«Бақытты бала»Білім

Биыл балаларға барлық жағдай жасалады

Брифинг

Сейсенбі күні «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның қатысуымен өткен брифингте облыста жүзеге асырылатын «Бақытты бала» жобасы туралы айтылды.

Брифингте Ербол Нұрғалиев журналистерге «Бақытты бала» жобасының мақсаты мен жоба аясында жасалатын іс-шаралар туралы баяндады.

— Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының ұсынысымен биылғы жыл Балалар жылы болып жарияланды. Сол себепті облыста «Бақытты бала» жобасы әзірленді. Жалпы бұл жылы барлық жағдайды балаларға жасауымыз керек. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз бар. Сондықтан іс-шаралардың барлығы балалардың жақсы дамуына, сапалы білім алуына, бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталады.

Қазір облыста балаларға арналған бірқатар ғимараттар салынуда. Оның ішінде емхана, аурухана, орталықтар бар. Биыл облыс бойынша Ақтөбе қаласында және аудан орталықтарында балаларға арналған алаңдар салынады. Сондай-ақ осы жоба аясында мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдау көрсетіледі.

Жобаның өз логотипі бар. Логотипті мамандармен ақылдасып, байқау ұйымдастырып, қабылдаған болатынбыз. Сондай-ақ бұл жобаны іске асыру үшін халықаралық ұйымдармен келісім бар, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, жобаны іске асыруға жергілікті атқарушы органдармен қатар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры, «Samruk Kazyna Trust» қоры, «Балаға мейірімді қала» қоғамдық бірлестігі, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы, «Бауыржан» қайырымдылық қоры, «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі, т.б. қатысады.

Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, «Бақытты бала» жобасы 8 топтамадан тұрады. Әр топтама бойынша облыста нақты іс-шаралар ұйымдастырылып, әлеуметтік ғимараттар, балаларға арналған алаңдар, лагерьлер, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы сауықтыру орталықтары салынады.

Жоба аясында алдағы уақытта облыста балаларды мектептен тыс қосымша білім берумен қамтуды 40 пайызға арттыру, 218 балабақша мен 243 мектепті интерактивті жабдықтармен жарақтандыру, робототехниканы дамыту мақсатында ресурстық орталықтар ашу, сондай-ақ «қиын» балалардың мәселелерін шешу жоспарланып отыр, — деді Л.Оразбаева.

Брифингте Ләззат Оразбаева «Бақытты бала» жобасы аясында облыста атқарылатын жұмыстарға жан-жақты тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Брифинг соңында облыс әкімінің орынбасары мен басқарма басшысы журналистердің сауалдарына жауап беріп, өз ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Д.ТАУАНОВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button