Басты жаңалықтар

Батыр атындағы көше

Ұлы Отан соғысы кезінде ерлік көрсеткен ержүрек жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағын алса, ерлігі  олардан кем түспеген солдаттар үш дәрежесі бар «Даңқ» орденімен марапатталды. Біздің қалада осы орденнің үш дәрежесіне толық ие төрт батырдың атымен аталатын көше бар.

Сәрсенғали Ешпаев

Сәрсенғали Ешпаев 1924 жылы Байғанин ауданында дүниеге келген.

Қызыл әскер қатарына  1942 жылы қабылданып, 1943 жылы  майданға араласады.

Калинин, Ленинград, және 1-ші Беларусь майдандарында 17-ші инженерлік-саперлік Гатчина бригадасы 81-ші жеке инженерлік-саперлік батальонының сапері ретінде соғысады.

1944 жылы саперлік құраманың қатарында Ухеконно ауылының тұсында жаудың алты ұңғылы минометін қолға түсіреді. Осы жылы 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Кейін Териоки қаласының маңында немістің бес жауынгерін қолға түсіріп, 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

Ал 1945 жылы С.Ешпаев Польшаға жақын маңдағы Пшил ауылында  жаудың 16 минасын залалсыздандырып, жауынгерлерді жау жасырынған жерге аман жеткізген. Ол бұл жолы 1-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1947 жылы  туған еліне оралып, қызмет етеді.  1985 және 1995 жылдары  Мәскеу қаласындағы Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысады.

Батырдың есімін елдің жадында қалдыру мақсатында  қаладағы бір көше С. Ешпаев атымен аталады.

1995 жылы  Ақтөбе қалалық мәслихатының №61 өкіміне сәйкес, «Заречный -1» аумағындағы жаңа көшеге Сәрсенғали Ешпаевтың есімі берілді.

Александр Гришин

1914 жылы Рязань облысының Кузьминское селосында дүниеге келген.  1921 жылы Ақтөбе жеріне қоныс аударады. 1930 жылы  7 сыныптық мектепті бітіріп, 1935 жылы  Ленинград қаласындағы киногерлік курсты тәмамдап, Ақтөбедегі кинотеатрда  киномеханик болып жұмыс жасайды. 1940 жылы қызыл әскер қатарына шақырылады.

Ұлы Отан соғысы басталар алдында  428-ші тау атқыштары полкінің қатардағы жауынгері Александр Гришин  полк мектебін бітіріп, сержант атағын алады.

1942 жылы майданға қосылады. 327-ші атқыштар полкінің аға сержанты Гришин  1944 жылы Севастопольді  жаудан азат ету кезінде  немістің  оннан астам  жауынгерінің көзін жойып, жараланған екі  майдандасын құтқарады.  Осы жылдың маусым айында 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1944 жылдың тамыз айында  сегіз немістің көзін құртып, жаудың екі нүктесін жояды. Осындай ерлігі үшін 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1945 жылы  фашистермен кескілескен соғыста  рота командирінің  қызметін атқарып, жауынгерлерге дұрыс бағыт көрсетуінің арқасында маңызды жеңіске жетеді.

Осындай ерлігі  үшін 1-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1945 жылдың қыркүйегінде  еліне оралады.  Ақтөбе облысындағы киножелі конторы бастығының орынбасары  қызметін атқарады.

Біздің қаладағы бір көше батыр атымен аталады. 8-шағын аудандағы бұрын Полевая деп аталған көше 1988 жылы халық депутаттары Ақтөбе қалалық кеңесі атқару комитетінің шешімімен А.Гришин атына өзгертілді.

Николай Папилов

Николай Папилов 1922 жылы  Смоленск облысы, Ярцев ауданы Ульхова ауылында дүниеге келген. Жеті сыныптық мектепті бітіргеннен кейін ет комбинатында кадр бөлімінің инспекторы қызметін атқарады.

1941 жылы қызыл әскер қатарына алынып, 1943 жылы майданға аттанады. 956-шы әуе полкі сапында жауға қарсы  соғысады. Фашистерді әуеден атқылып, көптеген көліктерін, жанармай құйылған бөшкелерін жояды.

1944 жылы 3-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1945 жылы әуеден атқылап жүріп, немістің жүк тиеген екі көлігі мен бірнеше гитлершілердің көзін құртады. Осы ерлігі үшін 2-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады.

1945 жылдың мамыр айына дейін Н.Папилов 115 рет әскери тапсырмамен әуеге көтеріліп, жаудың 1 әскери-ұшағының көзін жойып, екеуін істен шығарады және  30 жүк көлігін, 7 жанармай құйылған бөшке мен 3 қару-жарақ сақталған қойманы, 80 тіркеме арбаны  жарып жібереді.

1946 жылы 1-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. 1947 жылы Ақтөбе жеріне келіп, машинист болып жұмыс істейді.

Біздің қалада Н.Папилов атындағы көше бар. Заречный-1 аумағында орналасқан жаңа көшеге 1995 жылы Ақтөбе қалалық мәслихатының №61 өкімімен Н.Папилов атағы берілді.

***

Батыр атындағы көше абаттандырылып жатыр

Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай және қалада жүргізіліп жатқан  тазалық айлығы аясында қаладағы Кеңес Одағының Батырлары атындағы көшелер  жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр. Соның бірі — Мәскеу ауданында орналасқан Александр Наумов атындағы көше. Бұл көшені абаттандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Кеңес Одағының Батыры Александр Наумов біздің  Ақтөбе жерінде құрылған 312-атқыштар дивизиясын басқарған. Мәскеу түбіндегі шайқаста жеңіске жеткен дивизияның қолбасшысы көптеген шайқастарда шеберлік танытқан.

Батыр атындағы ұзындығы 1200 метрді алып жатқан шағын көшенің бойында 65 үй орналасқан. Қазір көшенің жолы тегістеліп, үйлердің қоршаулары жаңартылып жатыр. Және 20 түп ағаш отырғызылмақ.

Көшені абаттандыру жұмысын жүргізіп жатқан «КМК Мұнай» акционерлік қоғамы.

— Жеңістің 65 жылдығына орай қала әкімінің жариялаған акциясы  шеңберінде  Кеңес Одағының Батырлары атындағы көшені қалпына келтіру тапсырылды. Соған байланысты біздің компания демеушілік танытып, өз қаржысына генерал Александр Наумов атындағы көшені  қалпына келтіруді мойнына алған болатын. Жөндеу жұмыстарына 6 миллион теңге қаржы  жұмсалмақ. Жолды түзеп, осы көшеде тұратын қарт адамдардың үйлерінің қоршауларын жаңартып, басқа аулаларды да сырлап, әрлеп, қалпына келтіріп жатырмыз. Жалпы, 150 метрден астам  аула қоршаулары алмастырылады, — дейді «КМК Мұнай» акционерлік қоғамының директоры Самат Берденов.

Көшені абаттандыру жұмысы екі-үш күннің ішінде аяқталады деп күтілуде.

—    Бұл көшеде тұрып жатқанымызға біраз жыл болды. Жолы нашар болатын. Көктемде  балшық езіліп, жүргізбейтін. Батыр атындағы көшелердің қалпына келтіріліп жатқаны қуантарлық жайт. Біз де қуаныштымыз. Бұрын бұл көшеге ешкім мән бермейтін.  Кейбіреулерінің аулалары тым ескі еді. Қазір мына жасалып жатқан жұмыстарға қарап, көңілім көтеріліп тұр. Енді абат көшеде тұратын болдық. Таза ұстауға тырысамыз, — дейді көше тұрғыны Жекен Шегебаев.

Қалада Кеңес Одағының Батыры атындағы 34 көше бар. Олардың барлығы да жөнделмек.

Сәнім ЫСҚАҚҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button