Мәдениет

«Үлкен сұрақ» қойылымының премьерасы өтті

Театр

Жексенбі күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрда «Үлкен сұрақ» қойылымы жұрт назарына ұсынылды.

Спектакльдің премьерасына Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты.

Спектакльге келген көрермендердің көптігі сонша, залға сыймай түрегеп тұрғандар аз болмады. Ал әрбір көріністен кейін көрермендер дүркіретіп қол соқты.

«Үлкен сұрақ» спектаклі облыстық дін істері басқармасының тапсырысымен қойылып отыр. Пьеса авторы  — Асылбек Ноғаев, ал қоюшы режиссер — Мейрам Хабибуллин.

Бұл қойылымда Сәния (Жанар Кемалбаева) атты жас қыздың тағдыры баяндалады. Оң-солын енді танып келе жатқан жас қыз туған күнін тойлап, үйіне достарын шақырады. Көңілді кеш басталғаннан кейін оны туған күнімен құттықтап бұрыннан жақсы көретін жігіті Сәлімбай келеді. Бір жылдан бері хабарсыз кетіп, дін жолына түскен жас жігіт Сәнияға кеш соңында тұрмысқа шығуға ұсыныс жасайды. Аяқ астынан мұндайды күтпеген Сәния таңырқап, не дерін білмейді. Алайда іштей Сәлімбайды қатты жақсы көреді. Кетерінде Сәлімбай Сәнияға дін туралы кітаптар сыйға тартады. Осыдан кейін Сәнияның оқуға деген ынтасы болмай, ата-анасынан жасырып, діни кітаптар оқи бастайды. Жас қыздың аңқаулығы мен өзіне деген шынайы сезімін білген Сәлімбай оны әйелдікке алып, өз ойындағысын іске асырғысы келеді. Сөйтіп, ол қыздың ата-анасының ақ батасын алмай, Сәнияны өзімен бірге ертіп әкетеді. Оған еріксіз салаңдаған ұзын көйлек пен хиджаб кигізіп, ата-анасына араластырмайды. Араға біраз уақыт өткен соң Сәлімбай Сәнияға: «Сенің қызығың әлдеқашан таусылған. Сені талақ етемін», — деп тастап басқа әйел алып, Мысырға кетеді. Ал Сәния одан кейін екі күйеуге тиіп, некесіз туған баласын Жетімдер үйіне тастап, ақырында ата-анасына қайта қауышады. Спектакльдің соңында Сәнияның ата-анасы қызының қателігін кешіреді.

Қойылым барысында драма театр актерлері өз рөлдерін үлкен шеберлікпен ойнап шықты. Жастықпен, сауатсыздықтың кесірінен арбауға түсіп, діни жат ағымдардың жетегінде кеткен жас қыздың тағдыры «Үлкен сұрақ» спектаклін көргендер үшін ой салады. Бұл қойылымның мақсаты да сол.

Бұл қойылымның «Үлкен сұрақ» аталуы қазіргі қоғамда дін мәселесі — ең маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан қойылымға осы тақырыпты қоюды жөн көрдік.

Қойылымда жат ағымның жетегінде жүрген жас жігіттің арбауына түскен қыздың тағдырын жеткізгіміз келді. Негізінен, бұл қойылым шынайы өмірде болған оқиғадан алынған. Мұнда бас кейіпкердің есімі, сондай-ақ кейбір эпизодтар өзгертіліп беріліп отыр. Қойылымды дайындау барысында көп қиындық болған жоқ.

Себебі бұл — философиялық немесе психологиялық туынды емес, бір отбасындағы оқиға. Алайда бұл оқиға қоғамдағы ең үлкен мәселе болып отыр. Себебі жастар

арасында Сәния секілді жат ағымның жетегіне еріп, жаман ойлы адамдардың арбауына түскендер аз емес. Мұның бәрі діни сауаттылық болмағандықтан деп ойлаймын. Бізге осы қойылымды дайындау барысында теолог мамандар көмектесті, — дейді режиссер Мейрам Хабибуллин.

Оның айтуынша, қойылымға драма театр актерлері екі ай уақыт дайындалыпты.

  • Дін мәселесі — қазіргі қоғамдағы маңызды, түйткілді мәселелердің бірі. Қазір дәстүрлі дінімізге, әдет-ғұрпымызға, мәдениетімізге кедергі келтіретін, кері әсер ететін жат ағымдар бар. Сондықтан бүгін тұсаукесері болып отырған жаңа қойылымның халыққа, әсіресе, жастарға берері мол. Қарап отырсақ, театр залында жастар көп жиналған. Сол себепті бұл спектальден жастар өздеріне дұрыс бағыт-бағдар алады деп ойлаймын. Қойылым ерекше әсер етті, ұнады, — дейді ҚР «Бейбітшілік және келісім» кеңесінің Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Келдібай Еспағамбетов.

Ақмарал БАҚЫТЖАН, студент:

  • Қойылымды көріп отырып, көзіме жас алдым. Ең алдымен, осы қойылымдағы Сәнияны аяп кеттім. Жас қыздың тағдыры мені қатты мұңайтты. Өкінішке қарай, қазір біздің арамызда да Сәния секілді жат ағымда жүрген арам ойлы азаматтардың арбауына түсіп, алданған қыздар аз емес. Сондықтан бұл спектакльдің жастарға берер тәрбиелік мәні зор. Осындай қойылымдар біздің театрда көп қойылса, тура

жолдан адасатын жастар аз болады деп ойлаймын.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button