Рухани жаңғыру

Ер Едігенің аруағын ұлықтау керек!

Рухани жаңғыру идеясы негізінен сананы жаңғырту жолын меңзейді. Осы бағытта тарихымыздың тереңіне тың көзбен үңілу, жан-жақты зерделеу қажеттігі айқын білінеді.

Біз осы ауқымда еңбек етіп келе жатқан азаматтардың бірі, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ислам Имановпен сұхбаттасып, бүгінгі атқарылып жатқан шаруалар төңірегінде ой бөліскенбіз.  

 — Біраз уақыттан бері белсенді еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі кәсіпкерсіз. Ал қоғамдық қорға төраға болуыңызға, рухани бағыттағы шаруаларға ден қоюыңызға не себепші болды? 

— Елбасымыз тарихымызды түгендеуге, өткенімізден әрдайым сабақ алып отыруға бағыт беріп келеді. Сонымен бірге рухани түлеуімізге қатысты істерге жан-жақты қолдау да жасауда. Өз басым бұл мүмкіндікті әрбір қазақ баласы дұрыс түсінуі керек деп ойлаймын.

Екіншіден, кейінгі жиырма бес жылдың ішінде талай игілікті істер атқарылып, ел арасында кейінгі ұрпаққа өнеге болар тәрбиелік мәні зор талай шаруа тындырылды. Солардың ішінде бірқатарына әр түрлі деңгейде араласып келемін. Біраз тәжірибе де жиналғаны рас. Ал мұндай іс-шараларға тікелей араласуыма  алдыңғы буын ағаларымыз Рамазан Нұржанов, журналист Ұзақбай Қауысов себепші болды.

Рамазан аға ерте жастан еңбекке араласып, ерте ой түйіп, бой түзеген, ел басқарған, елдің ардақтысы атанған, парасаттылығы мен қоғамға пайдасын көп тигізген адам. Оның үстіне өзі тарихшы, өмірінің соңғы сәтіне дейін ел мен жерді қадір тұтқан жан. Әкемнен тәлім-тәрбие алған шәкірттерінің бірі еді. Қоғамдық қорға жетекші болуымның негізгі бір себебі — сол ағалар бастаған дүниелерді жалғастыру қажеттігінен туындады.

«Ер Едіге» қоғамдық қорын құруға негіз болған себептер және қоғамдық қордың негізгі бағыт-бағдары туралы айтып берсеңіз.

— Мен өңірдегі қолға алынған қоғамдық іс-шараларға сонау тоқсаныншы жылдардан бастап, Тама Есет Көкіұлына арналған ас беруден араласып келемін. Ол кезде елдің жағдайы бүгінгідей емес. Кеңшарлардың негізінде құрылған коперативтердің жұмыстары жүрмей, елдің еңсесі түскен кезең ғой… Өзім елден, туған ауылымнан ерте кетіп қалған жағдайым бар, біреуден ілгері, біреуден кейін жүріп күн көруге тура келді. Шағын кәсіпкерлікпен айналыстым. Әр түрлі деңгейдегі адамдармен араластым.

Қажырлы еңбектің арқасында қолға алған тірлігіміз өз жемісін де бере бастады. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп дана халқымыз айтқандай, ерінбей еткен еңбектің арқасында, қолда бардың нәтижесінде елмен араласа бастадық. Жан-жағымызға қарастық. Өзімізден өрген ұрпаққа, бала тәрбиесіне де көңіл аударатын кез келгеніне көз жеткіздік.

Міне, осы ойлардың түйіні қолдан келген мүмкіндіктерді ортақ іске жұмсау деп шештік. Бұл бағытта мен, әрине, жалғыз емеспін, ақылшы ағаларым бар алдымда, белдеуде байлаулы тұрған жарау аттай бауырларым бар жанымда. Артымыздан еріп келе жатқан ұландарымыз бар. Осы тұс еңсеріп еңбек етіп, айналаға өнеге көрсетіп, елге аянбай қызмет етуге тура келген уақыт болып тұр. Оның үстіне ағалық жастан да өтіп бара жатқан жағдайымыз бар. Осының бәрі елдік шаруаларға араласуға түрткі емей немене?!

Ал енді «Ер Едіге» қоғамдық қорының негізгі бағыт-бағдарына келер болсақ, ол, әрине, жалғыз менің ойымдағы дүние емес. Ол осы қоғамдық қордың құрылуына себепші болған азаматтардың ой-орамынан пайымдалған жоспарлар. Жалпы Едіге — тарихта болған адам. Болғанда да тарихтағы өз орнын биіктен көрсете білген — белгілі тұлға.

Едіге өмірден өткеннен кейін-ақ, оның жылнамалық өмір деректерін алғашқылардың  бірі болып жазған Ибн Араб Шахтан бастап кешегі кеңес дәуірінің тұсындағы ойшылдарымыз бен бүгінгі ғалымдарымыздың тұжырымдауынша — өз тұсында Едіге Алтын орданы билеген, кейін Ноғай ордасын құрған мемлекеттік деңгейдегі адам. Ақсақ Темір мен Тоқтамыспен үзеңгілес болып, өз заманының тарих аренасына шыққан би және батыр… Оның өмірі де, ерлігі мен билігі де басқа халықтарды айтпағанда, бүкіл түркі тілдес халықтар арасына үлгі болған.

Ал бүгінгі біздің тірлігіміз — ерлік пен билікті үлгі ете отырып, егеменді еліміздің еңсесінің көтерілуіне үлес қосар ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін қыруар жұмыс істелінуі керек. Міне, осы бағытта өз үлесімізді қосамыз деген мақсатта құрылған бұл қоғамдық қордың жоспары үлкен.

Соның ең бастысы — насихат мәселесі. Газет-журналдарда ғылыми тұрғыдағы биік деңгейлі туындыларды жария ету. Ескерткіш қою, көше атын алу және де Едігенің жыры арқылы оның ерлігі мен өрлігін орта білім айналымына енгізу.

— Жоспарларыңыз ауқымды екен. Белгіленген іс-шаралардың орындау уақыты бар ма? Сонан соң мемлекеттік деңгейде, әкімшілік ауқымда қолдау қай деңгейде?

— Жалпы қандай деңгейдегі қоғамдық қор болса да, оның жұмысын жүргізу өте күрделі. Біздің «Ер Едіге» қоғамдық қорының бүгінгі таңдағы мүшелерінен құралған әр салаға бөлінген салалы топтарымыз жұмыс істеуде. Мысалы, көп жылдан бері осы Ер Едіге негізін ғылыми тұрғыда зерттеп, насихаттап жүрген филология ғылымының докторы Жұбаназар Асанов ғылыми жағына жетекшілік етуде. Оның бұл бағыттағы танымдық-тағылымдық зерттеулері «Ақтөбе» газетінің оқырмандарына жақсы таныс.

Облыс көлемінде насихаттау жұмыстарымен Аманғали Мұхамбетулин, Мұздыбай Сәңкібаев секілді азаматтар шұғылдануда. Өткен 2017 жыл өңіріміздің біраз аудандарда Едіге батырды насихаттау жылы болды.

Ақтөбе қалалық әкімшілігі Едіге батырға арналған ескерткіш қою мәселесін қарастыруда. Қала өсіп келеді, батыр ескерткіші еңсесі биіктеу жерден қойылса деген ойымыз бар.

Сыртқы аумақтарда да бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Әлемнің түпкір-түпкіріндегі Едіге батыр ұрпақтарының көпшілігімен тікелей байланысымыз бар. Бұл күндері бірқатар министрліктер тарапынан қолға алған ісімізге қолдау көрсетілуде.

Қоғамдық қор құрылғалы Ер Едігенің тарихи өмірін баяндайтын бес-алты кітап шығарылды. Баспасөз беттерінде Едігенің болмысын бейнелейтін мақалалар жарық көруде.

Облыстың барлық аудандарында Ер Едігеге байланысты тарихи-танымдық ғылыми конференциялар өткізілді.

Алдағы көктемде С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің ұйымдастыруымен өткізілетін үлкен ғылыми жиынға түркі әлемінің беделді ғалымдары келеді деп күтілуде.

Республикалық баспасөз беттерінде Едіге би, Едіге батыр, Бектердің Бегі деген тақырыптарда Едігенің туған, дүниеден өткен, жерленген жерлеріне байланысты әр түрлі пайымдауларды оқып-біліп жүрміз. Осыған байланысты қандай алып-қосарыңыз бар?

Бұл сұрақтың жауабы бізден бұрын кейінгі ұрпақ үшін де маңызды. Соған байланысты айтарымыз: біздің, яғни Қордың атынан Едіге батыр мына жерде туды, ана жерде өлді, анау жерге жерленген дегеніміз қиындау болар. Біріншіден, бұл шаруамен тікелей айналысып жүрген ғалымдар бар, екіншіден, жазба деректердегі көрсетілген жер атауларына және оқиға болған өңірлердегі мәліметтерге сүйеніп айтып жүргеніміз рас. Жұбаназар Асанов бастаған ғалымдар осы мәселенің дәлелін келтіріп, соқырға таяқ ұстатқандай дәріптеп келеді. Ол кісінің деректерін ғылым ордасындағы орта ғасырды зерттеп жүрген тарихшылар, археологтар және антраполог ғалымдар да құптауда.

 Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button