Рухани жаңғыруӘлеумет

Мәңгілік ел болу жолындағы маңызды қадам

Латын әліпбиі

Қазақстан Республикасы Президентінің 20 ақпандағы Жарлығы бойынша әліпбиіміз жаңа редакцияда жазылатын болып шешілді.

«Диграфтық» және «апострофтық» нұсқаларға қарағанда, бұл нұсқаға халық көбірек қолдау білдіріп жатыр. Мұнда дәйекшелер саны азайған, бұрынғы нұсқаларға қатысты сын-ескертпелер ескеріліп, оң өзгерістер орын алған. Әрине, 10, 11-қатарларда тұрған дыбыстардың таңбалануындағы ұқсастық немесе латындағы «С» әрпінің мүлде қолданылмай қалуы оны әлі де жетілдіре түсу керектігін білдіреді. Мысалы, кезінде профессор Құдайберген Жұбанов осы «С» әрпін «Ш» дыбысын таңбалауға қолданған екен.  Дегенмен, алдыңғы нұсқамен салыстырғанда, бұл — алға жасалған қадам, енді жаңа әліпби бойынша жазу емлесі әзірленіп, қазіргі жазуымызда қиындық келтіріп жүрген кейбір мәселелер оң шешімін тапса дейміз.

Елбасы 2012 жылдың желтоқсан айында жария етілген «Қазақстан — 2050» Стратегиясында да, өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында да 2025 жылдан бастап барлық салада латын қарпіне көшуді бастайтынымызды айтты. Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» — деп атап көрсетті. Сонымен қатар бұл — тілімізді дамытып, сөзіміздің қазақ тілінің табиғи үндесіміне сай жазылуын қамтамасыз ету үшін де өте қажет іс. ХХІ ғасырда, Мәңгілік ел болуға бағыт алған тұста, өз төл әліпбиімізді қалыптастырудың маңыздылығын барша халық түсініп, бұл қадамға қолдау көрсетуі бізді қуантады.

Нұрбол САДУАҚАС,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.

ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ

Өткенімізге көз жіберсек, латын әліпбиі бізге жат емес. Бір кездері осы латын әліпбиін қолдандық. Латын әліпбиіне көшу аяқ астынан көтерілген мәселе емес.

Бұл ел тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келе жатқан мәселе еді. Мәселен, біраз көрші елдер латын әліпбиіне тәуелсіздік алғаннан кейін көп ұзамай көшіп кетті.

Бізде де өткен жылдан бастап әлем елдеріне ортақ жазуға көшуге нық қадамдар жасалды. Барлығы жан-жақты зерттелді, талқыланды. Бұл жағынан көзі ашық азаматтарымыз оның пайдасын дәлелдеді.

Күн санап алға ұмтылып келе жатқан Қазақстан үшін латын әліпбиіне көшу уақыт талабына сай келеді. Оған еліміздің мәдениеті, сауаты, дайындығы пісіп тұр деуге болады. Әлемнің көшбасшы елдерімен тең тұру үшін қай жағынан да дамуымыз керек. Латын әліпбиі — соның бір сатысы. Оған көшсек, ештеңе жоғалтпаймыз, келешек үшін ұтарымыз көп екен.

Президентіміз өз мақаласында рухани жаңғырып, болашаққа бағдар жасау керектігін айтады. Сонымен қатар, жаһандану жолында қанша жаңғырсақ та ұлттық кодты сақтау ең басты ұстанымымыз болмақ. Сол себепті жаңғырудың бір кезеңі де осы латын әліпбиіне көшу болып табылады. Алаңдауға еш негіз жоқ.

Бұған дейін де мемлекеттің мәртебесі үшін талай тәуекелдерге барып, бірталай асуды бағындырған Елбасымыздың Жарлыққа қол қоюы болашаққа басқан тағы бір нық қадам екені сөзсіз.

 Сәрсенбай АМАНҒОСОВ,

аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Ойыл ауданы.

ОҚУҒА ДА, ЖАЗУҒА ДА ЫҢҒАЙЛЫ

Eлбасымыздың латын әліпбиіне көшу туралы Жарлығы еліміз үшін ерекше жаңалық болғаны рас.

Сонау төл тарихымызда қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатыны белгілі. Елбасымыз нақты қадам жасап, өркениеті дамыған елдердің қатарына қосылудың бір белгісі ретінде латын әліпбиін қолдануды ұсынып, арнайы жоспарлармен бекітті. Әрине, таяу уақытта көшу мүмкін емес. Сондықтан 2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін өзінің Жолдауында нақты мәлімдеді.

Қазақ халқынның тарихында бар әліпби бізге жат болмайтыны анық. Бүгінгі күнге дейін қоғамның талқысынан өтіп, саралап, басқа елдердің латын әліпбиіне көшу барысында жіберген қателіктерін біздің ғалымдарымыздың жібермеуін, өзіміздің төл дыбыстарымызды жоғалтып алмай, ерекше мән беріліп қойылуын тапсырған болатын. Осы күнге дейін ғалымдарымыз түрлі нұсқаларын ұсынған-ды. Елбасымыздың осы жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына қосымшада бекітілген әліпбиде байқағанымыздай, Шш (Sh) дыбысы диграфтық таңбамен өзгертілген.  Бұл дыбыс қазақ тіліндегі сөздерде жиі қолданылғандықтан, біздің әліпбиге жат емес. Бастапқы 32 әріп қалған, қазақтың төл әріптеріне ерекше мән беріліп, жаңа үлгіде апострофтар енгізілмеген және диакритикалық белгілер бар. Ол оқуға да, жазуға да ыңғайлы етіп құрастырылған.

Шыңғысхан ТҮМЕНБАЕВ, 

облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы тілдерді оқыту орталығының оқытушысы.

Ақтөбе қаласы.

БҰЛ МЕДИЦИНА ҮШІН МАҢЫЗДЫ

Қазақтың тұңғыш ұлттық әліппесі Ахмет Байтұрсынұлы жасаған нұсқа екені белгілі. Заман талабы бойынша қазір, мінеки, латын қарпін қайта қабылдап отырмыз.

Латын графикасына көшу мәселесін дұрыс-бұрыс деп таласып, дауласудың қажеті жоқ. Себебі, бұл мәселе, менің ойымша, құр даурығу емес. Нағыз ғылыми талдаулар мен ғылыми ізденістер бағытындағы пікірталастардың нәтижесі.

Өйткені латын әліпбиіне көшудің дұрыстығы әлдеқашан дәлелденген. Оны қайталап айта бермеу керек.

Ниеттенген әр адам үшін 32 дыбысты талдап, үйрену аса қиын болмас. Біз енді әр күн сайын сол әріптерді қалай дұрыс жазамыз деген мәселе төңірегінде ойлануымыз қажет.

Латын графикасына өту, біздер үшін, яғни медицина саласы үшін өте қолайлы екені даусыз. Себебі бізде диагноздар мен рецептер, тіпті кейбір лекциялар да латын тілінде жазылады. Сондықтан латын әліпбиін түбегейлі медицина саласына қолдану қажет деп ойлаймын. Ол үшін біраз уақыт жұмсайтынымыз анық.

Бізде бұл істі қолға алу үшін белгіленген уақыт жеткілікті. Демек, оны тиімді пайдалану баршаға бірдей міндет. Тіліміздің тұғырын асқақтату үшін латын әліпбиіне деген түзу көзқарас пен белсенді бетбұрыс жасағанымыз жөн. Бұл мәселеге ел болып жұмыла кіріссек қана тіліміз тұғырлы да ғұмырлы болып қалары даусыз.

Манат НҰРТАНОВА,

орталық аурухана дәрігері.

Ойыл ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button