Құқық

Ар мен заң

Демократиясы дамыған өркениетті елдердің бәрінде дерлік биліктің үш бұтағы бар. Мұның алғашқысы — атқарушы, ортаңғысы — заң шығарушы, ал соңғысы — тәуелсіз сот билігі. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, ең қиыны да, түйіні де тек ар мен заңның алдында жауап беретін сот төрелігі.

Құқықтық мемлекеттердің бәрінде адам тағдырының шешілер жері де, жаза атаулының кесілер жері де сот. Ғапыл дүниеде адам мен оның өмірінен қымбат құндылық жоқ. Біздің Ата заңымызда да дәл осылай жазылған. Сондықтан сот төрелігін жүргізетін судьялардың, бабалар тілімен айтсақ, бүгінгі заман билерінің бұра тартуға да, жаза басуға да құқы жоқ.

Бала кезімде бүгінде тоқсанның екеуіне шыққан әкемнің аузынан: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», — деген сөзді көп естуші едім. Әрбір қазақстандық судьяның күн сайын басшылыққа алып, кабинетінің төріне іліп қоятын бабадан қалған асыл қағида осы.

Сот залына кірген судья бір сәтке ағайын-туыс, жора-жолдас атаулыны ұмытып, тек заңға ғана бағынып, ар-ұятына ғана жүгінуі керек. Данышпан Абай: «Ұят деген — адамның өз бойындағы адамшылығы», деген екен. Ендеше сот үшін бұлжымайтын ереже ар-ұяттан, адамшылықтан аттамау болуы керек.

Ар-ұятпен бірге айтылатын тағы бір қасиетті ұғым — ар-иман. Тағы сол Абай атамыз айтқандай: «Иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек».

Мен қазақ жоғары оқу орындарының қарашаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің заң факультетін бітіргеннен кейінгі бүкіл ғұмырымды құқық қорғау саласында, оның басым бөлігін сот жүйесінде өткізіп келемін. Сондықтан еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі сот жүйесіндегі реформалардың барлық сатыларына тікелей қатысу мүмкіндігіне ие болдым.

Елбасымыз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап-ақ сот саласын, жалпы құқықтық жүйені түбегейлі түрде реформалауға ерекше көңіл бөліп, оны әлемдік стандарттар биігіне көтерді.

Мемлекет басшысы елімізді саяси, экономикалық, әлеуметтік және құқықтық жаңғыртудың барлық бағыт-бағдарын 100 нақты қадамға бөліп, айқын көрсетіп берді.

Ұлт жоспарының 12 қадамы бірдей (16-27-қадамдар) сот институтына арналуының өзі Елбасымыздың бұл салаға айрықша көңіл бөлуінің нақты дәлелі болса керек.

Қазір еліміздегі бүкіл сот жүйесі осы Ұлт жоспарына сәйкес сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бес сатылы жүйеден оңтайлы үш сатылы жүйеге көшуді, судья лауазымына біліктілік талаптарын күшейтуді, барлық сот процестеріне бейне және таспаға жазу шараларын міндетті түрге енгізуді, судьялардың есеп беру тәртібін күшейтуді, алқа билер сотында қолданылатын салаларды кеңейтуді, сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуді, ірі инвесторлар қатысатын дауларды қарау үшін инвестициялық алқа ұйымдастыруды қолға алып, сот жүйесіне батыл енгізу үстінде.

Елбасы тапсырмасын орындау сот жүйесін түбегейлі түрде реформалауды қажет етіп отыр. Оны абыроймен жүзеге асыру ар-иманы таза, қиындық атаулыдан қорықпайтын, білімді, білікті, қатепті қара нардай қайратты болуды қажет етеді. Кезінде сол данышпан Абай атамыз өзінің үшінші сөзінде: «Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мәнісі — тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз», — депті.

Абай атамыздың тағылымды-тәрбиелі сөздерінен сабақ алар болсақ, билікті қара қылды қақ жарып, бүкіл жауапкершілікті жеке-дара өзіне алатын адам атқаруы керек.

Жасыратын ештеңе жоқ: мен өзі Абайшыл адаммын. Тәрбием солай. Жақында бәріміз бала күнімізден жаттаған «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей?», — деген өлеңінен мысал келтірем деп қазақтың талай буынын тәрбиелеп келе жатқан халқымыздың бас ақынының шығармашылығынан мақұрым жандар тарапынан дау-дамайға ұшырадым. Сондықтан Абай атама қайта-қайта жүгінісіме көзі қарақты оқырман сергек көңілмен қарайды деп есептеймін.

Өткен жылдың соңында Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Қ.Асанов еліміздегі сот жүйесі қызметкерлеріне мейлінше ашық, анық үндеу жариялап, барша қазақстандықтардың, бизнес өкілдері мен инвесторлардың және бүкіл әлемдік қауымдастықтың сотқа деген сенімін жоғарылату міндетін алға қойды.

Оны абыроймен орындау үшін ешкімге жалтақтамай, жалбақтамай, тек заң мен арға ғана бағынып, бар білім, білігімізбен халыққа адал қызмет етуіміз керек.

«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» демекші, біз де ендігі жерде бой-басымызды жинап, береке-бірлігімізді бекемдеп, түзелуіміз керек.

Ақтөбелік судьялардың жоғарыдағы ұлан-ғайыр міндеттерді атқаруға қарым-қабілеті еркін жетеді деп сенемін.

Ақтөбе облыстық сот жүйесінде жоғарыда атап көрсетілген биік талаптарды жүзеге асыру үшін бірқатар оң өзгерістер жүзеге асырыла бастады.

Сот процесіне қатысушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қамтамасыз етілді.

Сот төрелігінің қолжетімді әрі ашық болуы орнықты.

Сот отырыстарының дыбыс-бейнежазба жүйесі арқылы тіркелуі соттың барынша ашық, жария болуын жақсартты.

Сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған «Төрелік» ақпараттық жүйесі жедел ақпарат алмасу мен сот өндірісін жеңілдете түсті.

Қылмыстық процесс жетілдіріліп, электрондық форматтағы қылмыстық сот өндірісінің енгізілуі құжаттардың қолжетімді болуы мен айғақтардың бұрмалануына жол бермейтін болды.

Қылмыстық процестегі соттың бақылауы күшейтіліп, тергеу судьясының өкілеттілігі кеңейтілді.

Кішігірім қылмыстар бойынша өндіріс оңтайландырылып, оны бұйрық арқылы қарау мүмкіндігі енгізілді.

Осының бәрі Елбасымыз талап еткен сот қызметіне деген халық сенімін одан әрі күшейте түседі деп нық сенемін.

Наурыз — адам мен табиғат атаулының жаңаруы мен жаңғыруының айы. Дәл осы айда жан дүниемізді жадыратып, тұтас мерекелер легі келеді.

Ең әуелі барша аналарымызды, апа-қарындастарымызды, үйдегі жарымыз бен аяулы қыздарымызды, ару әріптестерімізді осы бір шуақты мереке — 8 наурызбен шын жүректен құттықтаймын.

Біздің әулет үшін бұл мереке 10 наурызға дейін жалғасады. Өйткені бұл күн – жасы 85-тен асқан, 10 бала тәрбиелеген ардақты анам Гүлғасыл Нүсіпқызының туған күні. Осыған орай анамның және елдің құт-берекесін арттырып отырған барлық ақтөбелік әз аналардың алдында басымды ие тағзым етіп, оларға ұзақ ғұмыр тілеймін.

Аналар мерекесінің соңын ала киелі Ақтөбе жеріне тағы бір тамаша мейрам келеді. Ол — Амал күні. Бұл — дау-дамай, өкпе-реніш атаулыны өткен күндер еншісіне қалдырып, тұрған қонысымыз бен жан дүниемізді тазалыққа толтырып, ағайын-туыспен ақ жарма тілек, адал ниетпен көрісетін күн.

Дәл осы күні мен де қашанда пейілі кең, мінезі ашық, жаны жомарт барша ақтөбелік ағайын-бауырға айқара құшақ ашамын.

Наурыздың соңына қарай жер-дүниені, күн мен түнді теңестіріп, әз Наурыз мейрамы да келіп жетеді. Дүниенің төрт бұрышында алуан халық қадым заманнан бері тойлап келе жатқан бұл мереке де барша ақтөбеліктерге бақ-береке, ырыс-молшылық әкелсін деп тілеймін.

Жақында ғана облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевпен бірге қазақтың ұлы биі — Мөңке атамыздың туған жері Шалқар ауданында болдым. Сонда шалқарлық абыз ақсақалдан Мөңке би айтқан: «Асыл қынға тоқтайды. Арлы шынға тоқтайды», — деген мән-мағынасы терең, ұлағатты сөзін естідім.

Шіркін, бабалар-ай! Сөз асылын түсінген адамға айтуындай-ақ айтқан ғой!

Алда келе жатқан ұлыстың ұлы күндерінде ақтөбелік ақжарқын ағайынға айтар менің сырым да, шыным да осы!

Мұратғали ӘКЕТАЙ,

Ақтөбе облыстық сотының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button