Рухани жаңғыру

Байғанин атындағы дәрісхана ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ХХ ғасырдағы қазақ халық поэзиясының көрнекті өкілі, жыр алыбы Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхана ашылды. Шараға Нұрпейіс ақынның кенже ұлы Момын Байғанин, университет басшылығы, зиялы қауым өкілдері, магистранттар мен студенттер қатысты.

Ашылу салтанатында дәрісхана лентасын Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақынның кенже ұлы Момын Байғанин кесті. Жасы сексеннен асқан ақынның ұлы университет басшылығына ризашылығын білдіріп, жиналғандарға батасын берді. Әкесі туралы естелігін айтып, Нұрпейіс ақынның сүйіп тартқан күйлерінің бірі «Қарасай-Қазиды» орындады.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков Момын ақсақалға алғысын білдіріп, шапан жапты.

Бұл жай ғана дәрісхана болғанымен, алдағы уақытта жұмыстары кеңейе бермек. Болашақта қазіргі Гришин көшесінде орналасқан университет корпусына Байғанин атын беру ойымызда бар. Ғимараттың атауын қағаз жүзінде бекіткен соң, университет алаңынан «Байғанин аллеясын» ашатын боламыз,  — деді Бауыржан Ердембеков.

Шара барысында Нұрпейіс Байғанин жырлары оқылып, «Нарқыз» спектаклінен көрініс қойылды. Жыр алыбы өмірінен бейнефильм көрсетіліп, Н.Байғанинге арнау жыр байқауының жеңімпаздары марапатталды.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button