«Бақытты бала»Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Бердібек САПАРБАЕВ: Бірде-бір бала назардан тыс, қолдаусыз қалмайды

Ақтөбеде балалар жылы ресми түрде бастау алды. Сенбі күні Шығармашылық академиясында өткен «Жүрек жылуы» қайырымдылық концертіне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, ресми түрде балалар жылының басталуына пәрмен берді. Іс-шараға Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қала меценаттары мен жетім балалар қатысты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Бақытты бала» ауқымды жобасы балалардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдай жасалуына бағытталып отыр. Аталған жобаны іске асыруда Ақтөбе қаласында «Бақытты бала — Мәңгілік ел кепілі» ұранымен жыл бойы түрлі шаралар өткізіледі.

24 ақпан күні «Жүрек жылуы» қайырымдылық концерті басталмас бұрын, шығармашылық академиясының фойесінде, қонақтарды қошеметтеп, Қазанғап атындағы мектептің шығармашылық ұжымы, Жетесовтер отбасылық оркестрі, Брейкдэнс би тобы өнер көрсетті. Балалар мен аниматорлар тобы түрлі іс-шаралар өткізді.

Сондай-ақ, фойеде картиналар мен суреттер көрмесі ұйымдастырылып, ән залында балалардың хоры орындаған «Балаларға — бейбітшілік» әнімен жалғасты.

Жиында алғысөз алған облыс әкімі акцияның маңызын айта келе, қатысушыларға алғысын білдірді.

Барлық балалар бақытты болуы керек. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарында Елбасының басшылығымен бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылды. Біз, ересектер, балаларымыздың жүздерінен күлкі кетпейтін сәттерді, денсаулығын сақтауға, спортты, мәдениетті, өнерді игеруге, лайықты білім алуға мүмкіндік беретін барлық жағдайларды жасауға міндеттіміз. Балаларды бақытты етуге біздің барлық мүмкіндігіміз бар. Сондықтан 2018 жыл Ақтөбе облысында «Балалар жылы» деп жарияланды. Әрбір бала тәрбие алуды және қамқорлықты қажет етеді. Осы жобамен біз барлық елді мекенді қамтитын боламыз, аймақта бірде-бір бала назардан тыс қалмауы тиіс. Билік болып, қоғам болып біріксек, балаларымыз қазіргіден де жақсы өмір сүретін болады, — деді Бердібек Сапарбаев.

«Нұр Ақтөбе» тұрғын үй кешеніндегі үйден балалар үйінің 3 түлегіне пәтер кілттерін табыс еткен облыс әкімі Ақтөбеде жетім балалар үйі болмау керек тігін атап өтті.

— Біздің облыста мүмкіндігінше жетім балалар үйі болмауы керек. «Сәби» қорының қаржысымен «Мейірім» үйін салғандағы мақсатымыз — сол. Ата-анасыз қалған балалар үшін ең өзекті мәселенің бірі тұрғын үй екендігін жақсы білеміз. Қазір өздеріңіз білетіндей, жетім балаларға үй беру жөнінен мемлекеттің арнайы бағдарламасы бар. Біз барынша қолдау көрсетуге дайынбыз, — деді облыс басшысы.

Пәтер кілтіне ие болғандардың бірі Лариса Захарова: «Мен өте бақыттымын. Біз осы сәтті 10 жылдан астам күттік. Мемлекеттің қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдар туралы ұмытпағаны қуантады», — деп алған әсерімен бөлісті.

Ақтөбеде «Балалар жылының» шеңберінде жетім балаларға көмектесу үшін әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

Мерекелік іс-шара 19 жетім баланың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы бірінші жарнасына қолма-қол ақша салу куәліктерінің тұсаукесерімен жалғасты. Ақтөбеде тұрғын үйге мұқтаж 372 бала болса, 258-не демеушілер бекітілген.

Белгілі болғандай, бүгінгі күні демеушілердің арқасында 7 250 000 теңге қайырымдылық төлемі жиналған.

Іс-шара мерекелік концертпен және аспанға әуе шарларын ұшырумен аяқталды. Облыс әкімінің атынан балаларға балмұздақ таратылды.

«Бақытты бала» жобасы 8 блоктан тұрады. Оны жүзеге асыруға ЮНИСЕФ, БҰҰДБ, қайырымдылық қорлары, халықаралық қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетеді.

Жоба шеңберінде барлық балабақшалар мен мектептерді интерактивті жабдықпен жабдықтау жоспарланып отыр. Облыстық перинаталды орталық, балалар стоматологиялық клиникасы, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру орталығы, жыл бойы оқу-жаттығу лагерьлері, сондай-ақ 160 балалар мен 100 спорт алаңдары және тағы басқа көптеген білім беру және денсаулық сақтау құрылыстары салынады.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдауға ерекше назар аударылатын болады. 77 бала демеушілер көмегімен мемлекеттік тұрғын үй қоры есебінен баспанаға ие болады. Балалар үйінің тағы 200 тәрбиеленушісі шағын орта бизнес субъектілерінен және мемлекеттік органдардан қажетті көмек алады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button