Экономика

Ақтөбеде Астана күнінде 4 инвестициялық жоба іске қосылады

ЕҢСЕЛІ ЕЛОРДА

Жыл басталғалы Астана қаласының 20 жылдығына орай материалдарды жариялап келе жатқан газет редакциясы бұл жолы 6 шілде күні өңірімізде қандай кәсіпорындардың іске қосылатынына, жалпы айтулы күнге өндіріс ошақтарының нендей тарту жасайтынына тоқталады. Өйткені, Елбасының өзі атап өткендей, Ақтөбе — индустриялды аймақ.

Облыстық индустриялық-инновациялық басқармасының басшысы Ерлан Назаров пен сұхбатта алдымен биылғы межені атап өтті.

— Биыл елордамыз — Астананың 20 жылдығы қарсаңында облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындары 1 триллион 900 миллиард теңгеден астам өнім өндіреді деп жоспарлап отырмыз. Бұл, былтырғымен салыстырғанда, 105 пайызға артық. Президенттің берген тапсырмасына сәйкес, өңіріміздің экономикасын әртараптандыруды да жалғастырамыз. Бұл дегеніміз — шикізатты өндіріп қана қоймай, дайын өнімді шығаруды көбейтіп, өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру. Егер бұл көрсеткіш 2016 жыл 24 пайызды құраса, былтыр 33 пайызға жоғарылады, ал биыл 44 пайызға жеткізуді межелеудеміз. Жалпы, өңдеу өнеркәсібінде 840 миллиард теңгенің өнімін шығаруды жоспарлап отырмыз.

Өңір экономикасының өсу қарқынын арттыру үшін инвестиция тарту қажет, әрине. Өткен жылы негізгі капиталға 437 миллиард теңге инвестиция тартылды. Мұндағы өсім — 111,9 пайыз. Ал биыл жарты триллионнан артық инвестиция тарту жоспарда бар.

— Былтыр Астана қаласында «ЭКСПО-2017» көрмесі өтіп, оған ақтөбеліктер де атсалысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев онда таныстырылған бірқатар жобаларды Ақтөбеде іске асыру жайын тапсырған еді. Бұл жағы қалай шешіліп жатыр?

— Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің бірден-бір ерекшелігі — шекара аспай-ақ, өзге елдердің павильондарын көру арқылы жаңа технологиялармен танысу мүмкіндігін берді. Шараға 3 айда біздің облыстан 92 кәсіпорын барды.

Бүгінгі таңда өңір компанияларымен шетелдік әзірлеушілердің технологияларын өндіріске енгізу бойынша жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, «Ақтөбе хром қоспалары зауыты» акционерлік қоғамы — сутегі қозғалтқыштар, «Шығыс мұнай және сервистік қызмет көрсету» серіктестігі — қайта өңдеу және қалдықтарды жағу, «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы — жел электр станциясы, Өртке қарсы құрал-жабдықтар зауыты — баламалы энергия, тағы да басқа жобаларды іске асыру үшін шаралар қолға алынып жатыр. Биылдың өзінде «Зару» шаруа қожалығында және «ЖелЭнерго» серіктестігі аумағында жел электр станцияларын орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, былтыр көрме аясында облыс әкімдігі мен «Юнайтед Энерджи Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында альтернативті энергетика саласында оқу орталығы мен өндірістік базаны құру бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. Осы құжат бойынша «Ақтөбе» индустриялды аймағында биыл «Ақтөбе қаласында жел генераторларын өндіретін зауыт» жобасын жүзеге асыруға кірісу жоспарланып отыр. Оның жобалық қуаты жылына жүзге дейін генераторды шығаруға жетпек. Сол арқылы 500 жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

Астана күніне орай өңірімізде  қандай ғимараттар тапсырылмақ? Жалпы, сіздің салаңыз бойынша  салынып жатқан құрылыстарға тоқталсаңыз.

— Жылдың соңына дейін жалпы инвестициялар көлемі 72 миллиард теңгеге 2 мың жұмыс орнын құрып, 14 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде елорда күніне орай 4 инвестициялық жоба тапсырылмақ. Олар —«Силикат зауытының құрылысы», «Керамогранит және керамикалық тақтайшалар өндірісі», «Неміс технологиясы бойынша жүк автомобилін қалпына келтіру және жаңарту» және «Сұйылтылған газды сақтау бойынша газтолтырғыш станциясы» жобалары. Бұлардың барлығының өндірістік қуаты ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Әрі соның арқасында біршама адам жұмыспен қамтылмақ.

— Биыл мерейтойлы жыл болғандықтан, Елбасы Астана күнін жалпыхалықтық деңгейде атап өтуді тапсырды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер, әсіресе инновация саласындағы ақтөбелік іскер қауым өкілдері нендей үлес қоспақ?

— Бекітілген жоспарға сәйкес, облыс кәсіпорындары тиісті іс-шараларға қатысып, өз үлестерін қосады. Сәуір айында инновациялық форум өткізуді жоспарлап отырмыз. Форумның мақсаты — Ақтөбенің инновациялық қызметін дамыту және технологиялар саласындағы жаңа инновациялық мүмкіндіктерді ашу. Шараға министрлік пен комитеттердің, «КИРИ», «НАТР» акционерлік қоғамдардың өкілдері, облыс әкімдері, шетелдік қонақтар қатыспақ. Сонымен қатар, биыл Дөң тау-кен байыту комбинатына 80 жыл, Ақтөбе ферроқорытпа зауытына 75 жыл толады. Осы атаулы датаға байланысты «Молодежная» шахтасының жұмысшылары жыл басынан бері алғашқы жүз мың тонна өнімін шығарды.

Компания 80 жылдың ішінде әлемдегі сапасы бойынша теңдесі жоқ 200 миллион тоннадан астам хром кенін өндірді. Соңғы онжылдықта кәсіпорын қарқынды дамыды, жаңа технологиялар игерілді, жұмыс орындары ашылды, еңбек жағдайларын жеңілдететін және қолмен жұмыс күшін азайтатын жаңа жабдықтар енгізілді. Айтулы күнге байланысты басты шара шілде айында өтеді деп бекітілді.

— Астана мен Ақтөбенің байланысы қандай? Арадағы қарым-қатынасты одан сайын нығайта түсу үшін қолға алынған шаралар жөнінде бірер сөз…

— ЭКСПО көрмесі аясында «Пекин Палас» қонақүйінде облыстың инвестициялық жобаларының көрмесі өтті. Көрме барысында жалпы сомасы 2,1 миллиард теңге болатын 13 инвестициялық жоба ұсынылды. Облыс әкімі келушілерді аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетімен таныстырды, сондай-ақ, жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.  Оған еліміздің Сыртқы істер министрі, Инвестициялар және даму, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрліктерінің өкілдері, ұлттық компаниялар, шетелдік ұйымдардың мүшелері, АҚШ, Ресей, Корея, Армения және басқа да бірқатар елдердің дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.

20 жыл ішінде Астана қаласы үлкен құрылыс алаңына айналды. Осы құрылысқа әр қазақстандықтың қосар үлесі зор деп есептеймін. Облысымыздың кәсіпорындарынан көптеген құрылыс материалдары жіберіліп жатыр. Оның ішінде «Актобестройхиммонтаж», «Көктас», «Базальт-А», «Лотос-А» сияқты компанияларды атап өтуге болады.

Сөзіңіз аузыңызда, бүгінде Астанада Ақтөбе облысының атынан құрылыс нысандары салынып жатыр ма? Индустрия-инновация саласы бойынша бас қаланың 20 жылдық тойына Ақтөбенің атынан нендей сый ұсынылмақ?

— Қала күніне орай Астанада облысымыздың атынан тарту ретінде «Әлем қабырғасы» тұрғызылып жатыр.

— Ерлан Асылбекұлы, Астана — әр қазақстандыққа ортақ қала. Елорданың дамуына жеке басыңыз тарапынан қандай пайдаңыз тиді деп ойлайсыз?

— Есімде қалғаны, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқып жүргенде апта сайын сенбіліктерге қатысып, тал егетін едік. Сондықтан Астанамыздың жасыл желекке орануына және көркеюіне белгілі бір деңгейде үлес қостым деп есептеймін.

— Ал Елорданың «туған күніне» арналған мерекелік шаралардың қайсысы есіңізде қалды?

— Астана күні қарсаңында жаңа инвестициялық, өндірістік нысандарды ашуды дәстүрге айналдырдық десек те болады. Соңғы 2-3 жылда «Жедель плюс» серіктестігі, Үй құрылыс комбинаты, ет комбинаты, көліктік-логистикалық орталық және тағы да басқа нысандар іске қосылды. Осындай оқиғаларымен есте қалған Астана күндерін ұмыту мүмкін емес.

 «АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Астана Қазақстанда құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Қаланың ірі кәсіпорындары қатарында Целиноград вагон жөндеу зауытын, «Цесна-Астық» концернін,  «Тұлпар-Тальго» ЖШС жолаушылар вагонын құрастыру зауытын, «Еврокоптер Казахстан инжиниринг» ЖШС тікұшақ құрастыру зауытын айтуға болады.

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Нұрсұлтан БЕКМҰРАТОВ,

Қарғалы аудандық балалар өнер мектебі директорының орынбасары:

— Астана еліміздің жүрегі екеніне оған алғаш барғанда-ақ көзім жеткен. Өйткені ондағы ғимараттар, айтулы дизайн, жалпы өзіне ғана тән ерекшеліктер еліміздің өзге өңірлерінде жоқ.

Елордаға бірінші рет 2016 жылы халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысқанда бардым. Сондағы ұйымдастыру комитеті бізді, қатысушыларды «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» кешені, «Думан» орталығы сияқты көрнекті орындарға апарып, Астананың жалпы көріністерімен таныстырды. Сондағы алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бас қаланың ауа райы суық болғанымен, сәулеті таңдай қағуға тұрарлық екен. Бір Ақорда резиденциясының өзі неге тұрады?!

Екінші рет Астанаға былтыр, «ЭКСПО-2017» көрмесінің Ақтөбе күндері ұйымдастырылған кезде жолым түсті. Халықаралық шараға келген қонақтар мен қала тұрғындары алдында ақтөбелік өнерпаздар болып концерт қойдық. Сол кездегі көрерменнің ықыласы,  олардың өнерді сыйлауы мені ерекше тәнті етті. Ішімнен «Астана шынымен арман қала ғой» деп тұрдым. Шынын айту керек, әлі күнге дейін сол пікірдемін.

Сәті түссе, болашақта Астанаға қоныс аудару ойда бар. Өйткені елорда ең алдымен жастардың ордасы ғой. Әрі өнерпаздардың жиналған ортасы десем, қателесе қоймаспын. Сондықтан елорда дегенде менің көңілім алабөтен. Және осы мүмкіндікті пайдаланып, газет арқылы Астананың жайнап, жарқырай беруіне тілектестігімді білдіргім келеді.

 

  Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button