Спорт

Орынборлық жас боксшы — Болат Телеуов атындағы турнирдің үздігі

 1986-ның желтоқсанында алып шаһардағы намыс дүмпуіне Ақтөбенің сол кезде «орыс боп кеткен» аудандарының бірі саналған Алғаның қазақтары да үн қосты. Ондай ерліккеаудан орталығындағы спорт мектебінде бапкер боп істейтін Болат Телеуов, Берік Тайбөкенов, Болат Арынғазиевтер тәуекел етіпті.

Өкінішке қарай, бүгінде Болат Телеуов пен Берік Тайбөкенов ортамызда жоқ.

Тірі болса, биылғы 13 ақпанда Болат Телеуов 60 жасқа толар еді. Оның есімі Желтоқсандағы ерлігіне қоса, рингтегі жарқын жеңістерімен де тарихта қалды. Ол — бокстан біздің облыстан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері.

Жуырда Ақтөбеде Болат Телеуовті еске алуға арналған бокстан ашық қала біріншілігі өтті. Жарысқа 2004-2008 жылдар аралығында туған балалар мен жасөспірімдер қатысты. Жарыс қалалық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілді. Сондай-ақ, Болат Телеуовтің туыстары, достары мен шәкірттері де бұл шараға өз үлестерін қосты. Сондықтан жеңімпаздар ұйымдастырушылар белгілеген 10 салмақ дәрежесінен бөлек, тағы да 7 жұп, яғни барлығы 17 финалдық жекпе-жек арқылы анықталды.

Ашық турнир болған соң, жарысқа жас боксшылар жан-жақтан — облысымыздың орталығынан бөлек, барлық аудандардан, Астанадан, Ресейдің көршілес Орынбор қаласынан, Атырау, Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарынан келіп, 200-ден астам бала қатысқан.

Ақтық сынға шыққандардың бірі — орынборлық Азамат Құрманғазиев. Балғын боксшы бұған дейін Орынборда өткен жарыстарда да жүлдегер атанған. Азамат Орынбордағы «Пионер» балалар клубында жаттығып жүр. Ал оның бапкері Саян Құрманғазиев былтыр бүкілресейлік «Педогог года» байқауында «Спорт-дене шынықтыру» номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрініпті.

— Қазақстан — әлемге әйгілі боксшылардың Отаны. Сондықтан алда мұндай жарыстарға шәкірттерімді жиірек әкелсем деймін, бұл оларға тәжірибе жинақтау үшін керек, — дейді Саян.

Жарыс қорытындысында Азамат Құрманғазиевке «Турнирдің ең үздік боксшысы» атағы бұйырды.Сондай-ақ, барлық жүлдегерлерге — тиесілі марапаттар, ал бапкерлер мен төрешілерге алғыс хаттар тапсырылды.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button