Басты жаңалықтар

Воронеждан Прагага дейін

Қазірде сексеннің жетеуіне келген Жанша Мұстафин 19 жасында майданға аттанды. Алғаш рет 1942 жылдың 20 қыркүйегінде Воронеж түбіндегі шайқасқа кірді. Ал сол жылы 22 қарашада Кеңес әскері, атап айтқанда, Сталинград және Воронеж майданы жауынгерлері Паулюстың танк армиясын қоршауға алған ұрыста Жанша атай қолынан жараланып, госпитальға түседі. Он бес күннен кейін қатарға қосылып, Степной майданының 112-артиллериялық полкіне алынып, соғыс аяқталғанша осы құрамда болады. Бұл полк 1943 жылы атақты Курск иініндегі қырғын соғысқа бастан аяқ қатысып, 39-гвардиялық артиллериялық бригада болып қайта құрылады. Бригада 43-тің күзінде Днепрден өтіп, Киевті азат етеді. 1945 жылы қаңтарда Одер өзенінен өтіп, Германия аумағына кіреді. Содан оларды мамыр айында Прага бағытына аударады. Жанша Мұстафин Воронежден Прагаға дейінгі аралықта Украина, Польша, Чехословакия, Германияның жүздеген деревнялары мен қалаларын азат етуге қатысқан. Гвардиялық бригада осындай ерліктері үшін жоғары наградаларға ие болады, құрметке бөленеді. Ондағы солдаттар мен офицерлер түгелге дерлік ерліктің үлгісін көрсетті. Сол жуынгерлердің бірі Жанша атай да 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалін кеудесіне тағады.

Бригада бірнеше ұлт өкілдерінен құралса да, қиын-қыстауда бірін-бірі түсіне білді, бірге туған бауырлардай қарады. Тек 1-батареяда ғана 16 ұлттың өкілі болды. Бригададағы екі қазақтың екеуі де, Мұстафин мен шымкенттік Нағи Тастанбеков, елден дәм бұйырып, аман-есен оралды. Бірақ Жанша атай үш рет контузия алған.

1945 жылы соғыс аяқталғанымен, Ж.Мұстафин Армия қатарында жауынгерлік борышын жалғастырып, туған елге 1947 жылы ғана оралады. Келе сала білім алу қажеттігін түсінген Жанша атай жұмыс істей жүріп, сырттай орта мектепті бітіреді. Кейін орта арнаулы білім алып, агроном мамандығымен ауыл шаруашылығы саласында еңбек етеді. 1954 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады. Жүгері егіп, мол өнім жинайды. Малға сүрлем дайындайды. Агроном ретінде жоғары көрсеткіштерге жетіп, Мәскеуде өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады.

Сұрапыл соғыстан ауылға аман оралған ақсақалдан 9 бала өсіп-өнді. Ұлы Отан соғысының ардагері, І топтағы мүгедек Жанша Мұстафин Жеңістің 65 жылдығын қаруластарын еске ала отырып, балалары мен немерелері арасында қарсы алмақ.

Б.ТАМАБАЙҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button