БілімБасты жаңалықтар

Мектептердің құрылысы: 26 жоба. 10,4 миллиард теңге

Біздің облыста былтырдан бері мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Өткен жылы 31 жоба қолға алынса, биыл 26 жоба жүзеге асырылуда. Білім саласында бұрын-соңды мұндай ірі құрылыстар жүргізілген жоқ. Мектеп құрылысы үшін бөлінген қаржы көлемі де қомақты: былтыр барлық қаржыландыру көздерінен 17 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінсе, биылғы берілген қаржы — 10,4 миллиард теңге. Жаңа мектептердің сыйымдылығы да көп: былтырғы 31 жобадағы орын саны 13 080 болса, биыл салынып жатқан 26 мектеп 9490 орынға арналып отыр. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан осы үлкен жұмыстың арқасында облыстағы апатты жағдайдағы, апат алдында тұрған мектептердің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ, үш ауысымда білім беретін мектептердің саны анағұрлым азаятын болады.

Біз облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаевамен ұлт болашағына сапалы білім беру мақсатында мемлекет тарапынан жасалып жатқан игіліктердің бір парасы — мектептердің  құрылысы туралы әңгімелескен едік. Сонымен…

БҰРЫН-СОҢДЫ БОЛМАҒАН КӨРСЕТКІШ  

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев апатты жағдайдағы, апат алдындағы және үш ауысымда оқытатын мектептерді жою туралы тапсырма бергені белгілі. Біздің облыста бұл мақсаттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Әсіресе, былтырдан бері бұған дейін, бұрын-соңды болмаған жұмыстар атқарылуда. Мектептердің құрылыстары үшін бұрын небары 3-4 миллиард теңге бөлініп, бұл қаражатқа 5-6 мектеп салынатын-ды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар үшін бөлінетін қаржы 4,5 есеге артып отыр. Мәселен, былтыр 17 миллиард теңге бөлінсе, биыл 10,4 миллиард теңге бөлінді. Қаржы көлемі әлі де өсуі мүмкін. Өйткені тағы да 6 мектептің құрылысын қаржыландыру үшін Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жібердік. 6 жобаның алтауының да жобалық-сметалық құжаттары дайын, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Былтыр құрылысы жүргізілген 31 мектептің 14-і сол жылы пайдалануға берілді. Қалған 17 жобаның құрылысы биыл жалғасып жатыр. Сондай-ақ, 9 мектептің құрылысы басталды.

Биыл жүргізіліп жатқан 26 құрылыстың 7-еуі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында салынып жатыр. Бұл мақсатта Ұлттық қордан 4,2 миллиард теңге бөлінді. Ал 10 мектептің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландырылып отыр. Бөлінген қаржы көлемі — 4,5 миллиард теңге. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен 9 мектептің құрылысы қаржыландырылуда.

ҮШ АУЫСЫМДЫ ОҚУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Қазір облыста 21 үш ауысымда білім беретін мектеп бар. Биыл салынып жатқан жаңа мектептердің арқасында 15 мектептің мәселесі шешіледі. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы  Сүт зауыты шағын ауданында 600 орындық жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл мектептің арқасында бірден екі мектептің — №5 және №15 мектептердегі үш ауысымдық мәселесі шешілетін болады.

Жалпы үш ауысымды мектептердің басым бөлігі — 11-і облыс орталығында орналасқан. Әсіресе, 8,11,12-шағын аудандардағы мектептерде оқушы көп.

Сондай-ақ, Алға, Ырғыз, Байғанин, Мәртөк, Қарғалы, Шалқар, Темір мен Хромтау аудандарында үш ауысымды мектептер бар.

Жыл сайын жаңа құрылыстар салынып, мектептер пайдалануға берілгенмен, үш ауысымды мектептер мәселесі толықтай шешілер емес. Өйткені, бұл бала санының көптігінен болып отыр. Соңғы жылдары демографиялық өсім жақсы. Сондай-ақ, көші-қонға да байланысты. Біздің өңірге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан қоныс аударушылар бар. 2015-2016 оқу жылында облыста 123 мыңнан астам оқушы білім алса, қазір 133,6 мың бала оқып жатыр.

Дегенмен, үш ауысымда оқыту мәселесін 2020 жылға қарай толық шешетін боламыз, — дейді Ләззат Оразбаева.

ҚАЛА ІРГЕСІНДЕГІ БҰРЫН МЕКТЕБІ БОЛМАҒАН АУЫЛДА МЕКТЕП САЛЫНЫП ЖАТЫР

Өңірде бала санының көптігіне байланысты орын тапшылығы бар онға жуық мектеп тіркелген. Бұл мектептердің де үш ауысымда оқыту жүйесіне көшпеуі үшін алдын алу мақсатында жұмыстар жасалып жатыр.  Мысалы, Ақтөбе қаласындағы №9, №21, №27 мектептердің қосымша құрылысы жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттары дайын.

Мектеп салуда апатты, апат алды, үш ауысымды мектептерді жоюға басымдық беріледі.  Сондай-ақ, ыңғайластырған ғимаратта орналасқан мектептердің де мәселесін шешу назардан тыс қалмайды. Тіпті, бұрын-соңды мектеп салынбаған елді мекендерде жаңа мектеп бой көтеретін болады. Мысалы, облыс орталығы — Ақтөбенің іргесінде орналасқан  Украинка ауылында (Благодарный селолық округі) мектеп жоқ. Қазір аталған ауылда  300 орындық мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, облыс орталығындағы Қанағат тұрғын үй массивінде де 600 орындық  мектептің құрылысы жүргізілуде. Соның арқасында Құршасай ауылындағы №58 мектептің үш ауысымдық мәселесі шешілетін болады. Міне, мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауының арқасында біздің облыста тек қана үш ауысымды мектептердің мәселесі шешіліп жатқан жоқ, сондай-ақ бұрын-соңды мектебі болмаған ауылдарда, шағын аудандарда, тұрғын үй массивтерінде заман талабына сай білім шаңырақтары еңсе көтеруде, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ БІЛІМ ОРДАЛАРЫ

Қазір облыста апатты жағдайдағы екі мектеп бар. Олар: Мұғалжар ауданындағы Сағашилі және Құмжарған мектептері. Сағашилі орта мектебі үшін қаржы Ұлттық қордан бөлініп отыр. 320 орындық мектеп салынуда. Ал Құмжарған негізгі мектебі — 60 орындық.

Жыл сайын мектептерге техникалық тексеру жүргізіледі. Қорытындысында, облыста 1-2 апатты жағдайдағы мектеп анықталады. Күрделі жөндеу жүргізілгенмен, әбден ескірген ғимаратты сақтап қалу мүмкін емес. Өйткені өңірде 1920-1930  жылы салынған мектеп ғимараттары да бар. Ал нысандардың жарамдылық мерзімі — 50-60 жыл. Облыста тіпті, бұдан 113, 111 жыл бұрын еңсе тіктеген мектептер де бар. Мысалы, Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицей 1907 жылы бой көтерген. Ғимарат соғыс жылдары әскери госпиталь болған. Соғыстан кейін қайтадан білім саласына берілді. Қазір 400 орындық мектепте 900-ге жуық оқушы үш ауысымда білім алуда. Бұл мектептің мәселесін шешу үшін жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Жобаның құны — 925 миллион теңге. Қаржы мәселесі шешілсе, үш қабатты, 320 орындық ғимарат салынады. Айта кету керек, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында аталған мектептің құрылысы үшін 9,5 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжат әзірленді, — дейді Ләззат Аманжолқызы.

Оның айтуынша, Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар, Қобда аудандарында апат алдындағы мектептер бар.

Тексеру қорытындысында, апатты мектептер жыл сайын анықталғанымен, олардың мәселесі көпке созылмай, тез шешіледі. Мұндай мектепте балалар көп  дегенде бір жыл ғана оқуы мүмкін. Анықталған уақытта дереу қаржы қарастырылып, жаңа мектеп салынады, — дейді басқарма басшысы.

Ең ескі мектеп

Өңірдегі ең ескі білім шаңырағы — Мұғалжар ауданын Жем стансасындағы №57 бастауыш мектеп.  Сыйымдылығы 10 орындық мектепте қазір 6 бала оқып жатыр.

ОТ ЖАҒЫП, КҮЛ ШЫҒАРАТЫН МЕКТЕПТЕР АЗАЙДЫ

2015 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің тыныс-тірлігімен танысу мақсатында облыстағы 12 ауданға жасаған жұмыс сапарының бәрінде де ең алдымен сол ауылдардағы мектептің жағдайымен етене танысты. Сонда саманнан салынған 47 мектеп, қамыстан салынған 7 мектеп, пешпен жылытылатын 65 мектептің бар екені анықталған болатын. Мұны сынға алған облыс басшысы аудан әкімдеріне,  құзырлы мекеме басшыларына мәселені шешуді нықтап тапсырған-ды. Қазір бұл мәселе қалай шешілуде? Бұл туралы Ләззат Аманжолқызы былай дейді:

2015-2016 оқу жылында от жағып, күл шығаратын 65 мектеп болған еді. Қазір олардың саны — 23. Көптеген мектеп автономды жылу жүйесіне көшті. Кейбір мектептер электр желісіне және басқа да жылу жүйелеріне қосылды. Биыл тағы бір пешпен жылытылатын мектептің мәселесі шешіледі. Яғни, апатты жағдайдағы Құмжарған негізгі мектебі де пешпен жылытылған болатын.

Саманнан салынған мектептердің көпшілігі Мұғалжар (7) мен Байғанин (5) аудандарында орналасқан. Екі жылдың ішінде саманнан салынған 13 мектептің мәселесін шештік.

Қамыстан салынған 7 мектептің 7-еуі де Ырғыз ауданында орналасқан. Екі мектептің мәселесі шешілді: Жайсаңбай мен Ақши ауылдарындағы қамыстан салынған мектептердің орнына жаңа мектептер салынды.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button