Білім

Оқушылардың киім үлгісі талқыланды

Жыл басындағы мониторинг барысында облыстағы 88 мектепте 340 оқушының мектеп формасын сақтамайтыны анықталды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, 265 оқушы мектеп формасын киіп, мектепке бара бастады. Орамал таққан 32 оқушы басқа өңірлерге қоныс аударған. Қазір мектеп формасын сақтамаған 72 баланың ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәлихатында айтылды.

Шараға облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағанбетов, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық білім саласындағы бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанат Мұхамбеталина қатысты.

Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы №26 бұйрығы шыққан кезде орамал мәселесі туындады. Аталған құжатта мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы көрсетілген. Осыған байланысты мектептердің жарғыларына өзгеріс енгізілді. Мұнда мектепте діни және басқа атрибутика қолдануға болмайтындығы көрсетілген. Оқушылардың бәрі де бірдей киінуі тиіс. Кейбір азаматтар мектепте хижабқа жол берілмеуін Конституцияға қайшылық деп түсінеді. Шын мәнінде мемлекеттің барлық құқықтық нормалары Конституциядан бастау алады. Ата Заңда «діни сенім бостандығы» деген ұғым жоқ. Ол «ар-ождан бостандығы» ұғымының аясында қамтылады, — дейді Жолдас Қалмағанбетов.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, мектеп формасын сақтамаған оқушылардың ата-аналары тарапынан Ақтөбе қалалық, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Қобда аудандық соттарына талап-арыздар берілген. Ақтөбе қалалық соты бойынша Ақтөбе қаласы №8, 13, 23, 36, 40, 48, 49, 60, 62 мектептер мен Мұғалжар, Темір, Шалқар және Қобда аудандарында іс қаралып, ата-аналардың талап-арыздары қанағаттандырылған жоқ. Хромтау ауданында іс әлі қаралып жатыр.

Сонымен қатар облыстық білім саласындағы бақылау департаменті  «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі 409- бабы 2-тармағына сәйкес мектеп формасын сақтамаған 18 ата-анаға әкімшілік іс қозғалып, 5 АЕК негізінде айыппұл салынған.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.   

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button