Спорт

Раиса Байлиева: Арманым — олимпиада чемпионын даярлап шығару

Ақтөбенің абыройын асқақтатып жүрген спортшы қыздар аз емес. Бірақ Раиса Байлиеваның орны бөлек. Ол — самбодан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бірнеше мәрте Азия мен Қазақстан чемпионаттарының жеңімпазы, полиция майоры. Көпшілік Раисаны осы қырынан таниды. Ал спортшы қыз өмірде қандай? Не себепті спорттың осы түрін таңдады? Қандай қиындықты жеңді? Чемпионды әңгімеге тарттық.

Спортшы қыз Ақтөбеде туып, өсті. Қаланың №6 мектебінде, кейін №44 орта мектепте оқыды. Жастайынан  спортпен шұғылданды. Раисаның балалық шағы тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңмен қатар келді. Әкесінен есін білмейтін кезде  айрылды. Ал қымбатшылық пен жұмыссыздық жайлаған уақытта отбасындағы жеті баланы анасы Мәриямның жеткізуі оңай болмады. Раиса анасының өздерін қандай қиындықпен өсіргенін көріп өсті.

—  Жетістікке жетіп, таныла бастаған кезде көп адамдар «сені спортқа жоқшылық па әлде намыс па, қайсысы алып келді?» деп сұрайтын. Мен екеуі де деп жауап беремін. Тоқсаныншы жылдардан кейінгі уақытта елімізде  қандай қиындықтардың болғанын үлкендер жақсы біледі. Тіпті нан тауып жеудің өзі мұң болатын. Жұмыс жоқ, халық айлап еңбекақы алмайды. Осындай кезде анам тыным таппай, «қайтсем балаларымды аш қалдырмаймын» деп жүгіріп жүріп жұмыс істеді. Мен анамның қиналғанын көрген кезде «қайткенде еңбегіңді ақтаймын, сенің атыңды шығарамын» деп өз өзіме уәде беретінмін. Анам бізді қатарымыздан кем қылмауға тырысты. Жақсы тәлім-тәрбие берді. Ал әрі қарай жақсы адам болуымыз өзімізге байланысты еді, — дейді спортшы қыз.

Анасының еңбегін ақтаймын деген Раиса оның тегіне жазылды. Сөйтіп нағашы атасының есімімен елге танылды.

Раисаның мықты спортшы  болып қалыптасуына ең алғашқы бапкері Александр Витальевич Анниковтың еңбегі зор. Бапкердің қырағы көзі Раисадан мықты спортшының шығатынын бірден байқады. Спорттың қыр-сырын әбден меңгертуге тырысты.1994 жылы спортшыны жаттықтырушы Валерий Иванович облыстық ішкі істер департаментінің тергеу изоляторына  жұмысқа шақырады. Ал бұндай жерде қыздарға жұмыс істеу оңай емес. Тіпті жігіттердің өзі шыдай бермейтін.

Көпшілік менің сыртқы түріме қарап, тентек қыздардың қатарына қосып жатады. Бірақ мен бала кезімнен тұйық, өздігімнен ешкімге тиіспейтін қыз болдым. Күшімді даладағы біреулерге көрсетіп, мықты болып көрінуге тырысқан емеспін. Ал тергеу изоляторына жұмысқа кіргенде небір қылмыскерді көрсесің. Тәртіпке бағынғынғысы келмегендерді «орнына» қоясың, — дейді Раиса.

Қызының шыққан биігін анасы Мәриям мақтаныш тұтты. Көрші-көлем, ағайын-туыстардың барлығы оның жетістігін айтқанда марқайып қалатын. Бірақ оның жеке өміріне алаңдады. Раисаның отбасын құрып, ана атанғанын қалады.

— «Отырған қыз орнын табар» демекші, әлі де үмітімді үзбеймін, іздеп жүрмін. Маған сөз салатын бір батыл жігіт табылады деп ойлаймын, — дейді Раиса күліп.

Раисаның Лиана есімді қызы бар. Ол да спортқа жақын. Жүзуден облыс чемпионы атанып жүр. Інісі мен келіні де өзімен бірге тұрады. Олар апасына қолдау білдіреді, демеу болады. Жарақат алса немесе қандайда бір проблема туындаса жанынан табылады. Спортшы денсаулығы болса әлі де белдесуге дайын. Қазір әлемдік додада Раисаның алдына түсер қыз жоқ.

— Әзірге өзге ұлттың қыздарына жол бермей тұрмын. Мәскеуге жарысқа барған сайын олар «Раиса, тағы  сіз келдіңізбе?» деп уайымдап қалады, — дейді спортшы.

Кейбір жігіттерде жоқ қайсарлық пен намысқа тырысушылық, жігерлілік секілді ерге тән қасиеттер Раисаның бойынан табылады. Қиындыққа төзе біледі. 2010 жылы үйі өртеніп, далада қалғанында да мойымады. Ел еңбегін ескерді, көмек көрсетті. Сол кезде облысты басқарып отырған азамат жігіттер көмектесіп, үй алып берді.

Жалпы әлем чемпионы атағы, яғни қандай да бір атақ-дәреже Раисаға  үлкен еңбекпен келді. Самбодан әлем чемпионы болу үшін сегіз рет әлемдік додадаға қатысты. Әмбебап күрестен чемпион атану үшін бес жыл тер төкті. 2000 жылы олимпиада ойындарына баруға да болар еді. Бірақ бапкерлердің салғырттығы мен немқұрайлығынан бұл додаға қатыса алмады.

—  Спортшының бағын бапкері ашады. Егер мықты бапкер болғанда мен баяғыда- ақ олимпиадаға қатысатын едім. 2000 жылы дзюдодан 60 келі салмақта Қазақстан бойынша чемпион атанып, Жапонияның Осака қаласында халықаралық жарысқа қатыстым. Бапкерім мені өзімнен он келі салмақ жоғары тайпейлік қызбен сайыстырды. Сол жарыста екі тізем шығып кетіп, жүре алмай қалдым. «Өмір бойы мүгедек болып қаламын ба?» деп қорықтым. Үш жыл Ақтөбеден сыртқа шыға алмадым. «Осыдан кейін ешқашан дзюдоға бармаспын» дедім. Әуелі Алла, содан кейін інім мен келінімнің арқасында  ешқандай отасыз аяғыммен жүріп кеттім. Айтайын дегенім, менің жарақат алуым — бапкердің қателігі еді. Ол жерде бапкер спортшыны ойлап тұрған жоқ. Егер Құдай сақтамағанда мен өмір бойы мүгедек болып қалар едім. Бізде әлі күнге дейін осылай. Жаттықтырушылар спортшыны жастайынан өз салмағынан екі-үш есе жоғары спортшылармен күрестіріп, сағын сындырады. Ауыр жарақат алып, соңында тіпті спорттан кетіп қалатындар бар. Ал жарысқа барған спортшы —  біреудің баласы, біреудің жалғызы. Баланың тағдырымен ойнауға, тәуекелге баруға болмайды. Өкінішке қарай, бізді бұл мәселе әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Мен де ұзақ жылдардан бері жастарды жаттықтырамын. Бірақ біреудің баласына жауапкершілікпен қараймын. Мәселен, қазіргі бапкерлердің  көпшілігі бір баланы көрді ме содан айрылмайды. Оны самбоға да, дзюдоға да, әмбебап күреске де апарады. Әбден титықтатады. Спортшының денсаулығын, оның болашағына бас қатырмайды.  Ал оның ішінде спортшы қыздар екі есе қиындық көреді. Қыздармен басқаша жұмыс істеу керек. Қазір бізде күрскенде алып жығатын мықты қыздар бар. Бірақ олардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалмай отыр. Жас спортшыны алға ұмтылдыру керек, спортшыларға психологиялық көмек көрсете білу керек. Осы тұрғыда бізде кемшілік көп, — дейді Раиса Байлиева.

Спортшы соңғы он жылдықта Ақтөбеден бірде бір олимпиада чемпионы шықпағанына қынжылатынын жасырмады. Кейінгі бапкерлерге көңілі толмайтынын айтты. Тіпті спортқа қатысы жоқ, халықаралық жарыстың не екенін білмейтін жас бапкерлер бұл саланы хоббиға айналдырып жібергенін, барлық мәселеге материалдық тұрғыдан қарайтынына  өкініш білдірді. Егер облыстың қазіргі жаттықтырушы құрамын өзгертпесе немесе қайта даярламаса, Ақтөбе спортының алға басуы мұң екенін айтты. Облыстың спорт саласына еңбегі сіңген олимпиада чемпиондарын дайындап шығарған Әлімбек Балмағанбетов, Мұқан Зарлықов секілді жаттықтырушылар назардан тыс қалды. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында өткен ХХVII Олимпиада ойындарына Ақтөбеден қатысқан үш спортшының бірі, облыстан алғаш рет әйелдер арасында олимпиада ойындарына қатысқан спортшы қыз — Гүлнар Көшербаева  да ескерусіз қалды. Спортшыларға ең алдымен жағдай жасалуы керек. Материалдық проблемадан құтылғанда ғана олар спортқа ден қояды. Өткен жылы Раиса Байлиева Мәскеуде өткен әлемдік жарыста әлем чемпионы атанып келді. Бірақ елге келгенде облыстық спорт басқармасы тарапынан  еңбекақысы төленбейтін болып шешіледі.

Әлем чемпионы атанып, Ақтөбенің абыройын асқақтатып келіп жатқанда осындай сый жасап қойыпты. Егер спортшы отбасын асырай алмаса, жағдайы болмаса қалай жетістікке жетеді. Мәселені басқарма басшысына да айттым. Шешіледі деумен әлі келеді. Жалпы Ақтөбе спортының жағдайы, өңірден бірде бір олимпиада чемпионының шықпағаны туралы облыс әкімі айтып жүр. Егер Бердібек Сапарбаев әкім болып келмегенде бұл мәселе сол күйінде қалып қоятын тәрізді, — дейді Раиса.

Қазір аймақтан шыққан мықты спортшылардың көпшілігі өзге өңірлерде жүр. Раиса Байлиеваны да сырт аймақ сан мәрте шақыртыпты. Бірақ ол Ақтөбенің намысы үшін жоғары жалақы мен жайлы жұмыстан бас тартты.

Бала кезімнен намысқой болып өстім. Қайда жүрсем де Ақтөбенің атына кір келтірмеуге тырысамын. Қазір шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Оларды тастап кете алмаймын. Арманым — олимпиада чемпионын даярлап шығару, — дейді спортшы.

Қазір Раиса ішкі істер департаментіне қарасты «Динамо» спорт клубында жастарды жаттықтырады. Олардың  арасында Эльмира Ысқақова секілді Азия чемпиондары бар. «Спорт жұлдыздары» журналының ұжымымен бірге батыс өңірді арлап, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру жұмыстарымен айналысады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button