Мәдениет

Ақтөбеде «Шұбат-пати» ұйымдастырылады

Биыл Ақтөбе жұртшылығы Наурыз мерекесін бір ай тойлайды. 14 наурыз — Көрісу күнінен бастау алған бұл мереке қазір облыс орталығы мен барлық ауданда лайықты деңгейде тойланып жатыр. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаевадан осы жылы Наурыз тойын тойлаудың ерекшелігі турасында сұрап білген едік…

— Облыста Наурыз мерекесін тойлау іс-шарасы 14-наурыз — Көрісу күнінен бастау алды. Міне, сол уақыттан бері облыс орталығы мен барлық аудан, ауылдарда Наурыз тойын тойлау шаралары ұйымдастырылып жатыр. Жыл сайынғы дәстүр бойынша Наурыз мерекесін кеңінен насихаттау мақсатында бұл мейрам балабақшадан бастап түрлі еңбек ұжымдары арасында тойланып жатыр.

Ақтөбеде бір ай бойы тойланатын Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар айлығының тұжырымдамасы бекітілді. Соған сәйкес, 14-20 наурыз аралығында облыстың барлық балабақшасы мен мектептерінде «Наурыз — Жыл басы!» деген тақырыпта ертеңгіліктер ұйымдастырылып, мерекелік шаралар көрініс тауып жатыр. Бұл күндері білім беру ұйымдарында Наурыз тақырыбында концерттік бағдарламалар өткізіліп, ұлттық құндылықтарымыздан сыр шертетін түрлі ойын-сауықтар мен салт-дәстүрлеріміз насихатталып, спорттық жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Әрине, әрбір білім беру ұйымдары, түрлі еңбек ұжымдары аталған іс-шараларға үн қосып, лайықты деңгейде атап өтіп жатыр.

Биылғы Наурызды Ақтөбе жұртшылығы «Бауырсақ» мерекесін тойлаудан бастады.  Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта өткен «Бауырсақ» көрмесін облыстың белсенді жастары ұйымдастырды. Мерекеге сай жабдықталған саябақ алаңында ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жастар ақсақалдардың батасын алды. Әсіресе, бауырсақтар көрмесі көпшіліктің қызығушылығын туғызып, мерекенің сәнін келтіре түсті.

Сол сияқты, бұған дейін облыстың барлық өңірінде «Бастаңғы», «Алтыбақан жанында», «Ақсүйек» жастар кеші сынды шаралар өткізілді. Әрине, жастарымыз, кейінгі буынның халық арасында кең тараған әдет-ғұрыптарымызды білуі шарт. Осы аталған шаралардың ұйымдастырылуына облыс жастары бір кісідей атсалысып, белсенділік танытты. Тағы бір айта кететін жайт, соңғы кездері жастардың ұйымдастыруымен «Домбыра-Пати» өткізіліп жүр. Өнерсүйер жастар мұндай шараны асыға күтеді әрі белсенді қатысып жүр.

Аймақта бір айға созылған Наурыз мерекесі аясында «Наурызға шашу» тақырыбымен ұлттық қолөнер шеберлерінің де көрмесі өткізіліп жатыр. Әрине, Ақтөбе қолөнершілерге кенде емес. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің көрмесі облыс орталығынан бөлек, ауыл аймақтарда да ұйымдастырылып жатыр. Ұлттық нақыштағы киім киген жастарымыздың ұлттық биімізді ұлықтауға арналған шара — «Кел, билейік, достар!» тақырыбымен өтіп жатыр. Мақсат — бір ырғақта би билейтін жастарды бір мақсатқа жұмылдыру.

Ежелден желісі үзілмей, бүгінге жеткен салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды айшықтайтын қазақ халқының ауыз әдебиеті, әсіресе қазақ ертегілерін насихаттау мақсатында «Қазақ халық ертегілері — ұлттық тәрбие бастауы» атты ертегілер фестивалі бүгінде облыс мектептері мен балабақшаларында байқау сынды әртүрлі форматта ұсынылып, қойылып жатыр.

— Айлық кезінде қандай да бір қайырымдылық шаралары өткізіле ме?

— Бір айға созылатын Наурыз мерекесі кезінде қайырымдылық шараларын өткізу де басты назарға алынды. Соның бірі — «Әз Наурыз — желмаясы ізгіліктің» тақырыбында өткізілетін қайырымдылық акциясы. Бұл шара бүгін өткізілмек, яғни облыстағы кәсіпкер азаматтар, меценаттар, қоғамдық ұйымдар мен мекемелер тарапынан тұрмысы төмен отбасыларға және қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына жәрдем көрсетіліп, қайырымдылық шарасы ұйымдастырылатын болады. Сонымен қатар, мектепте жақсы оқитын оқушылар дәріптеліп, олимпиада жеңімпаздарына құрмет көрсетіледі. Білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік топтағы оқушыларды қолдау үшін ұйымдастырылатын «Бақытты бала көктемі» қайырымдылық акциясы — осы бағытта атқарылатын шаралардың бірі.

Міне, осындай шаралар қазір облыс аймақтарында өз жалғасын тауып жатыр.

— 22 наурыз күні ақтөбеліктерді қандай тосынсый күтпек?

— 21 наурыз күні Ақтөбе қаласы мен аудандарда түйе, ат жеккен шаналарын безендіріп, сырнайлатып-кернейлеткен жастар жағы Жарапазан айтып, халықты мерекемен құттықтап, Наурыз мейрамына шақырады. Келесі күні «Наурыз — құтты мекен Ақтөбеде!» халықтық қыдыру болады. Яғни, мереке күні Наурызға арналған мәдени көпшілік шаралар, театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, сауда-саттық қыза түспек. Келесі күні облыс орталығында Ақтөбе қаласы мен 12 ауданның тауар өндірушілерінің қатысуымен «Ақтөбеде жасалған» ұлттық тағамдар көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылады. Сол жерде «Шұбат-Пати» ұйымдастырылады. Көрмеге халқымыздың ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдары қойылады. Ақтөбеліктер шұбаттан дәм татып, өз бағасын береді.

Наурыз тойын тойлауға арналған бір ай уақыт ішінде «Этно-fashion» ұлттық киімдер флешмобы, дефиле де өткізу жоспарда бар. Наурыздың демалыс күндерінің бірінде Ақтөбе қаласындағы ипподромда көкпардан ашық турнир өтеді. «Дәстүрлер жаңғырады» атты этнографиялық кітап көрмесіне бір күн арналса, «Наурыз нақыштары» атты суретшілердің көрме-байқауына қатысушыларына қойылатын басты талап — жұмыстарында қазақ халқының бай мұрасы, салт-дәстүрі, ұлттық киім-кешектері мен ыдыс-аяқтары, музыкалық аспаптары бейнеленуі керек.

Бір айлық іс-шарасы кезінде «Ақ босағаның алтын діңгегі — әжелер» акциясы мерекенің көрігін қыздырып, енелер мен келіндер күнінде «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» тақырыбында апталық өтеді. Түрлі мекемелердің, сондай-ақ ауылдық жерлерде «Намысты елдің нар жігіттері» шарасы кезінде қазақша күрестен турнирлер өткізу жоспарланды.

Облыс территориясында Наурызды тойлау шаралары сәуірде де өз жалғасын таппақ. Келер айдың басында «Жалын жастар көктемі» жастар акциясы кезінде тал егу жұмыстары қолға алынып, үлкендерге құрмет көрсету, ауыл, қала жастарының слеті, сондай-ақ, түрлі спорттық шаралар өткізіліп, ән айтып, би билеуден сайыстар мерекені қыздыра түспек. Бата жарысы, «Береке басы — Наурыз!» этнографиялық танымдық көрмелердің бәрін сәуір айында өткізуді жоспарлап отырмыз.

Тағы бір айта кететін жайт, Наурыз тойын тойлаудан мүмкіндігі шектеулі жандар да құр қалмайды. «Наурыз — көктем шуағы» тақырыбында өткізілетін шарада мүгедек жандарды құттықтау, олардың арасында ұлттық тағамдар байқауын өткізу іс-шарасы жоспарланды. Айтысып, асық ату, ләңгі тебу, денсаулық марафонын өткізу, «Алтын оймақ» ою-өрнек фестивалі мен әкелер слетін ұйымдастыру жұмыстары да бүгінгі күні қызу дайындықпен жүргізіліп жатыр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір жылдығына  орай «Наурыз — жаңғыру нышаны» атты шаралар кешені де бір айлық кезінде қолға алынады.

Осылайша, 14 наурыз-15 сәуір аралығында өткізілетін мерекелік шаралардың қорытындысы бойынша «Наурыз! Береке! Бірлік!» атты гала-концерт кезінде жеңімпаздар мадақталып, сол күні оларға құрмет көрсетілмек.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button