Рухани жаңғыру

Құдайбергеннің Қызғалдағы

Құрмет

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары — кез келген статистикадан артық көрсеткіш», — деген болатын.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері — асылдың сынығы, өмір жолы өнегеге толы ардақты жан Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанова. Ол — Елбасы айтып отырған Тәуелсіздік дәуірінің белсенді буынының әке-шешелеріне ұлағат нәрін сепкен адам.

Өмір  деректеріне көз салсақ,  ол 1933 жылы  ақпанда Алматы қаласында біртуар ғалым Құдайберген Жұбанов пен Раушан Оспанқызының отбасында дүниеге келеді. 1933 жылдың аласапыранында әкесі профессор Құдайберген Жұбановтың нақақтан ұсталуына байланысты, оның отбасы түгел елге — Ақтөбе облысына көшуге мәжбүр болды. Осы бір қиын кезеңде қаладан алты баласын аман-есен алып шығуды ойлаған анасы, кейінгі Алматыда туған үш баласының куәліктерін де түгендеп алуға шамасы келмепті.  Сөйтіп, Қызғалдақ Құдайбергенқызының тууы туралы куәлігі Ақтөбе өңірінде туған болып жазылыпты. Ол осында бастауыш мектепті аяқтап, 1946 жылы Алматыдағы №12 қыздар орта мектебіне келіп түседі.  Мектепті бітіріп, Қазақ ұлттық университетінің экономика факультетіне түсіп, экономист деген мамандық алып шығады.

Сол мамандығы бойынша статистика басқармасында қызмет атқарып жүргенде, 1961 жылы  Алматыда ашылған республикалық халық шаруашылық жетістіктер көрмесіне қызметке шақырылады. Ол  жерде Қазақстанның экономикасының барлық салаларын дұрыс көрсете білумен қатар, мәдениет, ғылым, тарих саласында жеткен жетістіктерді бүкіл әлемге жүрегімен жеткізетін мамандар даярлауға отыз жылдан аса қызмет атқарады. Сый-құрметке ие болады.  Талай Құрмет грамоталарына, дипломдарға,  медальдар мен белгілерге ие болды. Бұл жұмыста өзін бақытты сезінді.  Сол жерде тұрмыс құрды. Бала сүйді. Дана атты қызы дүниеге келеді.

Көп жылдар бойы халық шаруашылық жетістіктер көрмесінде Бас павильон директоры болып қызмет атқарды. Еліміз егемендік алғаннан кейін ол жерде «Атакент» іскерлік орталығы ашылды. «Мен онда акционермін», — дейді  Қызғалдақ Құдайбергенқызы.

Ол қазір құрметті демалыста, үш немере тәрбиелеуде. Қызы Дананың мамандығы музыкант. Фортепианодан сабақ береді. Күйеу баласы Ерлік Әли — дипломат. Дананың музыка саласын таңдауына тамыры терең тектіліктің әсері бар екені даусыз.

Отбасының қызығы да, қиындығы да мол болғанымен Қызғалдақ Құдайбергенқызы әкесінің тағдырын бір мезгіл ойынан  шығарған емес. Әкесі Құдайберген Жұбанов 1957 жылы ақталған күннен бастап, өз анасынан, апа-ағаларынан бала кезінен әке жағдайын  естіп, өксіп өскен ғалымның ортаншы қызы, енді ел аузынан жалынды лебіздерді естіді. Талай мерейтойға байланысты конференцияларда, лауазымды ғалымдардың баяндамалары мен газет-журнал беттеріндегі мақалаларды оқып, оларды тірнектеп жинады. Әкесінің еңбектерімен танысып, «осындай қазақтың бақытына біткен ерекше талантты жоқ етуге қалай көздері қиды екен?» деп қиналады, өкінеді.

Шүкіршілік еткен бір жай, артында ізбасарлары күннен-күнге көбеюде, еңбегін іздестіріп, зерделеп, игеруде. Құдайберген Жұбановтың өз балалары егде тартқанмен, әлі әкесіне  қызмет етуде. Олардан тараған немерелер әр салада қызмет атқарады. «Шөберелеріне де үлкен атасының кім болғанын білдіруге, сондай адамның атына лайық болуларына  атсалысып, тәрбие беруге  тырысамыз деп ойлаймын», — дейді Қызғалдақ Құдайбергенқызы.

Өзінің туған сіңлісі туралы педагогика ғылымдарының кандидаты, «Әліппенің» авторы Мүслима Құдайбергенқызы  өз естелігінде былай деп жазады: «Қызғалдақ — бізден кейінгі үш баланың үлкені. Менің аңсап күткен, ардақты сіңлім. Олай дейтінім — Ақыраптан кейін Есет туғанда «Неге қыз тумай, ұл тудың? Ертең Есет өскенде, Ақырап екеуі бірге ойнап кетіп, мен жалғыз қалып қоямын», — деп жылаппын. «Бұрын екеу болсаңдар, енді үшеу болып ойнайсыңдар» деген мамама «Мен бұлармен қалай бірге ойнаймын, Есетті жақсы көріп құшақтайын десем, бір айлық балаң кеудемнен итеріп, шалқамнан құлатты», — десем керек.

Шешем менің осы сөзімді қызық көріп, көпке дейін әркімге айтып отыратын.  Сөйтіп жүргенде, Алматыда Қызғалдақ дүниеге келді. Үйге келген қарт әйел дәрігер: «Қыз бала туды», — дегенде мен қуанып, күліп жіберіппін.

Қызғалдақ сүп-сүйкімді, аққұба әдемі бала болып келді. Шешеміздің айтуынша, нағашы атамыз Оспанның Бірмағамбет, Саймағамбет, Жұмағали деген үш інісінің де көздері үлкен, қыр мұрын, қызыл шырайлы, әдемі жігіттер болыпты кезінде. Және үшеуі де сұлу киінуді ұнатады екен.  Сол мінездері мен түріне қарай, ел арасы оларды «үш қызыл» атандырса керек.

Шешеміз «Қызғалдақ өзінің сол ағаларына ұқсайды» дейтін. Және Қызғалдақтың бағуы да ерекше болды. Оны мамамның шешесі — нағашы әжеміз өзі қарады.  Бесігін өз бөлмесіне қойып, емізгеннен басқа міндетін өз мойнына алды.

Әлі есімде, әжеміз Қызғалдақты әдемі арбаға салып, үйдің қасындағы, жұпар исі аңқыған саябақтың ішінде ұйықтатып, күніге үш-төрт сағат далада ұстайтын. Қызғалдақ аяғын басқан кезде, күніге бір үлкен қасық піскен сүттің қаймағын бізден жасырып жегізетін. Кейде, Ақырап екеуміз әжемізді қорқытып «қаймақты біз де жейміз», — деп асүйге әдейі жүгірген боламыз. Сол кезде байғұс кемпір шынымен қорқып, есікті екі қолымен керіп тұрып: «Қызғалдақ, Қызғалдақ, тез кел, мыналар жеп қояды» — деп, Қызғалдақты шақырып жанұшырады. Сонда Қызғалдақ аспай-саспай келіп қаймағын жейді.

Ақырап екеуміздікі жай қалжың ғой, әйтпесе еш уақытта  Қызғалдаққа тиісті қаймақты тартып жеп көрген жоқпыз. Әкеміз де Қызғалдақты ерекше жақсы көрді. Мамам қатарынан үш ұл туғасын, шамасы, ол да қыз болғанын сағынды ғой деймін (Есеттен кейін туған Марат деген бала алты айлығында қайтыс болған).

Бұрын мені Ленинградта жүргенде «Красивая девочка» десе, папам оны жаратпай «Сен сұлу деген сөзге масаттанба! Сұлумын деп ойлағандар ақымақ болады. Сені сұлу көрсететін бұйра шашың ғана», — деуші еді. Қызғалдаққа келгенде, ол ойы өзгеріп, өзі де сұлу деп мақтанатын болды.

Әкеміз ақталған 1957 жылдан бастап, әрбір өткен мерейтойда, конференцияларда өте мазмұнды фотокөрмелер ұйымдастырылды. Қызғалдақ жасаған көрмелер Ақтөбе, Астана қалаларында қойылды. Бұл сахна сыртында қала беретін жұмыс болғанымен, әкесіне арнаған қолтаңбасы еді. Әкеміздің мерейтойларында оқылған баяндамалар, әке көзін көрген үлкен ғалым, жазушылардың естеліктерін жинап, өзі де жинақ кітап шығарды. Жинақ аты «Әкем — жарық жұлдызым».

Өмір бойы аңсаған арманы, әкесіне арнаған үлкен жұмысы, әке алдындағы борышы сипатты еді. Өз мамандығы экономист бола тұра, сүйікті әкесіне  деген жүрек лүпілі, әкеден ерте айырылған  арманы, оған арнаған ескерткіші еді. Қызғалдақ — көпшіл адам. Достықтың да қадірін біледі. Сонау бала кезінде №12 мектепте бірге оқыған, кластас достарынан әлі күнге дейін қол үзбей, сыйласып, кездесіп тұрады.

Бүгінгі мерейлі жасқа келіп отырған ардақты ана, данагөй әже Қызғалдақ Құдайбергенқызы Жұбанованы туған күнімен құттықтай отыра деніне саулық, отбасына амандық тілейміз!

 

Мұхтар МИРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Құдайберген Жұбанов туралы естеліктерді оқи бастасам -ақ болды, тамағыма бір өкінішті өксік тығылып қалады. Ол көзімнен жас болып, еріксіз сырғи жөнеледі. Қазір де сол, асылдың сынығы туралы естелікті оқып отырып, көзімнен жас парлай жөнелді. Ай, жақсының тұяғы қашан да жақсылығын көрсетіп тұрады- ау!!! Аман болсын, апамыз!!!

  2. «Құдайбергеннің Қызғалдағы» мақаласы ұнады. Тағылымы мен өнегесі мол екен. Тың мәліметтермен сусындап қалдық. Авторға шығармашылық табыс!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button