Білім

Қызылордалық жастармен кездесті

«Серпін — 2050» әлеуметтік бағдарламасы бойынша Ақтөбеде білім алып жатқан қызылордалық студенттермен кездесу өтті. Қызылорда облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және Арал, Қазалы, Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығынан келген өкілдер қызылордалық студенттердің оқу жағдайымен танысты.

Қазіргі күні облыста аталған бағдарлама бойынша 652 студент білім алады. Оның ішінде 285 студент Қызылорда өңірінен келген. Биыл оның 74-і Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдайды. Қызылордалық өкілдер оқу орнының студенттерімен кездесті.

— Негізгі мақсат — «Серпін» бағдарламасы бойынша  білім алып жатқан жастармен кездесу, олардың әрі қарай жұмысқа орналасуына ықпал ету, оқу үлгерімін білу. Бағдарлама бойынша білім алған жас сол жерде жұмысқа орналасып,  үш жыл еңбек етуі тиіс. Себебі қазіргі күні облыста жұмыссыз жастардың қатары артып барады, — деді Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Ерхан Бақбергенұлы.

Қызылордалық өкілдер жастармен сөйлесіп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Жалпы бұл бағдарлама 2014 жылы Елбасының бастамасымен қолға алынған болатын. Алғашқы жылы бағдарламаға 7 жоғары оқу орны мен 25 колледж жұмылдырылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button