Әлеумет

Азаматтық қорғаныс жайы түсіндірілді

1 наурыз — Бүкіләлемдік азаматтық қорғаныс күні. Осы атаулы датаға орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын түрлі акцияларды қолға алады. Мұндай шаралар әдеттегідей бір айға созылмақ.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қайрат Қасымның айтуынша, биылғы ұран — «Азаматтық қорғаныстың және ұлттық құрылымдардың міндеттері — апаттармен күресудің тиімділігін арттыру». Мұндағы мақсат — азаматтық қорғаныс туралы кеңінен хабар беру, жұртшылыққа алғашқы дәрігерлік көмектің қалай көрсетілетінін үйрету.

Осы айда департаменттің барлық бөлімшелері өңірдегі барлық жоғары және орта арнаулы оқу орындарында интерактивті сабақтар өткізіп, арнаулы дабыл қосылған кездегі әрекет ету тәртібінде не істеу керектігін көрсетеді. Сондай-ақ, мектеп  оқушыларын №3 мамандырылған өрт сөндіру бөлімінің базасындағы өрт-техникалық музейімен таныстырып, «Ашық есік күндері» акциясы аясында  арнайы техника мен құралдардың көрсетілімін ұйымдастырмақ. Сондай шаралардың алғашқысы Ақтөбе қаласындағы №63 мектеп-лицейінің базасында өтті. «Төтенше жағдайдың қаупі кезіндегі қызметкерлер мен оқушылардың әрекеті» деп аталған көрсетілімге қаладан бөлек, аудандық білім бөлімдерінің, құзырлы органдардың өкілдері қатысты. Шара барысында мұғалімдер мен оқушыларға химиялық қауіпті орындарда апат орын алған жағдайда қорғану әдістері және құтқарушылар келгенге дейін зардап шеккендерге дәрігерлік көмек көрсету амалдары жөнінде іс жүзінде түсінік берілді. Шәкірттер сол бойда мамандардан түрлі сұрақтарына жауап алды.

Төтенше жағдай қызметіндегілердің сөзінше, бір айға жалғасатын мұндай акциялар шалғай елді мекендерде де өтеді деп жоспарланып отыр.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button