Рухани жаңғыру

«Аналарға тағзым» жобасы

Мәди АЙЫМБЕТОВ,

қаламгер, қоғам қайраткері

 МЕРЕЙІМІЗДІ ӨСІРІП, МӘРТЕБЕМІЗДІ КӨТЕРЕДІ

«Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығын ашуды еліміз бойынша алғашқы болып қолға алған ақтөбеліктерге сәттілік тілеймін!

Рухани жаңғыру бағытында Ақтөбе өңірінде атқарылып жатқан істердің ізгі, жарқын көрінісінің бірі — аналарға арналған заманауи орталықтың салынуы. Ақтөбеден шыққан азамат ретінде мен бұл жобаны қолдаймын.

Аналарды ұлықтауды, тәрбие өзегінің бастауын ұлттық сана мен ұлттық дәстүрмен үйлестіруді, жалпы адами тәрбиенің сан түрлі үлгі-өнегелерін дәріптеуді өзінің басты бағдары етіп отырған бұл шаңырақ шын мәнінде жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуде үлкен орталық болады деп сенемін.

Адам өмірі анадан бастау алады. Ананы құрметтеу мен оның ұлылығына бас ию — әрбір саналы жанның ардақты борышы. Ақтөбе өңірінің азаматтары да, міне, осы ізгілікті парызды азаматтықпен атқарып отыр. Туған жерді көркейту, оның мерейін көтеру мақсатында өңірдің азаматтарын жұмылдырып отырған ұлтжанды, іскер басшы Бердібек Сапарбаевтың еңбегі айрықша зор екеніне Астанада тұратын ақтөбеліктердің көңілі толады десем артық айтқандығым емес.

Ақтөбе жерінде, туған жерде болып жатқан әрбір жағымды, толымды жаңалықтар біздің де мерейімізді өсіріп, мәртебемізді көтереді. Сондықтан туған жерде қолға алынған жаңа жобаға сәттіліктер тілей отырып, аналарға арналған орталық халыққа қалтқысыз қызмет етсін деп тілектестік білдіремін.

 Жанар ЕЛЕУСІЗОВА,

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы

 АНАЛАРҒА МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫЗ!

«Аналарға тағзым» жобасы — биыл облыста қолға алынған бірегей жоба. Осы жобаға қолдау білдіру арқылы біз әрқайсысымыз үшін киелі, қымбат аналарымызға құрмет көрсетіп, бас иеміз. Әрбір азамат анасына мәңгілік қарыздар. Сол үшін осы жобаға

өңірдегі әрбір кәсіпкер, жағдайы келетін азаматтар атсалысып, қолдау көрсетуі керек деп ойлаймын.

Аталған орталықта алдағы уақытта психологиялық және кеңес беру, қолданбалы өнер, жалпы дамыту, музыкалық тәрбие беру, тағы басқа мақсатта кабинеттер ашылып, белгілі әйел-аналарға арналған экспозициялық зал жасақталады.

Бұл жобаның маңызы сол — бұл жерде аналарға, жас отбасыларға қолдау көрсетіліп, оларға мамандар жан-жақты кеңес береді. Бұл елімізде отбасы құндылықтарын сақтауға, отбасындағы кейбір мәселелерді шешуге көмектеседі.

Сондай-ақ биылғы жыл облысымызда өңір басшысының бастамасымен Балалар жылы болып жарияланды. Бұл тұрғыда ана мен баланың денсаулығын жақсарту, оларға жағдай жасау, әлеуметтік-моральдық тұрғыда қолдау көрсетудің маңызы зор. Сондықтан іскер әйелдер кеңесі атынан барлық ақтөбеліктерді осы жобаға өз үлестерін қосуға шақырамын.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button