Рухани жаңғыру

«Тәңірберлі Молдабай тілге шешен, әнге бай…»

Биыл қазақтың дәстүрлі ән өнері тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі Тәңірберлі Молдабайдың туғанына 160 жыл. Осыған орай С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ақынның өмір жолы мен шығармашылығына арналған «Молдабай тілге шешен, әнге бай…» атты кітаптың тұсаукесері өтті.

Есімі ел есінде қалған біртуар тұлға, Мәртөк өлкесін әнімен асқақтатып таныла білген әнші, ақын Тәңірберлі Молдабайдың шығармашылығына арналған жаңа кітап Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында шығарылды.

Шараның ашылуында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Қыдырғали Ермұқан сөз сөйлеп, кітаптың жарыққа шығуына үлес қосқан азаматтарға ризашылығын білдірді.

Бұдан соң белгілі профессор, молдабайтанушы Еркін Құрманбек ақынның бай мұрасы төңірегінде кеңінен әңгімеледі.

— Молдабай алпыс жыл өмір сүрсе, жүз жыл бойы аты аталмай келген. Біздің мақсатымыз — есімі ұмытыла бастаған тұлғаларды, өнер қайраткерлерін бүгінгі жастарға өнеге ету. Молдабай мал-дүние жинамаған, оның бар байлығы — ән. Оның көптеген әндері ел арасына кеңінен тараған. Бүгінгі таңда Молдабайдың әнін Бекболат Тілеухан шырқаған болатын. Бұл әннің басқа да орындаушылары бар. Демек, Молдайбайдың әні бүгінгі елге, Тәуелсіздікке қызмет етіп отыр.   

Мен 1992 жылдан бастап Молдабайдың өмірі мен шығармашылығы туралы деректер жинап келемін. Бүгін осыған байланысты жаңа кітап оқырман қауымға жол тартты. Бұл кітапты интернет желісі арқылы Қазақстанның электрондық кітапхана қорынан оқуға болады, — деді.

Айта кетейік, былтыр Мәртөк ауданында Т.Молдабайды еске алуға арналған шаралар кең көлемде аталып өтіліп, ақынның атындағы ескерткіш ашылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button