Басты жаңалықтар

Рейхстагқа атын жазған


Ұлы Отан соғысы хақындағы деректі фильмдерде біздің жауынгерлердің Рейхстагқа Ту тіккен шабуылын көрсететін көріністер бар. Сонда оның қабырғасынан сойдақтатып ірі әріппен жазылған «Мамедов» деген жазуды аңдайсың. Мұны соғыстан кейінгі талай ұрпақтың көргеніне, қазір біразының есінде екеніне менің күмәнім жоқ. Бірақ соның кім екенін, бірен-саран адамдар болмаса, біле бермеуі де мүмкін. Ол азамат күні кешеге дейін Ойыл ауданының орталығында тұрып, өмірден өтті. Талай көзіміз көріп, жүздескен, батырлық істеріне қаныққан ағамыз еді. Әйтсе де, ауылдасың туралы бұлай дерексіз сөйлеуге болмайтын сияқты. Нақты құжат, бұлтартпайтын айғақ керек. Осы жағынан келгенде, ойылдық Құлымжан Мамедовтің Рейхстагқа шабуылға араласып, оның төбесіне ту тігуге қатысқан адам екенін негіздейтін деректерге, жазбаларға жүгінгеніміз артықтық етпейді. Бұл жөнінде жазушы Василий Субботин сонау 1974 жылы 30 сәуірде «Правда» газетінде көлемді мақала жазып, одаққа әйгілеген еді. Ол соғыс кезінде әскери тілші ретінде, Мәмедовпен сан мәрте әңгімелескен, майдан даласында бірге болған адам. Жалғыз бұл жазушы емес, кезінде майдангер туралы басқа да қалам тартқан журналистер аз болған жоқ. Мектепте бірге оқыған, еңбекке де қатар араласқан ойылдық журналист Александр Рудаев та республикалық, облыстық газет беттерінде орыс тілінде бірнеше мақалалар жариялаған болатын.

Ойыл ауданының орталығынан оңтүстік батысқа қарай жүргенде 50-60 шақырым шамасында  «Тамдыкөл» аталатын жер бар. Қазір онда ел жоқ. Бірақ осы жерде соғыстың алдында және одан кейінгі жылдарда қолмен қазып шикі мұнай өндіретін кәсіпшілік болған. Құлымжан Мамедов соғысқа дейін еңбек жолын осында  қара жұмыстан бастаған. Сол жерден қолмен құдық қазып, мұнай алуға қатынасқан жұмысшылардың бірі. Мұнда өндірілген шикі мұнай осы тұстағы ауданның аумағындағы 65 ұжымшардың және көрші Қобда ауданының  суармалы егістеріне су шығаратын машиналарға пайдаланылған.

Соғыс басталып, ел басына күн туғанда Құлымжан да сол кездегі тұстастары сияқты, Отан алдындағы борышын сезініп, әскери комиссариатқа келіп, әскерге алуға тілек білдіреді. Бір жағынан жасы толмай, екінші жағынан тылға да керек маман ретінде үшінші мәрте өтінішінен кейін ғана 1942 жылы тамыз айында тілегі орындалады. Он сегізге енді толған сарбаз Уфа маңында жасақталған ротаның құрамына алынып, 1943 жылы Беларусь майданына жіберіледі. Кіші сержант шенімен майданға кірген жауынгер «Максим» пулеметін меңгереді. Бірнеше операцияларға қатысады. Қолдан-қолға өтіп тұрған, стратегиялық маңызы бар бір деревня үшін болған шайқаста ерлік көрсетіп, үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Өзі де осы шайқаста ауыр жараланып, үш ай жарым госпитальда жатып, емделіп шығады.

Содан қайта соғысқа кіргенде Белорусь майданына қайта тап болады. Бұл жолы енді 45 миллиметрлік зеңбіректің көздеушісі болып, артиллерия бөлімшесі құрамында соғысады. Днепр үшін шайқасқа, Гомель, Могилев, Витебск және басқа қалаларды жаудан азат ету ұрыстарына қатысады.

Прага қаласына таяп қалғанда екінші рет жарақаттанады. Алғашқы сәтте он жеті күн есін білмей жатып, бірте-бірте айығып, үш ай дегенде госпитальдан шығады. Майданға енді барғанда 150 дивизияның 469 артиллерия полкіне алынады. Варшава үшін болған шайқаста Құлымжан от қарудың командирі  еді. Висладан өткеннен кейін, сәуір айында  Одерді алу үшін жүрген қатты әзірліктен соң, қырғын ұрысқа кіреді. Одан жеңіл жарақатпен, аман-сау шығады.

Майдангер өзі болған пулемет ротасының командирі Бондаренконы, батыр жерлесі  Рақымжан Қошқарбаевты және атақты капитан Наустровты жақсы білетін. Соғыс жайында әңгіме болғанда, оларды еске алып, түрлі қасиеттерін ортаға салып отыратын.

Ордерді бағындырғаннан кейін, сәуір айының жиырмаларында олардың құрамы Берлинге қарай жылжиды.

Қала үшін болған жанқиярлық шайқастарды  Құлымжан аға былай суреттейтін:

— Әрбір көшеде, бұрылыста кескілескен ұрыс жүрді. Аспаннан снаряд, оқ жаңбырша жауды. Екі жақтан да шығын көп болды. Рейхстагтың қатарына жоғарылаған сайын біздің мақсат белгілі болды. Төбесіне Қызыл Ту қадауымыз керек! Сонда жаудың пысын басамыз. Бұл — жау ордасының ойрандалғанының белгісі болып есептелмек. Бірақ ол оңайға түскен жоқ. Осы мақсат үшін оққа ұшқандар қаншама. Бір көрініс есімде қалыпты. Жанымызға бейтаныс лейтенант жүгіріп келіп, шабуылға көтерілетінімізді хабарлады. Ілгері қозғалдық. Жиырма метр жүрмей жатып, әлгі офицер жараланды. Тез жанына жетіп, жәрдем бердім, ілгері сүйредім. Оның әскери тілші Субботин екенін, әрине, мен кейін білдім.

Осы оқиғаны Субботин өзінің майдан жазбаларында қайталайды.

Рейхстаг құлайды. Кеңес жауынгерлері мәре-сәре қуанышқа кенеледі. Бірін-бірі құшақтап, аспанға атады. Есімдерін есте қалдыруды ойлап, бір топ жауынгер қабырғаға есімдерін жазады. Рейхстагтың қабырғасында «Мамедов» деген жазу да осылай пайда болған еді.

Елге оралған соң ұзақ жыл тұтынушылар кооперациясы саласында қызмет істеді. Аудандағы жол жөндеу, газ тарату мекемелерінде еңбек етті. Майданда, бейбіт күндерде талай марапаттарға ие болды. Құлымжан Мамедовтің ерлігі жөнінде кезінде «Правда», «Комсомольская правда» газеттерінде, «Жалын» журналында жазылды. Рейхстагтың құлауы, кеңес жауынгерлерінің оның төбесіне Ту тігуі әңгіме болған шығармалардың бәрінде дерлік, ағамыздың есімі жүр.

Артында ұрпағы қалды. Жұбайы Майсара екеуі ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Немерелерінің қызығын көрді. Балалары әр салада еңбек етіп, өнегелі отбасыларына айналды. Оларды Ойыл өресі жақсы біледі.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button