Басты жаңалықтар

Оққағары бар қыз

Соғыстың басталуы орта мектепті енді бітірген Жаңыл Зұлқарнайқызының тракторшылық мамандықты игеруін тездетті.1941-1942 жылдары ол өзінің  туған жері — Новороссей ауданының Мағаджан ауылында тракторшы болып еңбек ететін. Өз құрбыларының арасында бірінші болып тракторшы қыз атанған-ды. Ал одан кейінгі жылдарда Краснояр өлкесіндегі МТС-қа тракторшы болып жұмысқа кіріп, ұрыс қимылдары жүріп жатқан майданның  алғы шебінде жүреді. Қолына қару алып, өзінің тракторымен жанар-жағармай тасиды. Сталинградты, КСРО-ның аумағындағы басқа да қалаларды жаудан қорғаған кезде бекіністер, блиндаждар мен окоптар қазуға қатысады. Бораған оқтың астында талай мәрте ажалдан сытылып шығады. Майдандас құрбылары ұрыс даласында алыстан жау көзіне шалынатын трактормен жүріп-ақ, үнемі аман-сау оралатын Жаңылды оққағары бар қыз деп атаған.

Қырық жыл қырғында да, ажалды өледі  деп бабаларымыз біліп айтқандай, Жаңыл Бақтыгелдина да оттың арасынан өзі де, тракторы да аман шығып, елге оралады. Соғыстан кейінгі бейбіт тірлігін тұрмысқа шығып, Ойыл ауданында жалғастырады. 1955 жылға дейін аудандық құқық қорғау органдарында қызмет істейді. Одан соң аудандық партия комитетіне қызметке ауысады. Осында қызмет істей жүріп, Ақтөбе педагогикалық училищесін сырттай оқып бітіреді. Қызметін аупаркомда лектор, нұсқаушылықтан бастап, әйелдер ісі жөніндегі бөлімді басқаруға дейін жетеді.

Алпысыншы жылдардың орта шенінде тәжірибелі партия қызметкерін ауылдарға ауыл шаруашылығын нығайтуға жібереді. Сол тұстағы Калинин атындағы, Қайыңды шаруашылықтарында жауапты жұмыстар атқарады. Ойыл аудандық байланыс бөлімшесін басқарады.

1965 жылы сауда саласына қызметке келеді. 1972 жылы қайтыс болғанға дейін, Құрманов атындағы кеңшардың тұтынушылар кооперациясының төрайымы болды. Сауда саласында айрықшы еңбегімен көрінген апалы-сіңлілі Жаңыл мен Сәулені ойылдықтар жақсы біледі. Екеуі де кезінде үкіметтік марапаттарға ие болды. Ұлы Отан соғысына тікелей қатысқан Жаңыл бірнеше майдандық медальдармен марапатталған. Жолдасы Орынбасар Омаров соғыста жараланып, екінші топтағы мүгедек болып оралған. 1952 жылы сол соғыс салған зардаптан қайтыс болады. Үйдің-түздің ауыртпалығы, жас қалған балаларды өсіру ананың иығына түседі.

Қазір Жаңыл апаның ұрпақтары өскен-өнген. Әр салада еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып жүр. Жеңіс мерекесі қарасаңында балалары, тіпті әжесін көрмеген немерелері  де майдан кезіндегі суретіне қарап, өздері үшін қымбат адамды еске алады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Суретте: Жаңыл Бақтыгелдинаның майдан жылдарындағы(сол жақтан шеткі) майдандас құрбыларымен бірге түскен суреті.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Саламатсыздарма!!!!Сіздерге хат жолдап отырган Қандыағаш қаласы 2 орта мектебінің мұғалімі Икласова Майра мен сіздің газетінізге жыл бойы жазыламын.Әсіресе ұнайтыны табиғат туралы  әнгімелеріңіз.Мен сізден өтініп сұрайтыным класымда Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған жақсы тәрбие сағаты өткізілген.Сонын мақала ретінде суретімен қабылдайсыздарма?Өтініш жауап жіберіңізші

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button