Аққу» би ансамблі өз өнерін көрсетті.

Шара соңында облыс басшылығы атынан ықылас гүлі берілді.  Кеш  Өмірқұл Айниязовтың  «Атамекен» атты әнімен аяқталды.

«Достық сазы» ансамблі 2011 жылы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Достық» үйінде құрылған болатын. Көркемдік жетекшісі — Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Бақытбек Зейнелов. Бүгінде шығармашылық топтың құрамында 10 адам бар.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

 

.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button